Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының кезекті отырысы өтті. Оған қатысушылар кезекті жиынға дайындық мәселелерін пысықтады.
20 елден келген әлемдік конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстан астанасында жаһандық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылап, олардың қоғамға, руханиятқа және діни сенімге әсері жайлы ойларын ортаға салды.
Отырысты ашқан Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев діни лидерлерге конфессияаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіре отырып, форумның қазіргі замандағы өзекті мәселелерді талқылайтын аса маңызды халықаралық алаңға айналғанын атап өтті.
– Съезд бейбітшілікті нығайтудың және мәдениеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Сондай-ақ дінаралық толеранттылықты арттыруға үлкен септігін тигізуде. Алғашқы кездесуден бастап, бұл алаң барлық негізгі конфессия өкілдерінің басын біріктірді. Біздің форумды жетекші рухани лидерлер мен жоғары деңгейдегі ықпалды саясаткерлер үнемі қолдап келеді. Алдағы уақытта да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мүмкіндігі мен әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл қазіргі кезеңде өте өзекті. Коронавирус пандемиясы адамдардың қалыпты өмірін өзгертіп қана қоймай, әлі күнге дейін әлемнің дамуына теріс әсерін тигізуде, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ съезд Хатшылығының басшысы Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік пен жалпыұлттық диалогтың өзіндік моделін қалыптастырғанына назар аударды. Ол «бірлік әралуандықта» қағидатына, елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілікке және этносы мен дініне қарамастан, азаматтардың құқықтарын құрметтеу мен қамтамасыз етуге негізделген.
– Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл модель өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі мен оның Хатшылығы отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас, ажырамас бөлігі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері биылғы Хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын, оған коронавирус пандемиясы мен соңғы жылдарда әлемде басқа да жаһандық проблемалардың ушыға түсуі себеп болғанын айтты. Олардың қатарында геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қарулану жарысының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі түйткілдер бар.
– Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің форумға қатысып, белсене қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді съезд Хатшылығының басшысы.
Дін көшбасшылары өз сөздерінде Қазақстан өз ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалог орнатуға баса мән беріп, осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келе жатқанын айрықша атап өтті.
БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін діннің қоғамдағы рөлін және халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылды талқылау тұрғысынан съездің маңызы зор екенін жеткізді.
– Бұл бірегей алаң саясаткерлер, дін лидерлері, халықаралық және өңірлік ұйымдар және барлық мүдделі тараптарға әлемдегі дінаралық диалог пен тұрақты дамуға қатысты проблемаларды бірлесіп талқылауға жақсы мүмкіндік береді. Сондықтан БҰҰ Өркениеттер Альянсы алдағы VII Съезд жұмысына белсенді қатысады, – деді Мигель Анхель Моратинос.
Түркия дін істері басқармасының бастығы Али Ербаш әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бас қосуына мұрындық болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіре келе, әлемдегі тыныштыққа нұқсан келтіретін өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
– Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әлемдік діндер лидерлерінің бірлескен жұмысы – бүгінде адамдарды бөліп-жару, исламофобия сияқты бірқатар мәселенің назарға алынуына себепші. Дүниенің төрт бұрышында сүйіспеншілік пен сыйластық маңызды екенін түсіндіруде бастамашы болған Қазақстанның еңбегі орасан. Бұл келешекте бейбіт өмір сүруіміз үшін де маңызды, – деді ол.
– Құрметті Хатшылық жұмысына қатысушылар, бүгінде адамзат қиын кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатыр. Дүниенің бар тарапына жеткен індет адамгершіліктің, бір-бірімізге деген құрметтің қаншалық маңызды екенін тағы бір еске салды. Ислам – бейбітшілк пен әділет, мейірім діні. Сондықтан бейбіт өмір үшін адамдардың сенімі бірдей болуы шарт емес. Ең маңыздысы – адамдардың тәуелсіздігіне сыйластықпен қарау.
