Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында пайда болған, тарихы бай және мәдениеті дамыған Шымкентте өзгеріс көп. Әсіресе республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейінгі жылдары. Халқы көбейген, аумағы ұлғайған, құрылыс қарқынды. Ал мәдениеті... Иә, үшінші мегаполис тұрғындарының алғашқы екі миллионды қала халқынан ерекшелігі көп. «Болмыс – сананы анықтайды», яғни адам өзі тұрған жері мен ортасына ұқсайтынын айтушылар аз емес. Бұл орайда қала тұрғындарының мәдениеті жөнінде, әрине әңгіме бөлек. Мәдениет көзі – өнер тұрғысынан алсақ, мегаполис атына лайықты көптеген жұмыс атқарылуда.
Өңірде мәдениет саласына терең сараптама жасалып, сапасын дамыту тұжырымдамасы әзірленген. Оның ішінде түрлі мәдениет мекемелері өнімділігінің негізгі көрсеткішін (КРІ) көтеру жоспары түзіліп, қызықты идеялар ұсынылған. Мысалы, кітапханаларда тек кітап оқып қоймай, тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, театрлар, цирк пен зообақтың жұмысын жаңа деңгейге көтеру жоспарланған. Биыл көктемде еліміз бойынша алғашқы отбасылық кітапхана Шымкентте ашылды. Кітапхананың ерекшелігі – отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда үйірме жұмыстарын жүргізуге, іс-шаралар өткізуге, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамытуға мүмкіндік бар. Яғни тұрғындар кітап оқумен қатар шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, әңгіме-дүкен құра алады. Сондай-ақ жуырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Зағиптарға кітап сыйла» акциясы басталды. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың дыбыс жазу бөліміне келген театр актерлері мен белгілі өнер иелері акцияға өз үлесін қосты. Оқуға ұсынылған 30 автордың ішінде елімізге белгілі және жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары бар. Кітапханадағы кітап қоры 140 мыңнан асады. Оның ішінде 45 611 «сөйлейтін» кітапты тыңдауға болады. Дыбыс жазу бөлімінде бүгінде 677 кітап оқылған, көбейтілгені – 5 931 дана. Жалпы, биылғы бірінші жартыжылдықта кітапханаға келуші оқырмандар саны 83 739 болып, жоспар орындалды. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджеттен кітап алуға 26 млн 257 мың теңге бөлініп, қор толыққан. Қазіргі уақытта қаладағы 42 кітапхананың қоры 1 291 623 данаға жетіп отыр. Жасыратыны жоқ, оқырмандар мен көрермендер қатарының, өткізілер іс-шаралардың артуына пандемия кері әсерін тигізуде. Мысалы, театрларға келуші көрермендер саны биылдың алты айында жоспарланған көрсеткіштің 33%-ын құраған. Яғни жоспарланған 94 258 көрерменнің 30 981-і келген. Бұған бірнеше себеп бар. Сала мамандарының айтуынша, біріншіден, қаңтар-ақпан айларында залдың сыйымдылығы 30%-дан аспауы, наурыз айынан бастап көрермендер саны 100-ден аспауы тиіс болды. Қуыршақ және жасөспірімдер театрында небәрі 96 орын бар. Карантинді талаптарға сәйкес 32 орынға ғана рұқсат берілген. Бұған дейін бұл театр қойылымдарының 90%-ы балабақшалар мен мектептерде өтетін. Қазіргі жағдайда ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен театр ұжымдары жұмысын тоқтатқан жоқ, ізденісін жалғастырып жаңа қойылымдар ұсынуда.
