Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.
«Ақорда резиденциясында 11 мемлекеттің Төтенше және Өкілетті елшілері Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды», делінген хабарламада.
Сенім грамоталарын Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мухаммад Саид Әл-Арики, Швейцарияның елшісі Дэвид Грихтинг, Ирландия елшісі Брайан Макэлдафф, Мексика елшісі Хосе Луис Мартинес Эрнандес, Жаңа Зеландия елшісі Сиалей Аллегра ван Тур, Албания елшісі Кастриот Робо, Гренада елшісі Олег Фирер, Мавритания елшісі Сид’Ахмед Әл Бекайе Хамади, Тунис елшісі Тарак Бен Салем, Норвегия елшісі Джон Микал Квистад және Никарагуа елшісі Альба Асусена Торрес Мехия тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды еліміздегі миссияларының ресми басталуымен құттықтады.
«Сіздер Таяу Шығыс, Еуропа, Латын Америкасы, Кариб бассейні, Африка және Океания сияқты әлемнің әр бөлігінің өкілісіздер. Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды жақтайтын ел ретінде сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы достық байланыстарды екіжақты форматта да, көпжақты форматта да одан әрі нығайтуға дайын», деді Мемлекет басшысы.
Президент дипломаттардың назарын еліміздің тәуелсіздігінің тарихи кезеңі - 30 жылдығына аударды. Ол қазіргі Қазақстан - ішкі тұрақтылық, сан алуандылықта бірліктің тиімді моделі, серпінді экономикалық өсу мен теңдестірілген сыртқы саясат үшін құрметке ие жетілген және қалыптасқан мемлекет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің заманауи сын-қатерлерді, соның ішінде климаттың өзгеру салдарын еңсерудегі тәсілдеріне тоқталды. Оның пікірінше, Глазгода өтетін Жаһандық конференция аясында қабылданатын уәделердің орындалуы айрықша маңызға ие. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі жоспарлары туралы еске салды.
«Осы айда біз Көміртегінен бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыруға кірісеміз. Жасыл экономиканы қаржыландыру және жасыл технологияға қолжетімділік аталған бастаманы іске асыруда маңызды рөл атқарады. БАӘ, Швейцария, Ирландия, Жаңа Зеландия және Норвегия мемлекеттерімен қатар сіздердің де елдеріңізбен ынтымақтастықты нығайтамыз деген үміттеміз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына да тоқталды.
«Қазақстан азық-түлік тасымалдаудың жаһандық жүйесіне белсенді атсалысады. Біз ауыл шаруашылығы секторын экологияландыруға және тұрақты дамытуға ниеттіміз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болдық және қазіргі уақытта осы ұйымға төрағалық етіп отырмыз. Оның құрамына 1,5 миллиардқа жуық халқы бар 36 ел кіреді», деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара барысында Президент 2010 жылғы ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясында жария етілген жалпы және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығына бейілділігін растап, Албанияның 2020 жылы ЕҚЫҰ төрағасы қызметіндегі тиімді көшбасшылығын құптады.
Президент қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты жанжалдардың алдын алу мен Азиядағы бейбітшілікті қолдау еліміздің сыртқы саяси басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол АӨСШК-тің қауіпсіздік мәселелерін шешуге ұжымдық тәсілдерді әзірлеу үшін өміршең платформа ретіндегі рөлін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай туралы да айтып, осы елдің жаңа билігін зорлық-зомбылықтың, есірткі контрабандасының және бақылаусыз көші-қонның кез келген көріністерінің алдын алу жөніндегі міндеттемелерді орындауға шақырды.
Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстанның Ауғанстандағы тұрақтандыру жөніндегі халықаралық күш-жігерге қосқан үлесі туралы хабардар етті.
«Ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде құны 2,5 миллион доллар болатын 5 мың тонна бидай ұнын жеткізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Мұндай көмек аталған елге тұрақты түрде беріліп отырады», деді ол.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарға табыс тілеп, мемлекет және үкімет басшыларына сәлемін жеткізді.