ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында халықты сумен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырма берді, деп жазады Egemen.kz.
«Бірінші. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 9 ірі су қоймасының құрылысы мен 120 каналды қайта жаңарту, сондай-ақ оларды цифрландыру бойынша Жол картасын әзірлеу қажет», деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай ішінде суармалы жерлерде 2025 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша аймақтық жол картасын әзірлеу және жайылымдардағы қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарды, ұңғымаларды жаңарту тапсырылды.
«Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдіктерімен бірге ылғалды жақсы көретін дақылдардың (күріш пен мақтаның) егістік алқабын біртіндеп қысқарту мәселесін пысықтауды тапсырамын», деп қорытындылады Премьер-Министр.