Еліміз егемендік алған 1991 жылы қалада 2-3 театр ғана болса, бүгінде 6 бірдей театр мегаполис мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Олардың ішінде алғаш болып театр маусымын Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры ашса, жуырда орыс драма театрының ұжымы көрермендерімен қайта қауышты. Мегаполистегі қарашаңырақ Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры мен өзбек театры да кезекті маусымын бастады. Шымылдығын 88-ші рет түрген Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры ұжымы жаңа маусымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасымен ашуды жөн санапты. Қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қ.Қасымов. Тарихи драмада ел іргесін бұзбай, бірлігін бекем ұстауға қажыр-қайраты мен парасатын сарқа жұмсаған дана қолбасшы хан Абылайдың ішкі және сыртқы дұшпандармен арпалысы, қазақ елін бір ту астына біріктіруді аңсағаны көрініс тапқан. Алғаш рет бұл қойылымның тұсаукесері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналанған. Бүгінде спектакльдің актерлік құрамында біршама өзгерістер бар. Ал жаңа маусымдағы ең маңызды жаңалық – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Бекболат Құрманқожаев қарашаңыраққа көркемдік жетекші болып келді. Режиссер бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» және У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын осы театр ұжымымен сахналаған. Бір жылдан аса уақыт көркемдік жетекшісіз жұмыс істеген ұжым бұл өзгерісті жақсылыққа балап отыр. Сондай-ақ актерлік құрам «Бекзат» фильмінің басты кейіпкері – Бекзат Саттархановты сомдаған жас актер Самат Әзімқұловпен толыққан. «Театр қоржынында 40-тан астам спектакль бар. Олардың бесеуі балдырғандарға арналған ертегі, хикаяттар болса, қалғаны ересектерге арналған сүйекті қойылымдар. Жыл сайын театр репертуарына 5 қойылым қосылып отырады. Премьераның үшеуі – ересектерге, біреуі – жастарға, біреуі – балдырғандарға арналады», дейді театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург Сая Қасымбек. Қыркүйек айында театр Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы», М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары», А.Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», У.Шекспирдің «Гамлет», М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» туындысын сахналайды. «Көрерменнің қоғамдағы қилы қақтығыстан сәл де болса тыныстау үшін театрға келетінін ескерсек, көкейдегі түйінді сұраққа жауап тауып, жанын жұбатардай қойылымды ұсыну – театрдың басты стратегиялық мақсаты саналады. Театрдың бүгінгі таңда алға қойған жоспары – заманауи тақырыпты көбірек қолға алып, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық спектакльдермен қоржын толтыру. Бұл тарихи қойылымнан бас тартты деген сөз емес, керісінше, кешегімізді сараптау үшін бүгінгі қоғамдағы қордаланған мәселелерді таразылау арқылы, өмір пәлсапасының парқын білу мақсатында жүзеге аспақ. Театрдың жанды ағза іспеттес екенін ескерсек, шығармашылық топ жас актерлермен толықтырылып, жаңарып отыруы шарт. Бұл шарттылықты ескерген театр басшылығы биыл да бірнеше жас маманды жұмысқа қабылдап, актерлік топтың нығая түсуіне пәрмен берді. Әлбетте, «Театр қандай жаңа қойылым дайындап жатыр екен?» деген орынды сұрақ туындары сөзсіз. Театр ұжымы үшін маңызды мәселе де осы – жаңа қойылыммен өз көрерменін қуанту болып саналады. Қазіргі таңда театр ұжымы жас драматург М.Омарованың «Тор» деп аталатын психологиялық драмасына қызу дайындыққа кірісіп кетті. Жаңа жылға дейін көрерменді қызықтыратындай басқа да тың дүниелер ұсынылмақ», дейді Сая Қасымбек.
Ал Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры жаңа 39-шы маусымын Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» қойылымымен ашқан болатын. Театрдың репертуарында бүгінде 44 спектакль бар. Бұл маусымда Уильям Шекспирдің «Гамлеті» алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатты. Биыл актерлік құрам толығып, жас таланттар келген, сондай-ақ театр репертуары жаңа қойылымдармен толығуда. Қыркүйектің соңында Д.Биссетаның «Забытый день рождения или Все кувырком» ертегісі жас көрермендерге жол тартпақ. Театрдың тағы бір жаңалығы – А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада» спектаклі. Премьера қазан айында сахналанады деп күтілуде. Қойылым 16 жастан жоғары көрермендерге арналмақ. Көрермендерін 92-ші мәрте қарсы алған қалалық орыс драма театры Пьер Бомаршенің «Безумный день, или Женитьба Фигаро» комедиясын ұсынды. Негізі жаңа маусымды Гогольдің «Женитьба» туындысымен ашу жоспарланған. Алайда танымал ресейлік режиссер Олег Белинскийдің карантин жағдайына байланысты Шымкентке келе алмауы салдарынан, таңдауды өзгертуге тура келіпті. Алғаш рет Пьер Бомаршенің «Безумный день или Женитьба Фигаро» комедиясы орыс драма театрында 2019 жылы қыркүйекте сахналанған. Бірқатар рөлді сомдайтын актерлердің ауысқаны болмаса, шығарма желісіне еш өзгеріс енгізілмеген. Сондай-ақ театр ұжымы демалыс күндері У.Шекспирдің «Сон в летнюю ночь» комедиясы мен М.Ладоның «Очень простая история» лирикалық комедиясын ұсынды. Ал балдырғандар С.Астраханцеваның «Маленькая история о Маленьком Муке» ертегісін тамашалады. Алдағы уақытта әр жұма, сенбі, жексенбінің кешінде театр ересектерге арналған қойылымды сахналаса, жексенбіде күндіз балдырғандарға ертегі ұсынылмақ. Орыс драма театрының биылғы маусымға арналған жоспары ерекше. Қазан айында А.Пушкиннің «Золотой петушок» ертегісінің премьерасы жоспарланған. Ал қыркүйек айының соңында ұжым Көкшетауда өтетін халықаралық театр фестиваліне гастрольдік сапарға аттанбақ. Онда У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналайды. Сондай-ақ жыл соңына дейін театр көрермендерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған премьера күтіп тұр.
