Бүгін ел астанасында Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйымдастыруымен һәм Мәдениет және спорт министрлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Бала дауысы» ән байқауының бірінші финалдық концерті өтеді.
«Қазақстан» орталық концерт залының сахнасында өтетін ауқымды жобада биыл қашықтан өткен іріктеу кезеңнің 17 жеңімпазы өнер көрсетеді. Іріктеуге әр өңірден 8 бен 12 жас аралығындағы 5 583 бала қатысқан болатын. Бүгінгі кеш «Шетелдік және отандық хит әндерге» арналып, жас әншілер танымал туындыларды Илья Башкатовтың жетекшілігімен орындайды. Балалардың өнерін Әли Оқапов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбаев, Бейбіт Көшқалиев және Диана Снегина сынды отандық танымал әншілер бағаламақ. Жанкүйерлер өз дауысын www.baladauysy.kz сайтына кіріп, таңдаған орындаушыға бере алады.
Сондай-ақ VI маусым аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Бала дауысы – ән бұлағы» атты балалар әндері жинағының тұсаукесері өтті.
2016 жылдан бастап «Бала дауысы» байқауы Қазақстанның мәдени өміріндегі ең ірі оқиғалардың бірі болып табылады. Жоба музыкалық дарынды балаларды анықтап, оған қолдау көрсетуді, жаңа балалар әндері арқылы балалар музыкалық шығармашылығын жан-жақты насихаттау және дамытуды мақсат етеді. Сондықтан жинақ балалар репертуарын кеңейтуге, байытуға өз үлесін қосады.
Бұл жаңа әндер жинағына еліміздің өңірлерінен 17 композитор мен 4 ақынның шығармалары енген. Жинақта мәтіндер мен музыкалық материалдар бар, ал дискіде әндердің екі түрлі нұсқасы берілген (дауысы бар және дауысы жоқ фонограма). Айта кетейік, 2016 жылдан бастап Ұлттық «Бала дауысы» жобасы аясында 79 жаңа балалар әні жазылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жинақ балабақшалар мен мекептерге тегін таратылады.
– Бұл жинақ талантты балалар үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Жаңа әндерді орындай отырып, олардың Отанға деген махаббаты мен болашағына деген сенімі арта түседі, – дейді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.
Жинаққа енген ән авторлары – композиторлар Балнұр Қыдырбек, Бекжігіт Сердәлі, Еркін Нұрымбетов, Көмек Ыбрайұлы, Берік Оразалин, Арсен Бейсенов, Марат Сутюшев, Светлана Степурина, Жандос Омаров, Марат Жақыпов, Болат Қохаманов, Майра Аблай, Әли Ермекбаев, Ержан Қорғанбек, Әдилхан Адырбаев, Сәукен Әліш, Айсұлу Тәни арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
– Авторға өз шығармасының кең таралғанынан артық бақыт бар ма! Сондай-ақ осы жобаға атсалысқан барлық композитордың атынан «Жандану әлемі» қорының ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Біз өз әндеріміздің жүректен жүрекке жететініне сенімдіміз. Жинақтағы әр ән – біздің еліміздегі әр отбасына жолдаған ыстық сәлеміміз, ақ ниетіміз, – дейді композитор Айсұлу Тәни.
Ақындар Арасанбай Естенов, Ернұр Сейдахметов, Марат Әдібаев, Алмат Исәділ де марапатталып, жинаққа ие болды.
Осы маусымның жеңімпаздарын 9 қазанда білетін боламыз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Бала дауысы» жобасының 5 жылдығына арналған «Туған күніңмен, «Бала дауысы!» атты гала-концертте өнерпаздар алдыңғы жылдардың финалистерімен бірге танымал әндерді орындайды. Айта кетейік, финалға қатысатын әрбір жас әншіге бағалы сыйлықтармен қатар арнайы мүсінше (статуэтка) табысталады. Ал «Бала дауысы» байқауының гран-при иегеріне Ұлттық өнер университетінде оқу гранты беріледі.