Бүгінде исламофобия сөзін жиі естейміз. Ислам мен фобия сөзінің қатар келуінің өзі ақылға қонымсыз. Соңғы 2 жылда Еуропадағы мешіттерге жиі шабуыл жасалып жүр. Бұл, әлбетте, дін дұшпандарының әрекеті. Әділ әрі қауіпсіз келешек құруымыз үшін бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаруымыз қажет. Адамзат зұлымдыққа, залымдыққа бірлесіп қарсы тұруы керек. Асыл дінімізді үлгі қылу үшін барымызды салайық, деп қорытындылады сөзін басқарма басшысы.
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы (Әзербайжан), Шейх-ул-Ислам Гаджи Аллахшүкір Паша-заде 18 жыл бұрын қазақ халқының көшбасшысы, ықпалды әлемдік саясаткер, Түркі әлемі мен Орталық Азияның көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың діндер мен өркениеттер арасындағы диалог қағидаттары мен практикасын ілгерілету жөніндегі бастамасының әлі де маңызын сақтап келе жатқанын және бұл идеяның дәйектілігі мен өміршеңдігі уақытпен дәлелденгенін ерекше атап өтті.
– Бүгінде Елбасының дана көзқарасы мен күш-жігерінің арқасында әлемде дінаралық ынтымақтың жаңа платформасы құрылған. Жоғары мәртебелі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ мемлекеттілігінің ілгерілеуі мен өркендеуін, дінаралық диалог пен ынтымақ саласындағы, атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері аясындағы құнды идеяларды ілгерілету жөніндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін саяси жолды табысты жалғастырудағы күш-жігерін ерекше атап өткен жөн, – деді Шейх-ул-Ислам.
Ол әлемде ксенофобия, исламофобия, христианофобия және антисемитизм сияқты идеологиялық және практикалық қауіптердің өршіп тұрғанын айтты.
«Бұл халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлкен кедергі келтіреді. Бүгінгі таңда агрессия, зорлық-зомбылық және кемсіту тудыратын өшпенділікке шақыру нақты саяси және әлеуметтік қауіпке айналды. Мұндай үндеулердің идеологияның кесірінен түрлі аймақтардағы тұрақтылық бұзылып, адамдар арасындағы қақтығыстарға, әскери қылмыстарға, геноцидке әкеліп отыр. Біз VII съезде және оның қорытынды құжаттарында кезекті рет ынтымақтаса отырып, ксенофобияның барлық нысандарын, ғибадат орындарындағы діндарларға қарсы экстремизмнің кез келген актілерін айыптай отырып, діни нышандар мен қасиетті орындарды қорлауға қарсы наразылық даусын көтереміз деп сенемін, деп қорытындылады сөзін діни қайраткер.
Ватиканның Дінаралық диалог бойынша Папа кеңесінің Ислам мәселелері жөніндегі бюросының басшысы, монсеньор Халед Акаше пандемия кезінде жапа шеккендерді еске алып, індетпен күресте өзгелердің өмірін сақтап қалу үішн ерен еңбек еткен жандарды айрықша атап өтті.
– Пандемия адамзатқа, мемлекеттерге, діни қауымдастықтарға және баршамызға денсаулық сақтау, экономика, әлеуметтік келісім немесе ынтымақтастық сияқты өмірлік маңызды салалардағы шектеулер мен кемшіліктерді аңғаруға мүмкіндік берді. Дін көшбасшылары мен діни қоғамдастықтар пандемиядан зардап шеккендерге тілектестік білдіреді, деді Ватикан өкілі. Ол күрделі кезеңде жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретін бүгінгідей кездесуді ұйымдастырған Қазақстан басшылығына алғысын білдірді.
Одан кейін Орыс православие шіркеуі Мәскеу Патриархатының дінаралық байланыс жөніндегі Сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің хатшысы Дмитрий Сафонов сөз алды. Ол Орыс православие шіркеуінің гуманитарлық көмек бағытындағы жұмыстарына тоқталып өтті.