Ел көлеміндегі жалғыз саналатын, 2003 жылы қазанда ашылған қалалық өзбек драма театры 19-шы маусымды Ш.Исаханованың «Тановор» арт этно-фольклорлық қойылымымен ашпақ. Еске сала кетейік, театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, өзбек ағайындардың қуанышын бөліскен-ді. Театрдың ашылуы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 600 мыңға жуық өзбек диаспорасы үшін тілін, салт-дәстүрін сақтап қалуға, ұлтаралық татулықты нығайтуға ықпал еткені анық. Бүгінде театр репертуарында 86 қойылым бар. Оның алтауы осы маусымда көрермендерге ұсынылады. Әр маусымда қоржынға 3 спектакль қосып, премьера әкелу дәстүріне айналған театрдың көркемдік деңгейін көтеру мақсатында еліміздің, Өзбекстанның танымал режиссерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осы маусымда Ш.Исаханованың «Тановор» қойылымынан өзге Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», Софоклдің «Эдип патша», У.Абдрахмановтың «Қайсарлар», Ш.Пардаевтың «Әпендізада», А.Вампиловтің «Періштемен 20 минут», Г.Гориннің «Герострат» спектакльдері сахналанады.
Ал жаңа 13-ші маусым шымылдығын М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясының премьерасымен ашқан қалалық әзіл-сықақ және сатира театры көрермендеріне 15 туынды ұсынбақ. Оның бесеуі – кішкентай көрермендерге арналған қойылымдар. Жаңа маусымға театр тың жоспармен келіпті. Қазан айының соңында У.Әбдірайымовтың «Қауіпті вирус» атты сазды-думанды қойылымы сахналанса, қараша айында театрдың көркемдік жетекшісі М.Айтжановтың режиссерлігімен Л.Симонованың «Алтын дәннің құпиясы» ертегісінің премьерасы ұсынылады. Сондай-ақ театр ұжымы жаңа маусымда жас таланттармен толығуы мүмкін. Олай дейтініміз театр базасында қыркүйектен бастап кастинг жүруде.
Жуырда өнер сапарымен Нұр-Сұлтанда болған Шымкент қаласының опера және балет театры «Домалақ ана» операсын елордалық көрерменге ұсынды. Опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы журналистерге берген сұхбатында пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға ұжым тыңғылықты дайындалғанын айтты. Нұр-Сұлтан қаласына театрдың 170-ке жуық қызметкері келсе, елордадан 50-ге жуық маман мен арнайы аспаптар қосылған. Қазіргі таңда театр репертуарында 19 опера, 3 балет бар. Оның ішінде үшеуі балаларға арналған балет болса, біреуі жастарға арналған мюзикл. Қалғандары түрлі тақырыптағы опералар мен оперетталар. Жыл сайын театр репертуарына 1 опера немесе балет туындысы қосылып отырады. Биыл қала әкімі М.Әйтеновтің қолдауымен тағы екі қойылымның премьерасы күтілуде. Оның бірі – Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсы. Премьера қазан айына жоспарланған. «Домалақ ана» мен «Қамар сұлу» операларының қоюшы режиссері – белоруссиялық Михаил Панджавидзе. Сондай-ақ желтоқсан айында театр ұжымы жас көрермендерге А.Мейірбековтің «Алдар көсе» балетін тарту етпек.