«А» корпусының қызметкерлеріне қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білімін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік жасалды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «А» корпусының қызметкерлері үшін онлайн режимінде қашықтықтан оқытудың инновациялық жобасын іске қосуға бастамашы болды. Осының негізінде стратегиялық жоспарлау мен бюджетті бекітуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы кадрлар менеджментін реттеуге, қажетті шешімдерді әзірлеуге және оны іске асырудың жолдары қарастырылды
Оқытудың соңғы кезеңінде академияның профессор-оқытушылар құрамы курстың тыңдаушылары үшін басшының жеке шеберлігіне қатысты бірқатар тренинг өткізуді жоспарлап отыр.
«Сондай-ақ оқу үдерісінде кейстер дайындауға ерекше мән беріледі. Жалпы, кейстермен жұмыс «А» корпусына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметкерлерге командамен жұмыс істеуге, тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдауға, ақпарат көздерімен және қатаң уақыт шеңберінде жұмыс істей білуге дағдыландырады», - делінген Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «ҚазАқпарат» агенттігі.
Фото: Ortcom.kz.