ҚР Қылмыстық кодексінің 259-бабының 4-бөлігінің «а» тармағы бойынша сотталған Ресей Федерациясының азаматы өз еліне экстрадицияланды. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Аталған іс бойынша сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды. 2009 жылдың мамыр айының басында сотталған К. қылмыстық топ құрып, есірткі және героин сатқаны анықталды. Қылмыскер ұсталып, Шығыс қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ОВ-156/15 қауіпсіздігі ең жоғары мекемесіне қамауға алынды», делінген хабарламада.
Сотталған ресейлік азамат мерзімінің көп бөлігі аяқталғаннан кейін еліміздің Бас прокуратурасына Ресей Федерациясына экстрадициялау туралы өтініш жазып, онда қазіргі уақытта оның отбасы мен туыстары тұратынын жеткізген.
«ҚР Бас прокуратурасы Ресей тарапынан қажетті ақпарат пен сотталғанды қабылдауға, жазасын өтеушіні экстрадициялауға келісім алды», деп нақтыланған.
Еске сала кетейік, азаматтарды экстрадициялау екі ел арасында жасалған шарттар негізінде жүзеге асырылады. Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан Ресей Федерациясымен, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Армения, Грузия және Тәжікстан елдерімен экстрадициялау туралы келісім-шарттар жасасқан.