Эдгар Дега. Сіз бен бізге бейтаныс суретші. Бірақ дейміз-ау, неге осы француз перзенті жайлы көбірек айтылады. Оның ешкімге ұқсамайтын өмірі, кісікиік кейпі, жүріс-тұрысы, оңашалығы, тіпті тәкаппарлығы туралы қауесет көп. Әйтсе де оның қыңыр-қиғаш болмысына араша түсетін бір ғажайып бар. Ол – мінезіне керағар картиналары.
Ағылшын жазушысы Джордж Мур Дега туралы мақала жазуды ойлап, шеберханасына келгенде даңқты суретші: «Мені жайыма қалдырыңыз! Сіз менің киімілгіштегі көйлектерімді санауға келдіңіз бе?», деп дүрсе қоя береді. Қапияда мұндай сөз күтпеген қаламгер: «Жоқ, мырза, бәрі сіздің өнеріңіз үшін...», дейді сасқалақтап. Сонда Дега: «Сіз ешқашан көрмеген картиналардың артықшылығын қалай түсіндіре аласыз? Өнерді түсіну үшін сөз қажет емес», деп шығарып салады.
Бірбеткей суретшінің бұл әдеті күні бүгінге дейін сөз болып келеді. Ойлы сонеттер жазып, жас ақын-жазушыларды жанына үйір еткен сұңғыла суреткер жалғыздықты жақсы көрген. Оның дұшпаны – сұлулық. «Барлық қасірет – әйелден» деп түсінген. Ол ол ма, әдебиетпен әуестену суретшілерге кедергі келтіретінін айтады. «Артық сөз суретшіге бос әурешілікті жұқтырады. Ол қоғамдық талғамды иненің жасуындай болса да жақсартпайды. Оқырман картинаны газеттен оқыған мақаладан кейін әсерленіп сатып алмайды, өнерден хабары бар әлдебір досының: «Он жылдан кейін бұл картинаны екі есе қымбат болады» деген бір ауыз сөзі үшін сатып алады», дейді бүкпесіз сөйлеп.
Біз мысалға алып отырған осы оқиға суретшінің қандай адам болғанынан хабар беріп тұрғандай. Бұл – оның шығармашылық мінезі. Сенбесеңіз, «Жұлдыз» картинасына көз салыңызшы. Статикалық суретте балеринаның даңқ толқыны мен жұртшылықтың қошеметіне толы сәтін қалай қағып алған десеңізші. Кейіпкері өз өнерінің ләззатына қаныққан және әуеннің әлдиі мен көрерменнің ықыласынан көкке ұшып кетердей қалықтап тұр.
Биші қыз беймәлім жаратылыс секілді көлеңкесі көрінбейді. Сахнада шыр айналған елестей... Интерьердің айналасындағы бөлшектерді сызбастан бұрын, суретші бишіні жердегі шындықтан бөліп алғандай. Арт жағындағы балериналар күзгі орманда адасып жүргендей перде ішінде бұлыңғырлау бейнеленген.
Дегастың балетке арналған барлық туындысында әйелдің табандылығы мен батылдығына жанашырлық жасырынып жатыр. Оның сомдаған бейнелерінің ішінде еңбек, бақытсыздық, жарақат, кейде өлім тұрғанын аңдайсыз. Мұнда бақыттың көз жасы мен балет примасының азабы бар.
Оның досы – жалғыздық, дұшпаны – сұлулық. Сол сұлулыққа өш бола жүріп, оны мәңгілік кейіпкеріне айналдыра алды.