– Дін көшбасшылары съезінің негізгі принциптерінің бірі Орыс православие шіркеуіне де құрмет таныту болғаны қуантады. Қазақстан православ әлемінде канондық аймақ саналатынын айтып өткен жөн. Пандемия басталғалы Орыс православие шіркеуі мұсылман не христиан деп дінге бөлмей, жапа шеккендердің, көмекке зәрулердің бәріне көмек көрсетіп келеді. Мәселен, 2020 жылы көктем, жаз айларында Бішкек қаласында 1000 отбасыға азық-түлікпен жәрдем берілді. Сириядағы жапа шеккендерге де гуманитарлық көмек көрсетіледі. Жақында Дамаск қаласында мектеп ашылды. Қазір адамдар бір-біріне дініне қарамастан жиі көмектеседі. Православтардың мұсылмандарға және керісінше мұсылмандардың басқа дін өкілдеріне көмектескеніне жиі куә болып жүрміз, – деді Дмитрий Сафонов.
Сонымен қатар Орыс православие шіркеуінің өкілі христиан азшылықтарына қысым көрсету мәселесіне ерекше назар аударды.
– Біздің шіркеуді алаңдататын тағы бір мәселеге тоқталып өткім келеді. Оны шіркеу бірқатар халықаралық алаңда көтеріп жүр. Бұл – Орталық Африка елдеріндегі жағдай. Нигерия, Судан, Конго Демократиялық Республикасындағы халықтың жағдайы. Дискриминацияға қарсы Орыс православие шіркеуі Нигерияда православ шіркеуіне қатысты геноцид ұйымдастырылып жатқанын қашаннан айтып жүр. Ол жақта күніне 10-ға жуық адам өледі. Шіркеу қызметкерлерімен қатар, бейбіт адамдар да мерт болғанын естиміз. Нигерия үкіметі бұл мәселеге қатысты ешқандай шара қолданбайды. Христиан діні өкілдерін қорғап, терроршылармен күрес жүргізбейді. Кей жағдайда тіпті азшылық өкілдерін қудалап жатады. Мысалы, жақында елдегі бірнеше шииттің сотталғаны хабарланды.
Осы мәселені халықаралық ұйымдардың қысымы ғана реттей алады деп ойлаймыз. Бұл – біздің назарымызда, мәселені шешу үшін жұмыс әлі де жалғасады. Сонымен қатар Орыс православие шіркеуі Нұрсұлтан Назарбаевтың дінаралық қарым-қатынастағы елеулі еңбегін жоғары бағалайтынын айта келе, оған алғысымызды жеткізгім келеді, деді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлыпандемияның мұсылман әлемін одан сайын біріктіре түскенін айта келе, діннің маңызына тоқталды.
– Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Дін – адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі. Демек, біз діннің қуатты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құрметті арттыруға бағыттауымыз керек. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ», деген сөзінде үлкен мағына жатыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз», деп атап айтты. Расында, біз бейбітсүйгіш халықпыз және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осыған дәлел, деді Бас мүфти.
Отырыс барысында сөз алған «Чогие» корей буддистік ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің және Жаынса ғибадатханасының директоры Ян Ки Хун пандемия салдарын еңсеру мен Ауғанстандағы жағдайдың өзектілігіне тоқталып, күрделі кезде діни қызметтің қалай жүргенін атап өтті.
– Біз үшін пандемияның салдарын бірлесе еңсеру мен Ауғанстанда бейбітшіліктің орнауы аса маңызды. Елдегі жағдайдың тұрақталуына атсалысқымыз келеді. Пандемияға байланысты өңірлік қана емес, халықаралық ұйымдар деңгейінде атқарылып жатқан белсенді жұмыс жайын талқылап, пікір білдіру үшін жиналып отырмыз. Өкінішке қарай, әлемді жайлаған пандемия кезінде діни қызметтерімізді толық атқара алмадық, діни оқытуларды өткізе алған жоқпыз. Соған қарамастан, біз діни қоғамдастық аясындағы қызметімізді белсенді атқаруға тырысып жатырмыз, үкіметтің жүргізіп жатқан саясатына да белсенді араласудамыз. Өздеріңіз байқағандай, былтырғы күрделі жағдайға байланысты Рамазан айын да атап өтуге мүмкіндік болмады. Дін көшбасшылары жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін түсініп, халыққа барынша жеткізе білді. Алдағы уақытта адамдар осы секілді ауқымды жиындарда емін-еркін бас қосады деген сенімдемін. Ізбасарларымызды да осы секілді дін саласындағы ірі отырыстардан қол үзбей, заманауи технологияларды қолдана отырып, қызметін жүргізуге ынталандырып отырдық. Діни қызметтерді онлайн жүргізу арқылы жаңа технологияны меңгерудің маңызын аңғардық, – деді Ян Ки Хун. Ол Ауғанстанның қазіргі билігі будда мәдениетіне де оң көзқарас танытатынына үміт білдірді. Ол сондай-ақ көршілес елдердің де бір-бірінің мәдениеті, дәстүрі мен діни сеніміне сыйластықпен қарауы аса маңызды екенін еске сала отырып, съезді ұйымдастыру кезінде корей әріптестеріне толық сенім артуға болатынын ескертті.
