Кеше ғана табалдырығымызды аттап, төрге озған, қойны-қонышы құтқа толы Жылқы жылының ең басты жақсы жаңалығы, айтулы оқиғасы, тарту-таралғысы – Елбасының Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы болды. Бұл Жолдау бұрынғы жолдаулардан өзгерек.
Біріншіден, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыттарын барынша нақтылап және бір сүзгіден өткізіп, миллиондаған жүректерге сенім ұялатып, тың серпін берді. Келешегіміздің кемел, болашағымыздың баянды болуын қамтамасыз ететін тарихи құжаттың күш-қуатын бүкіл әлемге паш етті.
Екіншіден, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жария етілді. Айтыңызшы, Мәңгілік Ел болуды армандамайтын ел бар ма, өзі. Ендеше, үміті үкілі, пейілі ақ, ниеті таза, арманы асыл, қиялы асқақ Қазақ Елі – Мәңгілік Ел болуға әбден лайық. Сонымен бірге, көптің көңілін күпті етіп жүрген осы бір күрделі мәселенің түйіні тарқатылып, тарих парағының жаңа беттері ашылды. Енді Қазақ елі осы идеяның төңірегіне жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен бірлік туын биік ұстанып, әлемдік бәйгеде ат оздыратын болды.
Жолдауда ел тағдырына, ұлт болашағына, мемлекет мерейіне қатысты толыққанды таразыланған тың ойлардың тізбегі тәптіштеліп айтылған. Көзден таса, көңілден тыс, ойдан жырақ бірде-бір мәселе қалмаған, бәрі-бәрі тап-тұйнақтай қамтылған. Әсіресе, ел дамуының локомотиві – инновациялық-индустриялық жобалардың іске асырылуы, білім мен ғылым, медицина мен әлеуметтік саланың әлеуеті, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің өркен жаюы және де өмірлік маңызы бар басқа да мәселелердің бағыт-бағдары нақты айқындалған.
Мен өзім кәсіпкер болғандықтан, Жолдауда айтылған кәсіпкерлер туралы тағылымды ойларға, салиқалы сөздерге аса мән бердім. Елімізде 800 мыңдай шағын және орта бизнес ошақтары 2,5 млн. адамды жұмыспен қамтып, ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Елбасы өз Жолдауында: «Мемлекеттің ең басты тетігі – қазақстандық шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай туғызу керек», деп және бір рет қадап айтты. Айтса айтқандай-ақ, Елбасы бизнестің алғашқы аяқ алысынан бастап осы күнге дейінгі қадамдарын бір сәт те көзден таса, ойдан жырақ қалдырып көрген емес. Біз, кәсіпкерлер Президенттің қамқор пейіліне дән ризамыз һәм қарыздармыз. Бизнестің өркендеуі – елдің көркейіп, өркендеуі деп білеміз.
Өткен жылдың желтоқсан айында әсем Астананың Тәуелсіздік сарайында өткен «Индустрияландыру күні» форумына қатысып, Президентті көзбен көріп, айтқан сөздерін өз құлағыммен тыңдаған едім. Елбасы сөзіне елітіп, бойымды мақтаныш сезімі кернегенін қалай жасырайын. Сол жиында ел Президенті: «Шағын және орта бизнес иелерінің қалтасына қол сұққан шенеунік жемқор ғана емес, ол ел болашағының ең қауіпті жауы», деп атап көрсеткен болатын. Иә, өкінішке қарай, кәсіпкерлерге кедергі келтірушілер әлі күнге жоқ емес. Дегенмен, Президенттің бизнес өкілдеріне деген шынайы қамқорлығы мен ықыласының арқасында бизнестің бағы жанатынына, өмірде өз орнын ойып тұрып алатынына кәміл сенемін.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы – ұлы мұраттарды арқалап, ұлттық сананы серпілтіп, таңбалы тарихымыздың төрінен орын алды. Биылғы Жолдау – ХХІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ елінің жүріп өтетін қиын да сындарлы жолын, бағыт-бағдарын айқындап берді. Биылғы Жолдау – елі сүйген, елін сүйген Елбасының көрегендігін, сарабдал саясат иесі екенін көрсетті.
Ең бастысы, биылғы Жолдау әрбір азаматтың ел мен жер тағдырына бей-жай қарамай, Қазақстанның болашағына аянбай еңбек етуге шақырды.
Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ,
кәсіпкер, «Алпамыс батыр»
қоғамдық қорының президенті.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы