• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Қазан, 2021

Диккенстің Лондоны

711 рет
көрсетілді

Егер жұмақ пен тозақ көршілес болса, онда махаббат пен ғадауат та солай. Бірін-бірі аңдып күнелтетін сыңайлы. Бұған мысал ретінде әлемдегі көптеген оқиғаны айтуға болады. Әдебиет пен оған бодаусыз еңбек еткен тұлғалардың өмірі, қызықты оқиғалары мен шығармашылығы туралы ізденіс жасау біз үшін әрқашан қажет үрдіс. Мейлі, қаншама жылдар өтсін, қағаз бетіндегі еңбекті жел ұшырып, жаңбыр шайып немесе тасқын ағызып кеткені жоқ. Оның жалғыз ғана «жауы» бар, ол болса – оқырман санасынан өшуі.

Бұл бақытсыздық қалам ұстаған ақын-жазушылардың басым көбін айналып өтпеді. Әйтпесе, Шекспирдің, Вик­тор Гюго, Вилла Сатерлердің дәуірінде жазу­шылықпен айналысқан қаншама қалам­гер болды, өкініштісі, бізге олар­дың жаз­ғандары жетпей қалды, тарих пен уақыт­тың сынынан өте алмады.

Әдебиет әлемінде сөзден мұнара тұр­ғызған жазушылар саусақпен санарлық. Бұл деңгейге оларды құштарлығы, қай­сарлығы мен жігері, ең маңыздысы, ең­бегі алып шықты. Үлкен әдебиет аталатын ағылшын әдебиетінде Шекспирден кейінгі төр Чарльз Диккенске бұйырды. Оның даңқын асқақтатқан романдары, кейіпкерлері, ұшқыр ойы мен білімі, сосын Лондон сияқты мұнарасын күн сүйген шаһары еді.

Чарльз Диккенстің өмірі, шығарма­шылық әлемі, атақ-даңқы бәрі-бәрі Лон­донмен тікелей байланысты. Бұл қала оның барлық романдарында негізгі кө­рініс ретінде бейнеленген. Диккенстің әр романын парақтап қалсаңыз, ар жағынан Лондонның сол тұстағы кейпі, тыныс-тіршілігі менмұндалап шыға келеді. Ро­мандарда көрініс тапқан орындардың Лондондағы орналасуын картографиялау бойынша тексеріп көрсеңіз, Диккенс атаған көптеген мекенжайды қаз-қалпында таба аласыз. Яғни ол романдарына өзіне жиі таныс жерлерді кірістіріп отырған. Әрине, оқиға желісі бойынша.

Диккенстің барлық романдарына, кейіп­керлеріне Лондонның рөлі ма­ңызды болғанын диккенстанушылар көп жаз­ды. Былайша айтқанда, Лондон оның қиялын оятып, сүбелі туындылар жа­зуға жетеледі. 1846 жылы ол жақын досы Джон Форстерге жазған хатында: «Лондон берген шабыт басқа шабыттан бөлек, ол бір күн де мені тыныш отыр­ғызбайды, мені әсем қиялдарға, шытырман шығармашылық әлеміне бастайды» деп жазды. Сол үшін біз Чарльз Диккенс пен Лондонды бөліп қарай алмаймыз. Екеуінің үні бір сияқты. Оның адамдарды, сол кездегі әлеуметтік мәселелерді көр­кем шығарма арқылы беруі де Лондон үшін аса қымбат архив болмақ. Чарльз Диккенс өмірге келген кезде Лондон хал­қының саны бір миллионнан асатын. Бүгінде алып шаһардан Диккенстің кезінде жаяу аралаған ұзын көшелерін табуға болады. Тіпті Лондонда «Диккенс жүрген жолменен» атты туристік жоба бар, сіз осы арқылы Лондонның маңызды жерлерін, тарихи құрылыстарын, ескі көшелерін аралайсыз, көзбен көресіз. Blue Badge туристік нұсқаулығымен экскурсия жасағандар Чарльз Диккенс­тің өмірімен де таныса алады. Чарльз Диккенс өзінің ерекше бақылау қабілетін өмі­рінің көп бөлігін өткізген осы қалаға арнады. Ол үнемі қала көшелерімен әр күні 10 немесе 20 миль жаяу жүреді екен, ал оның ХІХ ғасырдағы Лондонның сипаттамасы сол қалпында қағазға түскені де тарихтың бір құпиясы. Виктория стиліндегі Лондонның көрікті жерлерін білуге, өзіне тән әуені мен өзгеше иіс­терін сезіну үшін өткен ғасырларға сапар ше­гудің қажеті жоқ, тек жазушы Чарльз Дик­кенстің романдарын оқысаңыз жетіп жатыр. Оқырман үшін де, Лондон үшін де бұл таптырмас мүмкіндік.

Зерделеп қарасақ, Диккенс Лондон­ның сол шақтағы әрбір маңызды жерле­рін ебін тауып шығармасына кірісті­ріп отырған. Бұл Лондонды сүйген, өзін оның асыл перзенті санаған жазушы үшін өскен ортасына деген шексіз құрмет­тің белгісі дер едік. Ол он төрт романында Лондондағы Вестминстер сарайын (Пар­ламент үйлері мен Вестминстр залын қам­тиды) артқы көрінісі етіпті. Себебі бола­шақ қаламгер өзінің еңбек жолын парламенттік репортер ретінде бастаған, сон­дықтан оның шығармаларында Вест­министр сарайының бейнеленуі заң­дылық. Ал оның аяқталмаған «Эдвин Друд» және «Үлкен үміт» атты роман­да­рын­да Вестминстр көпірінің сол тұстағы бейнесін айтады. Ал Әулие Пол шіркеуі, Англия банкі, Ковент Гарден базары, Холборн және Холборн көпірі, Лондон көпірі, Челси, Хаммерсмит көпірі, Ескі Бэйли, Храм, Лондон мұнарасы сияқты тарихи орындар Диккенстің тоғыз рома­нының эпизодтарында көрініс табады.

Өзі таңдаулы шығарманың бірі деп бағалайтын «Кішкентай Дорритте» Дик­­кенс Лондондағы жаңбыр аралас бо­ранды былай сипаттайды: «Мұнда жаң­бырдың мыңдаған хош иісі пайда бол­ды, әрбір тамшы өсудің немесе өмір­дің қандай да бір әдемі бар екенін сезін­дірердей. Жаңбырдан кейін қаладағы жағымсыз иістер аспанға ұшардай».

Басқа ағылшын жазушылары да өз шығармаларында Лондонның тарихын қамтыды, осы аңыз қала туралы көп­теген прозалық шығармалар, өлең-поэмалар жазылды, бірақ ешқайсысы Диккенс сияқты аталған қаланы үлкен тақырыпқа айналдыра алған жоқ. Чарльз Диккенс бұл жағынан ұтып тұр. Қала, адам, табиғат оның шығармашылығының маңызды үш тірегі. Әдебиетші Эндрю Сандерс бір сөзінде: «Ол (Чарльз Дик­кенсті айтып отыр) Лондонға ерекше көз­қараспен қарады. Құдды Лондон оның шығармашылығындағы басты кейіп­кер болды» дейді. Демек, Лондон жазу­шының қиял әлеміне өз қиялын қо­сып, көркем шығармада не бір сәтті образ­дар жасап шықты дегіміз келеді. Күн сайын дамыған қала қаламгердің досына айналып, қызығушылығын оятты. Күнделігінде Диккенс Виктория жазу­шысы Уолтер Багехотке: «Келесі ұр­пақ үшін өзін арнайы тілші сияқты сезі­нетінін» айтады. Әрине, оның алдында күллі ағылшын әдебиетін әлемге таныту, «Екі қала ертегісін» жазу, тіпті, жаһан оқырманын ағылшын туындыларына тәнті ету міндеті тұрған еді.

Темза өзені ғасырлар бойы Лон­дон­ның қаны, мәңгі сарқылмас байлығы бо­лып келді. Енді сол байлыққа Чарльз Дик­кенстің ұлы шығармалары келіп қо­сылды. Римдіктер дәуірінен бас­тап лон­дондықтар Темза өзенінің арқасын­да жақ­сы күн көрді. Яғни ағылшын әле­мінде бү­гінде екі Темза қаланы қақ айырып толас­сыз ағып жатыр. Бірі тарихтан бел­гілі Темза өзені, екіншісі Диккенстің романдары. Екеуі де қазіргі ағылшын мәдениетінің символы.

Біз айтып отырған Темза да Диккенс­тің шығармасынан таса қалған жоқ. «Үл­кен үмітте» Пип қайықпен жүзу мүм­кіндігін пайдаланып, Мэгвичті Темза арқылы елден заңсыз алып шығуға да­йын­далады, мұның соңы су үстіндегі кү­­реске жалғасады. Диккенстің соңғы жазған «Біздің ортақ досымыз» романы Темза сушыларына арналған, олар суға батып кеткендердің мәйіттерін өзеннен іздейді. Сол шақта Темза өзені сауда мен байлықты қамтамасыз еткенімен, кейде өлім мен ауруды да тасымалдаушы болды. «Кішкентай Дорритте» Диккенс Темзаны өлім мен аурудың жаршысы ретінде «ажалға бастайтын кәріз» ре­тінде сипаттайды.

Бір дәуірдің соңы, жаңа ғасырдың басы, 1901 жылы Виктория патшайым­ның өлімімен Виктория дәуірі аяқтал­ды. ХІХ ғасырдың көптеген жетімсіздігі жаңа­ша білім беру, технологиялық және әлеуметтік реформалар арқылы түзетілді. Әрине, бұған Чарльз Диккенстің танымал романдары көтерген әлеуметтік таным үлкен әсер етті.

Диккенстің данышпандық ойлары қала дамуына да оң ықпал жасады. Оның жиі баратын жері Лондонның Флит көшесіндегі Ye Old Cheshire ірім­­шік дүкені еді, 1666 жылғы үлкен өрт­­тен кейін қайта салынған көне үйге Дик­­кенс «Екі қаланың ертегісінде» арнау­лы сілтеме жасайды. Бұл да тарихтың бір архиві.

Чарльз Диккенс көп жазды. Бірақ Сомерсет Моэмше айтсақ «Нені жазуды жақсы білді». Ол 1836-1870 жылдар аралығында он бес роман жазыпты. Өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер үшін көп емес, бірақ аз да емес. Осы шығармалардың ішінде ағылшын тілінде кең таралғандары «Оливер Твист» пен «Рождестволық Кэрол» романы еді. Соң­ғысы Рождествоны Ұлыбритания мен Америкада мереке ретінде танымал етуі­мен, күркетауық жеу және сыйлықтар беру сияқты Рождестволық кейбір әдет-ғұрыптарды насихаттаумен оқырман арасына танымал кітап болды. Диккенс қаламы бұдан сырт Ұлыбританиядағы кедейлер мен жұмысшы отбасыларының көзқарасын жақтады, әрине, көркем шы­ғар­ма арқылы. Ол өзі еңбек еткен журна­листика саласында осындай мәселелер туралы жиі хабарлады. Бар ойы – байлар мен кедейлер арасындағы әділетсіздікті жою. Оның көптеген кітабында кедей кейіпкерлер жеңіске жетеді, бұл сол кездегі қаламгердің өз ойы деуге толық негіз 

бар. Өйткені Диккенс кедейлік моральдық сәтсіздіктерден туындайды деген Виктория идеясына әдейі қарсы тұруға тырысты. Демек, Лондон оған сәтті шығармалар жазуға шабыт беріп қана қоймастан, қоғамда азаматтық көзқарас айтуға дем берді, жігер сыйлады. Тағы да оның артында өнеріне қоса алып Лондон тұрды. Лондон оның арқа сүйері бола алды.

Лондонды сүйген қаламгер «Оливер Твист» атты шығармасын осы қаладағы Доутти көшесі, 48 мекенжайында тұр­ғанда жазды, сол кезде ол небәрі 25 жас­та еді, Оливер Твист оның екінші романы ретінде оқырманға жетті. Жазушы бұл шығармасын жинақы стилдегі ша­ғын кітапшаларға бөліп шығарды. Ай сайын мәлім бөлімін аяқтап, оқырманға ұсынды. Әр бөлімде бірнеше тараулар сөз болды. Кітап сүйер оқырман оның бұл романын дәл қазір біз теледидардан серияларды күн сайын күтіп тамашалайтындай асыға күтіп оқыды. Бұл бір жағынан толық кітапқа қарағанда, әлдеқайда қолжетімді болу әдісін пайдаланды. Әне, сол кезде қарапайым зауыт жұмысшылары­нан ұлы патшайымға дейін Диккенстің шы­ғармаларын оқуға ден қойды. Осыған де­йін күллі әлемді жаулаған Диккенс әлемі осындай қа­ра­пайым әдіспен жүзеге асырылды. Енді Диккенссіз арысын айт­қанда, әлем әдебиеті, берісін айтқанда, ағыл­шын әдебиеті қан-сөлсіз күйге тү­седі. Дик­­кенстің данышпандығы сонда, ол шығар­­маларын жазып қана қойған жоқ, оның екінші жағы саналатын таралым мәселесін де терең оймен шешті.

Стефан Цвейг Чарльз Диккенс туралы мақаласында оны ағылшын оқырманы қалай қабылдағаны туралы: «Оның көне көзтаныстарының бірінің айтуынша, Диккенстің келесі кітапшасын сөмкесіне салып әкелетін пошташыны олар үйле­рінде күтіп, шыдап отыра алмайды екен. Тіпті олар бұл кітапшалар келгенше бір-бірімен шығарма кейіпкерлері тура­лы әңгімелесіп, «Копперфил Дореге үйле­не ме, әлде Агнессаға үйлене ме?» де­ген мәселе төңірегінде дауласады… Пош­ташы келетін күні әрқайсысы өзіне тие­сілі кітапты тезірек қолына алу үшін екі миль жерден оның алдынан шығатын. Олар үйлеріне қайтып келе жатып, жол бойы Диккенстің кітабын оқып келе жатады», деп жазады. Шынында, бұл осыған дейінгі әдебиет жұлдыздарының ішіндегі ең кереметінің басында болған бақ іспетті. Қаласы шабыт берсе, халқы қадір тұтып құрметтесе, оқырманы әр жазғанын қалт жібермей оқыса, жазушы үшін одан артық қандай бақыт бар? Диккенс сол бақытты басынан өткізген дегдар қаламгер.

Оның күнделіктерін парақтасаңыз да, ішінен Лондон туралы жазбаларды таба аласыз. «Бейсенбі 25 шілде, 1827. Сағат таңғы 7:30-ды көрсетіп тұр. Мен өте көңілдімін. Әдемі күндердің бірі – шуақты таң. Менің жатын бөлмемнің терезесі көшеге қараған, екі терезесі де ашық» деп суреттейді ол Лондонның таңғы тіршілігін.

«Оливер Твист», «Қиын күндер», «Күң­гірт үй», «Кішкене Дорритте» жазушы Англия қоғамындағы кей келең­сіздіктерді ешкімнен қорықпастан ба­тыл жазады. Ол көтерген мәселелер кей­­де оң шешімін тауып жатты. Сол үшін де Диккенстің өзі қазір ұлттық инсти­тут­қа айналды. Ағылшын жазушысы Джордж Оруэлл ұстазы Диккенс туралы: «Он жасқа әлі толмаған кезім, мектеп мұғалімдері Диккенспен тым ерте та­ныстырды, тіпті, қайда жүрсем де Диккенс алдымнан шықты. 

