• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2014

Олимпиада: үмітке толы үш күн өтті

340 рет
көрсетілді

Басты ұраны «Ыстық. Қысқы. Сенікі» деген үш сөзден тұратын Сочи Олимпиадасының алғашқы үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша оның бірнеше медаль алу жағынан негізгі көш бастаушылары да суырылып алға шыға бастады. Шүу дегеннен бұл тізгінді қолға ұстаған Норвегия құрама командасы күн озған сайын осы артықшылықтарын арттыра берді. Оның соңынан көп ұзамай барлық жүлдесін конькиден жинап шыққан Голландия қуғынға түсті. Соның артынша бұл көшке АҚШ спортшылары да ілесті. Нәтижесінде бұл үшеудің әрбірі бұрнағы күннің түніне дейін екі-екіден алтын медальді қоржындарына салып үлгерді.

Ал алаң иелері – Ресей екі күн бойына «құрғақ қасықты құр жалап» келіп, тек жексенбінің түсі ауа ғана алғашқы марапатына қол жеткізді. Алтынмен пара-пар болып көрінген осы қола медальдан кейін олар түннің жарымына дейін тағы 1 алтын, 2 күміс медальді қанжығаларына байлап шыға келді.

Әзірге бұл «тойдың төрінде» Қазақстан спортшылары жоқ.

 Алғашқы «алтын» америкалыққа бұйырды

Ақпанның 8-і күні түске таяу Олимпиаданың алғашқы медалін америкалық спортшы жеңіп алды. Осы бірінші алтын жүлденің иесін көріп-білу үшін біз төмендегі Адлерден басталатын тарғау жолдың бойымен жүре келіп, үш тескентау­дан өтіп, төрт автобусқа ауысып мініп, «Таудағы кластердің» ең биік жотасындағы Красная поляна аумағына орналасқан «Роза Хутор» экстрим-паркіне екі сағатқа жуық уақыттың көлемінде жеттік. Өткен жолы мәлім еткеніміздей, бұған дейін, яғни Ойындардың бірінші жарыс күні сөреден шыққан 6 ақпанда спорттың екі түрі бойынша іріктеу сынақтары өтіп, тағы екі түрінен кіші медаль жиынтығы таратылса, Олим­пиаданың толыққанды жүлде­лері болып табылатын үлкен медаль үлеске түскен алғашқы күні 8 ақпан болды. Бұл сайысқа Қазақстаннан еш­кім қатысқан жоқ. Соған қара­мас­тан ол біздің де ерекше қызығу­шылы­ғымызды туғызды. Жарыс сал­ған жерден қызып сала берді. Тау бөктерінен орын алып, трамплин­ге көз тастап тұрған жұртта есеп жоқ. Әне-міне дегенше, іріктеу сайыс­тарының қалай өтіп кеткенін аңғармай қалыппыз. Мамандардың айту­ларынша, медальдан негізгі үміттілердің бәрі де финалға жолдама алып үлгеріпті. Күрестің көкесі сол кезде өріс алды. Тартыстың күшті болғаны сондай, квалификациялық турнирде бірінші орынды талассыз жеңіп алған, жұрттың көбі онсыз да бірінші орыннан үміткер санап тұрған канадалық Максенс Парротт ақтық айқаста әуелі алғашқы сатыға тұяқ іліктіргенімен, кейін жылжи-жылжи бесінші орынға безіп түсті. Солай бола тұра, ол қола жүлде алған өз отандасы Марк Макморристен небәрі 1,5 ұпай ғана артта қалды. Бірақ жарыстан кейін Паррот төрешілердің адам түсінбейтін шешімдер қабылдап жатқанын айтып салды. Айқас барысында әлем чемпионы фин Роопе Тонтери де қателіктерден сақтана алмады. Ол екі талпыныс кезінде де бір құлап тұрды. Содан кейін негізгі текетірес АҚШ өкілі Сэйдж Коценбург пен норвег Стаале Санбехтің арасында өрбіді. Нәтижесінде америкалық бірінші талпынысында көрсеткен 93,50 балл деген үздік көрсеткішімен бірінші орынға ырғып шыға келді.  

