Күй өнернамасының киелі керуені Қорқыт, Ұзақ, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, тағы да басқа ұлы күйшілердің дәстүрін жалғастырған дәулескерлердің арқасында біздің заманымызға дейін біртұтас қалыпта жетуі күйдің өміршеңдігі мен күйші құдіретінде деп ұғынған абзал.
Күй өнері сан ғасырлар бойы талантты ұрпақтары арқылы өз шеңберін кеңейтіп, жаңа ғасырмен үндесті. Ерекше аймақтық, оның ішінде де өзіндік күйшілік мектеп қалыптастырған, рухани мол қазынаға болашақ сыйлаған да осы дарабоздар.
Біз, бүгін осы ортадан тума талантымен күй өнерінің ұлы тұлғасына айналған Қаршыға Ахмедияровтың өнері хақында әңгіме өрбітпекпіз.
Құм Нарынның жағалауын қоныстанып, ел халқының арасында саятшылығымен, қисса-термелерді төгілдіртетін жыраулығымен, қара домбыраны жан серігі қылған күйшілігімен серілік ғұмыр сомдаған Ахмедияр ақсақалдың босағасында өскен Қаршығаның өнерге деген құштарлығы бала кезінен айқын танылды. Ауыл босағасынан-ақ әкесінің қолдауымен, ағасы Қырғи, ауыл мұғалімі Хатимолла Ризуанов, танымал өнерпаздар Шәмшиден Шәріпов пен Қазекеш Мұхтаровтардан алған тәлімі оны өнер ордасына қарай жетеледі.
«Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар. Бәйгеге ұмтылған жас тұлпардай тебініп тұрған жас талант иесі халықтық өнерге деген өз сенімін ұстаздарының тәлім мен тәрбиесінен іздеді. Арманы алдамай консерватория босағасында күй тарту шеберлігі бойынша Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов пен профессор Құбыш Мұхитовтан, оркестр дирижері мамандығы бойынша Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі Шамғон Қажығалиевтен дәріс алды.
Өмірін күй өнерінің қазығына байлаған Қаршыға күйші алпысыншы жылдардың орта шенінде Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас домбырашысы атанғанынан бастап, құлашын биікке сермеді. 1973 жылы оркестрдің концертмейстер атағын иеленді.
1981 жылы Қазақстан өнер шеберлері делегациясы құрамында АҚШ-та болып, Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің ең жоғарғы қабатында Олжас Сүлейменов өлең оқып, Қаршыға Ахмедияров күй шерткенін де америкалықтар зор ықыласпен қабылдаған екен. Елге оралған соң әртістер Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Саттар Имашевтың қабылдауында болғанында Ермек Серкебаев сөз алып: «Қара домбырадан саз сауған Қаршыға күйші талғампаз америкалықтардың алдында баршамызды тума талантымен қорғап қалды» деп інісінің өнерін асқақтата бағалаған болатын. Сол жылы оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, келесі жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атақтары берілді.
Күйшілік өнер мен ұстаздық мамандығын қатар өрге сүйреген аңыз тұлға, Қазақстанның халық әртісі Ахмедияровтың шығармашылығы туралы зерттеу жасаған өнер қайраткерлері оның шығармашылығының төрт бағытта өрбігенін баяндайды.
Қазақтың халықтық музыка өнеріне жаңаша леп әкелген Қаршыға кейіннен қазақ күйшілерінің көшін бастады. Өнердің өзгеге ұқсамайтын салтанатын құрды. Қос ішекті киені ырқына көндіріп, көз сүйсіндіріп, құлақ құрышын қандырар шебер орындаушылығы арқылы өзінің жеке мектебін қалыптастырды.
Оның тағы бір ғажайып қадамы – Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Абыл, Өскенбай, Тәттімбеттер дәстүрінде тамаша күйлер шығарған сазгерлігі. Халқының әуелден-ақ бай мұралы сыр сандығына мәңгі өлмейтін, сөніп-солмайтын алтын қазына құйды.
Дәстүрлі күй жанрын жалғастырып «Ақжелеңдер», «Байжұмалар», «Толғаулар» туындыларын, күйші бабалары мен ұлт қайраткерлеріне арнап «Құрманғазы Ақжелең», «Күй анасы», «Имаш Байжұма», «Нұрғиса», «Ғазиза», «Табыну» сияқты шығармаларын жазды. Ел тәуелсіздік алған жылдардағы қуанышты сәттерде «Елбасы», «Шабыт», «Нарын», «Атырау» күйлері дүниеге келді.
