Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жасағының жауынгерлері жыл сайын күрең беретке ие болу үшін күрделі сынақтардан өтеді. Биылғы сынақ Ұлттық ұланның Алматы облысында орналасқан Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өтті, деп жазады Egemen.kz ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сынаққа тәжірибе алмасу үшін екінші рет Беларусь Республикасының арнайы жасағының мамандары келді.
Квалификациялық сынақтар жыл сайын еліміздің әр түрлі климаттық жағдайында өтеді және екі кезеңнен тұрады. Осы жолы еліміздің барлық өңірінен келген күрең берет киюге үміткер 350 әскери қызметші квалификациялық сынақ тапсыруға ынта танытса, олардың тек 73-і ғана ақтық сынға жіберілді.
Алғашқы айналымда үміткерлер арнайы жабдықтармен кедергілер арқылы 25 шақырымды өтіп, 13 нормативті тапсыра жүгірді. Олардың ішінде сулы аймақты кесіп өту, практикалық атыс жүргізу секілді сынақтар болды. Ал емтиханның шарықтау шегі, яғни, соңғы кезеңінде үміткерлер үш күрең берет иегерімен тоғыз минут көлемінде жекпе-жекке түсуі керек болды. Тек осыдан мүдірмей өткендер ғана сынақты сәтті орындап шыққан болып есептеледі.
Биылғы сынақтың қорытындысы бойынша 14 жауынгер ғана мәреге дейін жетіп, күрең берет иегері атанды. Квалификациялық сынақтардың қорытынды кезеңі және сынақтан өткен жауынгерлерге «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісінің символын салтанатты тапсыру шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы және Беларусь Республикасының арнайы жасағының өкілдері қатысты.
Айта кетейік, арнайы мақсат жауынгері үшін күрең берет – шеберліктің биік формасы болып табылады. Оған тек үздіктердің үздігі ғана қол жеткізеді.