• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қыркүйек, 2021

Досы – жалғыздық, жауы – сұлулық

378 рет
көрсетілді

Эдгар Дега. Сіз бен бізге бейтаныс суретші. Бірақ дейміз-ау, неге осы француз перзенті жайлы көбірек айтылады. Оның ешкімге ұқсамайтын өмірі, кісікиік кейпі, жүріс-тұрысы, оңашалығы, тіпті тәкаппарлығы туралы қауесет көп. Әйтсе де оның қыңыр-қиғаш болмысына араша түсетін бір ғажайып бар. Ол – мінезіне керағар картиналары.

Ағылшын жазушысы Джордж Мур Дега туралы мақала жазуды ойлап, шеберханасына келгенде даңқты суретші: «Мені жа­йыма қалдырыңыз! Сіз менің киім­ілгіштегі көйлектерімді са­науға келдіңіз бе?», деп дүрсе қоя береді. Қапияда мұндай сөз күтпеген қаламгер: «Жоқ, мырза, бәрі сіздің өнеріңіз үшін...», дей­ді сасқалақтап. Сонда Дега: «Сіз ешқашан көрмеген кар­ти­налардың артықшылығын қалай түсіндіре аласыз? Өнерді тү­сіну үшін сөз қажет емес», деп шығарып салады.

Бірбеткей суретшінің бұл әдеті күні бүгінге дейін сөз болып келеді. Ойлы сонеттер жазып, жас ақын-жазушыларды жанына үйір еткен сұңғыла суреткер жалғыздықты жақсы көрген. Оның дұшпаны – сұлулық. «Барлық қасірет – әйелден» деп түсінген. Ол ол ма, әдебиетпен әуестену суретшілерге кедергі келтіретінін айтады. «Артық сөз суретшіге бос әурешілікті жұқтырады. Ол қо­ғамдық талғамды иненің жасуындай болса да жақсартпайды. Оқырман картинаны газеттен оқыған мақаладан кейін әсерленіп сатып алмайды, өнерден хабары бар әлдебір досының: «Он жылдан кейін бұл картинаны екі есе қымбат болады» деген бір ауыз сөзі үшін сатып алады», дейді бүк­песіз сөйлеп.

Біз мысалға алып отырған осы оқиға суретшінің қандай адам болғанынан хабар беріп тұрғандай. Бұл – оның шығармашылық мінезі. Сенбесеңіз, «Жұлдыз» картинасына көз салыңызшы. Ста­тикалық суретте балери­наның даңқ толқыны мен жұртшы­лық­тың қошеметіне толы сәтін қалай қағып алған десеңізші. Кейіпкері өз өнерінің ләззатына қанық­қан және әуеннің әлдиі мен көрерменнің ықыласынан көкке ұшып кетердей қалықтап тұр.

Биші қыз беймәлім жаратылыс секілді көлеңкесі көрінбейді. Сахнада шыр айналған елестей... Ин­терьер­дің айналасындағы бөл­шек­терді сызбастан бұрын, сурет­ші бишіні жердегі шындық­тан бөліп алғандай. Арт жағындағы балериналар күзгі орманда адасып жүргендей перде ішінде бұлыңғырлау бейнеленген.

Дегастың балетке арналған барлық туындысында әйелдің табандылығы мен батылдығына жанашырлық жасырынып жатыр. Оның сомдаған бейнелерінің ішінде еңбек, бақытсыздық, жа­рақат, кейде өлім тұрғанын аң­дай­сыз. Мұнда бақыттың көз жасы мен балет примасының азабы бар.

Оның досы – жалғыздық, дұш­паны – сұлулық. Сол сұлу­лық­қа өш бола жүріп, оны мәңгілік кейіп­керіне айналдыра алды.