Биылғы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының «Медицина» аталымында топ жарған Латиф Парпиев балалар реабилитологы болып істейді. Ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін 2013 жылы тәмамдап, кейін білімін Астана медициналық университетінде онкорадиолог резидентурасында жалғастырады.
Еңбек жолын елордадағы Онкология орталығында бастаса, әрі қарай балаларды оңалту бағытында жұмыс істеп келе жатыр. Бұған қоса, Best for Kids қоғамдық қорының және «Дари добро» бастамашыл ұйымының, сондай-ақ онкологиялық диагнозы бар балаларға көмек көрсететін топтың белсенді мүшесі.
Реабилитолог дәрігер тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға жәрдемдесіп, денсаулықтарын оңалтуға көмектеседі. Латиф Парпиев «Ата-аналарға арналған мектеп» және «Реанимация және интенсивті терапия бөлімі мен жаңа туған сәбилердің патология бөлімі жағдайындағы балаларды ерте оңалту» секілді жобалардың негізін қалады. Екінші жобаға реанимация мен интенсивті терапия кезіндегі түрлі аурулардың асқынуының алдын алу шаралары енгізілген. Аталған бастамалардың аясында дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге, республиканың әртүрлі қалаларындағы ата-аналарға 15-тен астам медициналық мастер-кластар өткізілген. Игі бастама Қазақстанда ғана серпін алып қоймай, шетелдерде де 10 мыңнан астам балаға ем-дом жасалды. Бұдан бөлек, Латиф Парпиев отандық реабилитолог-дәрігерлермен бірге коронавирус індетімен ауырған науқастардың денсаулығын қалпына келтіру үшін бірнеше танымдық бейнесабақ түсіріп, қамкөңіл жандарға қолұшын соза білді.
Оған қоса, жас дәрігер неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, онкологиялық және жүрек қан-тамыр жүйесіндегі операциядан кейін ересектер мен балалардың денсаулығын оңалту процедураларымен айналысады. Оның негізгі міндеттеріне емдік дене массажы, логопедиялық массаж, дене шынықтыру, сонымен қатар дене бітімі өзгерген науқастарға ем тағайындау жатады. Ақ халатты абзал жан жұмыс уақытында тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға көмектессе, бос уақытында шала туған нәрестелерге арнайы киім тоқып таратады.
Статистикалық зерттеулер бойынша елімізде жыл сайын мыңдаған нәресте шала дүниеге келіп, салмағы 1 000 грамнан төмен болады екен. Дәрігердің жүннен тоқыған киімдері балалардың жүйке талшықтарын оятып, олардың денсаулығы тез оңалып кетуіне септігін тигізеді. Сонымен бірге ол күніне 2 жасқа дейінгі сәбилер мен одан жоғары жастағы сколиоз дертіне шалдыққан 15-ке жуық науқасты қабылдайды. Тағы бір айта кетерлігі, ауыр жағдайда жатқан сәбилер болса, жансақтау бөліміне барып көмектесіп қайтады екен.
Уақытының тығыздығына қарамастан, таңертең балаларға бұлшық ет жаттығуы мен гимнастика жасатса, түстен кейін консультация өткізеді. Латиф Парпиевке республиканың түкпір-түкпірінен науқастардың ата-аналары хабарласып, Instagram және WhatsApp желілерінде кеңес сұрайды. Пандемия басталмай тұрып, оған алыс-жақын шетелдерден, әсіресе Ресей мен Украинадан емделуші науқастар көп келген. Алайда індет етек жая бастағаннан кейін емдік іс-шаралары кейінге шегерілген.
Латиф Парпиев секілді ауыр халдегі балаларды, оның ішінде 2 жасқа дейінгі сәбилерді емдейтін реабилитолог-дәрігерлер саусақпен санарлық. Сондықтан жаныңа медеу, денсаулығыңа демеу болатын дәрігерлердің қатары көбейе берсін.