Оған ұқ­сап шығарма жазуды да ойлағам. Бірақ жұрт­қа әйгілі нәрсені қайталаудың қажеті ­жоқ еді», дейді. Шындығында Дик­кенс өзінен кейінгі жазушыларға үлкен ­мектеп болды, бәрі соны үлгі тұтты.

Диккенс шығармаларының негізгі арқауы үнемі орта таптың, басқаша айт­қанда, буржуазиялық таптың арасын­да өтеді. Оның романдарын егжей-тег­жейлі зерттеу арқылы біз өзімізге ке­ректі ақпараттармен қоса сол кездегі Лон­дон халқының өмірге деген ынтасын, көз­қарасын, ұмтылысын түсіне аламыз.

Егер сіз Диккенсті оқыған қарапайым оқыр­маннан оның кейіпкерлерін сұра­саңыз, еш ойланбай тізбелеп айтып бере салуы мүмкін. Себебі Диккенс кейіп­керлері ағылшын жұртының өзі, сол тұс­тағы қоғамның мүшесі. «Мен қате­леспесем, «Дэвид Копперфилдті» алғаш оқығанда шамамен тоғыз жаста едім. Алғашқы тараулардағы эмоционал­ды көңіл күйі маған соншалықты жақ­сы әсер етті, сондықтан мен бұл кітап­ты бала жазды деп ойладым. Кітапты ересек адам ретінде қайта оқып көрсе­ңіз, ежелде өмір сүрген алыптар, Мурд­стоун­дар сізге жартылай комикстерге ұқ­сайтынын байқатады, сонда сіз бая­ғыда оқыған бұл шығарманың әлі де ештеңе жоғалтпағанын түсінесіз», деп жазады Джорж Оруэлл. Шынымен Дик­кенс баланың санасында осындай құбы­лыстар болатынын байқай алды.

Оның кейіпкерлерінің өзі жұрт арасына кең тарап кеткені шындық. Адамс, Барделл, Томас сияқты кейіпкерлері­нің есімі оқырман жұрттың ауызынан түспеді. Тіпті адвокаттар сержант Буз­фузды жақсы көретін. Бүгінде көр­кем әдебиеттен, әсіресе ағылшын әде­биетінен тұлға іздегіміз келсе, алдымен Чарльз Диккенске бұрыламыз. Бұл заңды құбы­лыс. Осының бәрін жа­зушыға Лондон сыйлады, оған абырой­ды, атақты да Лон­дон сыйға тартқан деу­ге толық негіз бар.

Диккенстің жүрегіндегі, ойындағы Лондон бейнесі оның төл перзенттері саналатын мәңгілік шығармаларын­да тарих болып сөйледі, ескі күннің, көне қаланың адал ұлы болып іңгәлады. Әр­қашан ескі­нің орнына жаңа келеті­ні шындық. Бірақ ғасырлар өтсе де, әдебиеттегі Диккенс мектебі өз қуатын әйгілеп келеді. Енді оның күшіне ешбір саяси ұйым, жеке тұлға қарсы келе алмайды.

Егер ағылшын әдебиетінде екі үл­кен жарылыс болды десек, соның бірі де біре­гейі Чарльз Диккенстің жа­рылысы еді. Оның әлемі таланттан, ойдан, еңбек­тен және темірдей тәртіптен тұрады. «Егер адамдар өздерін абыроймен ұстаса, онда мына әлем абыройлы болып қалар еді», дейді ол бір сөзінде. Ағылшын жұрты Диккенстің әр көзқарасын оңай қабылдады, өйткені оның әрбір іс-әрекеті, жазған шығармасы халықпен тығыз байланыста болды.

Диккенстік көзқарас ағылшындық көзқараспен бірдей, бұл оның ұлттық дәстүрге терең бойлаған, содан мейлінше сусындаған қаламгер екенін аңғартады. Диккенс көп жыл тұрған Доути көшесі­нен кеткеннен кейін, ол тұрған үйді ­1923 жылы Диккенс стипендиатының ­штаб-пәтері ретінде пайдаланды. Үй 1925 жылы көпшілікке ашылды, Дик-­ кенс пен оның шығармашылығына бай­ла­­ныс­ты маңызды коллекция әлі сақ­таулы ­тұр. Ал Лондондағы Чарльз Диккенс мұ­ра­жайында жазу­шы­ға тие­сілі жиһаз­дар­мен, портреттер­мен және әшекейлермен жаб­дықтал­ған, көрер көзге кәдімгі кезін­дегі Вик­торияның орташа деңгейлі үйі сияқ­ты көрінеді. Лондондағы тарихи орын­дардың біріне айналған бұл мұ­ра­жай сізге 1830-жылдарға ора­луға кө­мектеседі әрі бірден таныс, бі­рақ таң­ғаларлықтай әлемді көруге мүм­кін­дік береді. Ағылшын тіліндегі ең ұлы жа­зушылардың бірі шабыт алған әлемнің, Лондондай алып ша­һар­дың кешегі кел­беті мен бүгінгі бет-бей­не­сін салыстыра отырып, тарихқа көз жү­гіртесіз.

Ағылшын жұртының ардақты ұлы Чарльз Диккенстің 130 жылдығына ар­нал­ған іс-шарада оның атақты порт­реті жо­ғалып кетеді. Бұл портретті 1843-жылдың соңында Маргарет Гил­лис салған екен. 31 жасында әдебиет жұл­дызы ретінде танылған Диккенстің атал­ған портреті Оңтүстік Африкадағы әше­кейлер орталығынан табылады. Осы­дан кейін жоғалып табылған портрет Ұлы­британияға қайта оралып, Чарльз Дик­кенс мұражайына қойылады. Бұл оқи­ғаны да Лондон өз архивіне жазып алды. Таланты асқан жазушының жеке өмі­ріне қатысты мұндай оқиғалар өте көп. Бұл тек соның біреуі ғана.

Сүйіспеншіліктің күші мәңгілік екенін де Диккенс дәлелдеп тұрған сияқ­­ты. Оның шығармашылық бас­тауы Лон­донмен қан­дай байланыс­ты болса, аяқ­талуы да дәл солай. Чарльз Дик­кенс қайтыс болғанда, оның соңында үлкен байлығын айтпағанда, сүйікті жұртшылығы қалды. 1870 жылы 8 мау­сымда ұлы жазушы мәң­гілік сапарға аттанды. Ол «Эдвин Друд» атты шы­ғармасын жазып жатқан сәтте құлап қалады да, сол күйі тұрмайды. Ең соңғы айтқан сөзі «On the ground...» (жерде...) деген сөз екен. Бұл сөзді жатып, дем алуын өтінген қайын әпкесіне айтыпты. Мүмкін, «жерде қағаздарым шашылып қалмасын» дегенді ишараласа керек.

Вестминистрлік мансапты Артур Стэн­ли мемориалдық элегияны оқы­ғанда, жазушы қабіріне қойылған жай­наған гүл­дерді көрсетіп тұрып: «бұл жер бұ­дан былай жаңа әлем мен ескі әлемнің арасындағы қасиетті шекара болмақ, өйткені Диккенс шығармашылығы, өмі­рі тек бізге ғана емес, ағылшын тілін­де сөйлейтіндердің бәріне ортақ» деген ­азалы сөз айтады. Иә, Диккенстің том-том кітаптары, өр мінезі, таңғажайып өмірі бә­ріне ортақ. Тек оның жүрегіне жақын қала Лондон оны туған халқына мәңгілік қызмет ете бермек.