Профессор Қаршыға Ахмедиярұлының халық мұрасын, өткен ғасырлардағы дала сазгерлерінің қалдырған қазынасын зерттеген ғылыми еңбектері қазақ музыкасының қорына мол мағлұматтар қосты. «Махамбет. Шашақты найза – шалқар күй», « Құрманғазы. Сарыарқа», «Жігер. Дәулеткерей күйлері», «Әсем қоңыр. Дина күйлері», «Күйші Қали», «Күй ұран», «Табыну» жинақтарының қай-қайсы да – сыршыл дүниелер.
Ұлттық консерваторияның домбыра кафедрасының меңгерушісі бола жүріп «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» деген сөзге лайықты соңынан ерген талапты күйшілердің шоғырын қазақ сахнасы төріне қарай жетеледі. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қуаныш Әжімұратов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Айдарбаева, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының профессоры Сәлімгерей Садықов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ғалым Ахмедияров, Халықаралық конкурстардың жүлдегері Мұрат Каримуллин, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Салтанат Құдайбергенова және басқа күйші легі бар.
Әлемнің төрт құрлығында қазақ домбырасын күмбірлеткен күй қағаны бірнеше мәрте құнды күй таспаларын шығаруымен қатар, Қытайда 50-ден астам, өз еліміздің радио-теле мұрағатына 500-ден астам күй жаздырды. «Қазақтың 1000 күйі» жобасының жетекшісі атанып, Алматыда 640 домбырашының басын қосып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Күй өнерінің ұлы тұлғасына айналған Қаршыға бұрынғы одақтас республикаларды айтпағанда АҚШ, Жапония, Италия, Норвегия, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Марокко елдерінде күй шертіп, әлем халқына қазақ деген таланты тұғырдағы ұлт бар екенін дәлелдеді. Қос ішекті сайратып, тыңдаушысының жан дүниесін музыка құдіретінің тылсымына бөледі.
Қайталанбас дара талант иесі Қаршыға Ахмедияровтың күй өнерін өркендетудегі еңбегі жоғары бағаланып, мемлекетіміздің «Парасат» орденімен марапатталды.
Атырау елі – күйші тұлғаның көкейінен бір күн де сөнбеген ыстық атамекені. Туған жерге деген құрмет, жүрек лүпілі оның «Атырау», «Алтын ұя» күйлеріндегі жан тербеген сырлы саздармен ұласып жатты.
Атырау облысының, Атырау қаласының, Махамбет ауданының және Таңдай ауылы Құрметті азаматы атақтарын иеленген тума талант, Ақжайық елінің Алатау басында еркін қалықтаған қыраны дүниеден ерте өткенімен оның есімі жерлестері жүрегінде ұзақ жылдар сақталатыны даусыз. Ол сондай-ақ облысымыздағы білім ордасы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
Дарынды домбырашы, сахна саңлағы Қаршыға Ахмедияров өмірден өткен соң, оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында туған ауылы Таңдай орта мектебіне күйшінің есімінің берілуі, қаланың орталығынан биік тұғырлы ескерткіштің ашылуы, Ахмедияров көшесінің белгіленуі тума таланттың рухына жасалынып жатырған игі шаралардың бастауы деп ұғынамыз. Осы орайда біз жақсы істі жалғай түсіп, Қаршыға Ахмедиярұлының көзін көрген, өнерімен сусын қандырған жерлестері Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанындағы «Нарын» оркестріне тарлан тұлға Қаршыға Ахмедияровтың есімін беріп, өнер ұжымын Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі деп атағанды жөн көреміз. Бұл ұсынысты өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов тікелей өз назарларына алғаны дұрыс.
Құрметпен:
Илья ЖАҚАНОВ – өнер зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері , «Отан» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы
Хатимолла РИЗУАНОВ – күйшінің ұстазы, Атырау облысының Құрметті азаматы
Нұрпейіс МАХАШЕВ – қоғам және мемлекет қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы
Төкен ЖҰМАҒҰЛОВ – күй өнері жанашыры, Атырау облысының Құрметті азаматы
Ғаббас ХИСМЕТУЛЛИН – күйші, Атырау облысының Құрметті азаматы
Сәлімгерей САДЫҚОВ – күйшінің шәкірті, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері