Бұрын солтүстікқазақстандық шаруалар мал өсіруге құлықсыз, тек құнарлы топырақты егіске пайдалануға құштар болатын. Тіпті егіс алқаптарын кеңіту үшін ішінара жайылымдық жерлерді, орман алқабының маңын жыртып, қосып алатын. Егінді көктемде егіп, жаз бойы бірер рет арамшөптен тазартумен ғана айналысатын шаруа күзде бұйырғанын жинап алып, астық сатумен ғана айналысты. Бұл тәулігіне 16-18 сағаттан қол үзбеуге тура келетін мал өсіруге қарағанда әлдеқайда жеңіл.
Ішкі нарықта ет, сүт өнімдері бағасының күрт қымбаттауы Үкіметті алаңдатып, осы саланы қолдау қолға алынды. Мал шаруашылығын дамыту бағытын Үкімет бірнеше жылдан бері нысаналы түрде ұстанып келеді. Биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібінен түсірмеуді талап етті. Нысаналы бағыт арқылы берілген жеңілдетілген несие мен субсидия кешікпей-ақ нәтижесін бере бастады. Солтүстік Қазақстан облысында қазір 600 мың тонна сүт өндіріледі. Соңғы бес жылда өңделген сүт көлемі 34 пайыздан 53 пайызға дейін артты. Бұл әрине, айтарлық табыс.
Жуырда осы табыстың сыр-сипатын жеткізу үшін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Солтүстік Қазақстан облысында өзінің көшпелі баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, «Дайындық» ЖШС директоры Біржан Шәймерденов, «СКА-Агро-2050» ЖШС құрылтайшысы Анатолий Рафальский қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
М.Тасмағанбетов облыста ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бойынша 185 млрд теңгенің 103 инвестициялық жобасының 36-ы биыл іске асырылып жатқанын жеткізді. Алдағы бес жылда барлығы 30 мың басты қамтитын тауарлы сүт фермаларын 50-ге жеткізу көзделген. Ет өндіру бағыты бойынша 12 мал бордақылау алаңы және 12 асыл тұқымды мал өсіру орталығы, 7 қой фермасы, сонымен қатар жылына 6 мың тонна ет беретін 2 бройлерлік құс фабрикасын салу жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығын дамытудың қуатты әлеуетіне қол жеткізіп, тамаша мүмкіндіктерге ие болды. Өңірде ауыл шаруашылығына арналған 7 млн 313 мың гектар жер көлемі бар. Соның 5 млн гектары егіс болса, қалған 2 млн гектары – жайылым. Бүгінгі таңда облыс еліміздің астығының төрттен бірін, дәнді дақылдарының үштен бірін, жұмыртқаның 11 пайызын, сүтінің 10 пайызын, етінің 5 пайызын беріп отыр. Қазір облыста 100-ден артық шаруашылық сүт өндірумен айналысады. Соның ішінде 21 цифрлы тауарлы сүт фермасы бар. Соңғы үш жылда оның 12-сі салынып, пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы бекіткен облыстың Әлеуметтік-экономикалық дамуының екінші кешенді жоспары аталған табысқа жетуге ұшан-теңіз шарапатын тигізіп отыр. Үкімет тарапынан берілген субсидиялар мен салықтық преференциялар шаруалардың дами түсуіне мүмкіндік беруде. Мысалы, 2018 жылдан бері Аграрлық несие корпорациясы 8 шаруашылықты 7 млрд теңгеге қаржыландырды. Облыстың ішкі қаржысы есебінен 4,5 млрд теңгеге 14 жобаның шығыны көтерілді. Республикалық бюджеттен кешенді жоспардың аясында 5,1 млрд теңгенің 7 жобасы қаржыландырылған. Осы қолдау арқылы облыс жылына 1 млн тонна сүт өндіруге қол жеткізуді межелеп отыр. Бұл үшін жоғары өнімді, асыл тұқымды мал мен жоғары өнімді сауын технологияларын жеткізу індетке қарамай тұрақты арнаға түсіп, жалғасып жатыр. Биыл облыс шаруашылықтары 10 мыңнан астам сүтті және етті қара мал жеткізуді жоспарлаған. Бүгінге дейін соның 3 мыңнан астамы жеткізілді.
Иван Зенченконың тауарлы сүт фермасында бір тәулікте 14 тонна сүт сауылады. Мұндай фермалардың саны қазір 16-ға жетті. Жыл соңына дейін 5,2 мың сиыр сауатын 10 фермаға жеткізілмек. Тауарлы сүт фермаларын салу мен оның өзіндік проблемалары жөнінде А.Рафальский мен Б.Шәймерденов те өз тәжірибелерімен бөлісті. «Мал шаруашылығы өте күрделі болғанымен оны шебер ұйымдастыра білсе, еш қиындығы жоқ. Табысқа да, рентабельділікке де жетудің негізі – жұмысты дұрыс ұйымдастыра білу. Сонымен бірге егіс шаруашылығындағы жұмыскерлер көктемгі егіс пен күзгі орақтан кейін жұмыссыз қалғанда оларға мал шаруашылығының үзілмейтін шаруаларын тапсырып, еңбекақыларының үзілмеуін қамтамасыз етеміз», деді А.Рафальский.
Ол мал шаруашылығымен айналысудың сырларын Канада мен Еуропа елдеріне барған сапарында үйренгенін айтты. «Бұрын біз жоғарыдан түсірілген әдіспен ғана жұмыс істеуге машықтанып, ештеңе ойламасақ, енді өзіміз озық әдістерді дамыған елдерден үйрендік. Әрине, бәрін бірдей бойға сіңіре алмадық, бірақ жылдар өткен сайын шеберлігімізді ұштап келеміз», деді маман.
Біржан Шәймерденовтің «Дайындық» ЖШС-і – облыстағы озық ферма. Онда қазір 1 мыңнан аса сиыр сауылады. Біржан Әбділманұлы «сиырдың сүттілігі – тілінде» деген халық нақылын еске алып, өнімді көп алу үшін ең алдымен жем-азықтың қуатты, сіңімді, тәбетті болуына назар аударуы керегін айтты. «Сондықтан екі жылдық жем-азық қорын дайындадық. Сонымен бірге төлді аман сақтау үшін алдымен он күн уыз сүтін еміземіз. Одан кейін екі ай бойы айрылмаған ақ сүт ішеді. Сонда төл тез жетіліп, жедел өседі. Одан әрі бес айға дейін құрғақ сүт беріледі. Осыдан соң етке бағытталатын еркек бұзаулардың тәуліктік салмақ қосуы кем дегенде бір килодан болады», деді ол мал басын сақтау мәселесі туралы тәжірибесімен бөліскенде. «Дайындық» ЖШС-де тәулігіне 600-дей сиыр сауылып, 10 мың тоннадай сүт тапсырылады. «Бұл – күн сайын фермамыз сүттен ғана 2 млн теңгедей ақша табады деген сөз. Бір аптада 12-13 млн теңгедей түседі. Бұл шаруашылықтың басқа салаларын дамытуға үлкен пайда келтіреді. Сондықтан сүт өндіруді ұлғайта түсеміз», деді ол. Ферманың сауыншылары айына 400 мың теңгеге дейін, малшылары 250-280 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Сондықтан да аталған кәсіпорын орналасқан Дайындық ауылында бос жұмыс орындары жоқ көрінеді.