Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Конгресі Хатшылығының меңгерушісі жаһандық экологиялық қауіп-қатер туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Экологиялық күн тәртібі адамзат үшін маңызды бола бастады. Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі енді теориялық мәселе емес, шындыққа айналды. Бүгінде парниктік газдардың концентрациясы екі миллион жылдағы ең жоғары деңгейге жетті және әлі артып келеді. 1990 жылдан бастап көмірқышқыл газы шығарындыларының жаһандық көлемі шамамен 50%-ға өсті», деді Мәулен Әшімбаев отырыста.
Оның айтуынша, соңғы он жыл тарихтағы ең жылы жыл болды.
«Сонымен қатар, температураның 1 градусқа жоғарылауы астық өнімділігінің шамамен 5% немесе одан да көп пайызға төмендеуіне әкеледі. Температураның көтерілуі мұздықтардың еруіне және теңіз деңгейінің көтерілуіне себеп болып отыр», деді Сенат спикері.
«Бұл жағдайда барлық мүдделі тараптың, бірінші кезекте жауапты саясаткерлердің, азаматтық сектор өкілдері мен рухани және діни лидерлердің күшін біріктіру маңызды. Жаһандық сынақтар мен қатерлерге, соғыс, қару-жарақ жарысы, экстремизм, нәсілшілдікке бірге қарсы тұрып, ғаламшарды бірге қорғауымыз қажет», деп түйіндеді М.Әшімбаев.