Кеше Астанада «ҚазТрансГаз» АҚ-тың бас директоры Серік Сұлтанғали баспасөз мәслихатын өткізді. Ол компанияның өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы баяндап, еліміздің оңтүстік өңірлерінде газға байланысты туындаған мәселелердің мәнісіне тоқталды.
«ҚазТрансГаз» АҚ-тың компаниялар тобының өткен жылғы табысына тоқталар болсақ, бас директордың айтуына қарағанда, жыл қомақты табыспен қорытындыланған. Нақты сандарға назар салсақ, 2013 жылғы таза табыс 51 млрд. теңгені құрапты. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылғыдан 80 пайызға жоғары көрінеді. Магистральды газ құбырлары арқылы өнімді тасымалдау көлемі 110,14 млрд. текше метрге жеткізіліп, 2012 жылғы көрсеткіштен 3,6 пайызға көп айдалыпты. Ал көгілдір отынды шетелдерге экспорттау көлемі екі есеге дейін өскен.
Мұнымен қатар, аталған компания өткен жылы әлеуметтік экономикалық мәні бар бірқатар ірі жобаларды жүзеге сәтті асырыпты. Мәселен, былтырғы қыркүйек айында «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральды газ құбырының 1143 шақырымдық телімін пайдалануға бергені мәлім. Бұйыртса, бұл халық тұрмысының көтерілуіне үлкен көмек болары белгілі. Ақтөбе өңірінің кен орындарынан осы құбыр арқылы айдалатын барлық газды «ҚазТрансГаз» АҚ елішілік тұтынуға, ең алдымен оңтүстік өлкеге жеткізіп тұрады. Бас директор осы жобаның нәтижелі жүзеге асырылуының арқасында Алматы мен сол облыстың және Шымкент, Тараз бен Зайсан, сондай-ақ қасиетті Түркістан қаласының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдіктерге толық мүмкіндік жасалғанын тілге тиек етті.
Оңтүстік аймақтарда газға байланысты орнаған жағдай журналистердің назарынан тыс қалмады. «Ол келеңсіз жағдай туындай салып толық біздің бақылауымызда болды. Негізгі себеп, көрші Өзбекстанды қаһарлы қыстың құрсап алуынан болды. Өздеріне көгілдір отыны жетпей жатқан көрші ел бізге қарай бағытталған газ ағынын тоқтатуға мәжбүр болған. Бірақ бұл арада орын алған жағдайға ҚазТрансГаз да, көрші ел де кінәлі емес. Келісім бойынша жергілікті әкімдіктер қосымша отын қорын іске қосуы керек еді. Олар осы міндетін дер кезінде орындамады. Соның салдарынан жайсыз ақпараттар тарап кетті», деп жауап берді С.Сұлтанғали. Қазіргі кезде көгілдір отынға қатысты туған мәселелер толық шешімін тауып, қалыпты өмір қайта оралыпты.
Тілшілердің тағы бір сұрағы Астананы және оның маңындағы елді мекендерді газдандыру жобасының жайы туралы болды. Бас директордың айтуына қарағанда, өткен аптада Үкімет басшысы Серік Ахметовтің қатысуымен болған отырыста осы мәселе көтеріліп, өткір қырлары талқылауға түсіпті. Отандық сарапшы мамандар бұған дейін қарастырылып келген Тобыл арқылы Ресей газын елордаға тарту жобасын жарамсыз деп тауыпты. Себебі, ол біріншіден, тым қымбат болса, екіншіден, Астанаға жоғарыда айтылған «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистральды газ құбырынан көгілдір отын желісін тартқан әлдеқайда тиімді көрінеді. Бұл жоба экономикалық тәуелсіздігімізді нықтай түсетін көрінеді.
Іргесіне газ құбыры келіп тоқтаған оңтүстік қалаларында газдандыру ісінің неге іркіліп тұрғаны туралы сұрақ та көлденең тартылды. Оған бас директор «Алдыңа әкеліп ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» деп жауап берді. Яғни, ҚазТрансГаздың міндеті көгілдір отынды қала іргесіне жеткізіп беру. Оны әрі қарай жергілікті әкімдер тартып алып кетуі керек. Бас директор журналистердің барлық сұрақтарына жауап бере келіп, компания қай кезде де тек халықтық мүддеге қызмет ете беретінін жеткізді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».