• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қазан, 2021

Солтүстіктен шыққан Робинзон

358 рет
көрсетілді

Айдың-күннің аманында Тайынша ауданының Дмитриевка ауылының 31 жастағы тұрғыны жоғалып кеткен. Полицияға ұлын тауып беруді өтініп шағынған анасы жігіттің 29 қыркүйекте үйінен өзінің машинасына мініп кетіп, содан бергі үш күнде оралмағанын айтқан. Бұл арада жігіттің не себепті үйінен кетіп қалғаны айтылмайды. Бірақ оның ашумен кеткені анық. Өйткені ашумен кетпеген адам анасына жөнін айтса немесе үш күннен бері бір хабарын берсе керек еді.

Криминалдық полиция бас­қармасы іздеу жұмыс­та­рына Тайынша, Есіл, Қызыл­жар, сон­дай-ақ облыстық поли­ция ап­паратының қыз­мет­­керлерін тартады. Барлық полиция бө­лі­ністеріне бағдарлар жі­бе­рі­ліп, еріктілер мен қоғам­дық бір­лестіктердің өкілдері әлеу­мет­тік желілерде із-түссіз жо­ғалған адам­ның суреттері мен бел­гілері бар жазбалар орналас­ты­рады.

Іздеген жандардың бәрінің ойында жоғалған адамның өлі-тірісін білу ғана болған. Ақы­ры... алдымен жоғалғанның кө­лігі табылады. Жергілікті тұр­ғын­дардың бірі полицияға Торан­ғұл мен Иверск ауылдарының ара­сындағы қара жолда қараусыз қалған «ВАЗ» автокөлігін көр­генін айтады. Ескі көліктің шамасы иесін осы жерге дейін әкелуге ғана жетсе керек.

Содан кейін осы төңіректегі барлық орман мен егіс даласы түгел сүзілген. Оған қыз­меттік-іздестіру иттері, сондай-ақ квадрокоптер ұшу аппараты да тар­тылған. Нәти­жесінде, жігіт қалың орманның ішінде 29 қыр­күйектен 2 қазанға дейін аласа жеркепе тұрғызып алып, түнеп жүргені белгілі болады. Оның денсаулығына зиян келмеген, алайда психологиялық ауытқушылығы бары көрініп тұрған. Осы күндері ол тек алмамен қоректенгенін айтқан. Сөйтіп, ХХІ ғасырдың Робинзоны аман табылып, туыстарына қай­тарылды. Қазір оның үйден кету себептері анықталуда.

Жыл басынан бері Солтүстікте осындай болмаса да басқа себептермен хабар-ошарсыз кеткендер туралы айтылған 323 өтініш түскен. Жоғалған жандардың 318-і бүгінге дейін табылған.