Египеттен келген әл-Хазар Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы Назир Мухаммед әл-Назир Аядотырыстың дүниежүзі жаһандық гуманитарлық дағдарыс пен қанды қақтығыстарды бастап кешіріп жатқан кезде өтіп жатқаны өзекті екенін алға тартты.
– Бұл отырыс адамзат игілігі үшін түрлі әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосып, ынтымақтастық орнату, ортақ армандарымызға қол жеткізу, кедейлікпен, ауру-сырқаумен күрес жолында аса маңызды рөл атқарады. Бүгінгі кездесу діндер көшбасшыларының ғаламдық мәселелерді шешудегі негізгі рөлін тағы да анықтай түскендей. Өйткені адамзаттың рухани құндылығы мен сенімін нығайту – басты міндетіміз, – деді Ислам зерттеулер академиясының бас хатшысы.
Антидон архиепископы, Иерусалим Аутоцефалиялық шіркеуінің Патриарх өкілі (Израиль) Хендерсон Майкл НЕКТАРИОС съездің жаһандық мәселелерді көтеріп, ортақ шешімге келудегі маңызына тоқталды.
– Әлемде бейбітшілік, әділеттілік, татулық орнату мәселесіне үкімет өкілдерімен қатар, дін әлемінің көшбасшылары да араласуы керек. Съезге қатысушылар дін адамзат тәжірибесінің негізі екенін жақсы түсінеді. Дін қоғамдағы маңызды күш болып қала береді. Түрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің өзара араласып, бірге дамуына мүмкіндік беретін ең тиімді жол – диалогты орнатуға бағытталған Съезд жұмысы аса маңызды, – деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ Израильдің Бас Ашкенази раввинатының өкілі, Лондондағы еврей қауымдастығының басшысы Жоель Адлер тарихтағы қаралы оқиғалардың бірі – Холокост құрбандарын құшақ жая қарсы алып, қамқорлық танытқан Қазақ еліне алғыс айтып, ілтипатын білдірді.
«Баланы бір ауыл тәрбиелеп шықса, жаңа әлемді қалыптастыру үшін одан да үлкен біріккен күш қажет» деген Англикан шіркеуінің өкілі, Доркинг қаласының епископы Джо Бейли УЭЛЛС Қазақстанның әлемдік диалог орнатудағы жетістіктерін атап өтті.
– Әлемдегі өзара диалогтың орнауына тікелей әсер ететін оқиғалар мен жағдайлар көп. Қазақстан астанасындағы бұл кездесуге келер болсақ, дәл осы ұстаным Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған елдің саяси бағыты, қазақ ұлтының қанына сіңген қасиет екені таңғалдырады. Көп этностылығына қарамастан, Қазақстанның бейбітшілікті ту етіп, Батыс пен Шығысқа құлақ асып, ежелгі әрі замануи ерекшелікке ие кездесу орнын ұсынуы елдегі ерекше үйлесімділікті көрсетеді, – деді Ұлыбританиядан келген қонақ.
Хатшылық отырысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтетін орын мен уақыт белгілі болды. Атап айтқанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі 2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.
Отырыс соңында Мәулен Әшімбаев бүгінгі кездесу түрлі мәдениеттер мен дін өкілдерінің ынтымақтастықта және бейбітшілікте өмір сүруге деген ортақ ұмтылысын кезекті рет паш еткенін атап өтті. Сондай-ақ Хатшылық басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің дәстүрге айналған осы ұмтылысы форумның әрі қарай да табысты жұмыс істеуіне негіз болатынына сенім білдірді.
Меруерт БҮРКІТБАЙ
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