Ойындар рекордына да өзгеріс енді

Сочидің алғашқы «алтыны» америкалық спортшының қанжы­ғасы­на байланған соң, көп кідірместен төмен қарай қайта зауладық. Себебі, мұнда қандай да бір жарыста оның жүлдегерлеріне медальдар сол сайыс өткен жерде табыс етілмейді. Мұн­да тек тұғырға тұрудың ырымы ғана жасалып, лавр жапырағы көм­керілген гүл шоғы ғана беріледі. Ал марапаттың бәрі кешке қарай «Фишт» ұлттық стадионы жанында лаулап жанып тұрған олимпиялық алау шығыршығы жанында тапсырылады. Сондықтан келесі жарысқа жетіп алуға асықтық. Осында келген күннен жарыс өтетін нысандардың бәрін күні бұрын аралап, көріп шыққан фототілші Никита Басов бірден күтпеген жерден бәріміздің жолбасшымызға айналып шыға келген. Соның әбжілдігі мен ширақтығының арқасында бұл жолы сағатқа жетер-жетпес уақытта жағалау кластеріндегі «Адлер-Арена» спорт кешеніне де келіп үлгердік. Бізді қолды-аяққа тұрғызбай, осында қарай алып-ұшырып жүрген аренада коньки спортынан ерлер арасында өтетін 5000 метрлік жарыс еді. Ал сол сайыста сап түзейтін 26 ердің қатарында біздің Дмитрий Бабенко да бар-тын. Сөреге тоғызыншы жұпта ре­сейлік Александр Румянцевпен тізе түйістіріп шыққан ол әуелде қарқынды қарыштатып ұстап, үміт отын біраз үрлегендей еді, кейін біртіндеп бәсекелесін алға ұзата жіберіп отырып, одан екі еседей артта қалып қойды. Мұнысына қарап, баланың тезірек болдырып қалғанын байқадық. Шамасы, әлі бір қамау тері ішінде кеткен сияқты. Нәтижесінде ол 16 орынмен жарысты да аяқтады. Ал қызықтың бәрі содан кейін бас­талды. «Кіл жүйрікте кім жүйрік» демекші, бұл бәйгенің де нағыз ауыздығын қарш-қарш шайнаған жұлдыздай ағар жұмыр жал жүй­рік­тері сақадай сайланып соңында қал­ған екен, олар көктей өрлеп, көбеге түскенде, аренаның көкжиегінде көлбей отырған көрермен көпшілік аруақтанып көтеріліп кетті. Бірінен бірі асып түсіп тұрған саңлақтар топ басындағы жағдайға сәт сайын өзгеріс жасап жатты. Манағы бағдар етіп ұстап отырған тарландарымыз әдіре қалды. Осылайша, алдыңғы бес орынның бәсіресі соңғы төрт жұпта жүгіргендердің жүрімінде кетті. Бір ғажабы, осы бесеудің де алдыңғы үшеуі Голландия конь­ки­шілері болып шықты. Соның ішін­де оныншы жұпта жарыс жолына шығып, 6:10,76 минут көрсеткішімен қадауға қазықты қатырып қаққан Свен Крамердің нәтижесі ғана өзге­ріс­сіз қалды. Осымен қатарынан екін­ші Олимпиадада чемпион атанып отырған спортшы Ойындардың рекордын да жаңартып үлгерді. Свен өзінің Ванкувердегі 6:14,60 минут болып тіркелген үздік көрсеткішін осылайша 6 секундқа жақсартты. Ал екінші орын Ян Блокхайзенге бұйырса, үшінші орынға Йоррит Бергсма иек артты. Осы толағай табысқа көңілі толып, шаттығы шал­қыған Нидерланды королі Виллем-Александр сол сәтте-ақ: «Бұл адам айтса сенгісіз таңғажайып жетістік!», деп қуанғаннан айқайлап жіберіпті.  

Қола медальға қол созым қалдық

Сол күннің түнінде бізге «Роза Хутор» экстрим-паркіне қарай қайта көтерілуге тура келді. Себебі, осыдан екі күн бұрын өткен іріктеу жарысында жап-жақсы өнер көрсетіп, алғашқы алтылықтың алғауынан табылған фристайлшы қызымыз Юлия Галышеваға (суретте) қалайда қолдау жасауымыз керек еді. Өкінішке қарай, онымен бірге квалификацияда сынға түскен екінші атлетіміз – Дарья Рыбалова қорытындыда 23-орында қалып қойды. Оның бұдан кейін жартылай финалда шайқасып көріп, финалға шығу жолында күресті жалғастыруына болатын еді, бірақ бәрібір үміттің аз екенін пайымдады ма, бұл бәсекеден алдын ала бас тартыпты. ...«Қайда барсаң – бытпылдық» дегендей, әділетсіздіктің әуселесі енді көрінді. Алдыңғы айналымда аттың басын алға салғандар сыпырылып қала бастады. Бірінші финалда топқа туын жайдырған чех қызы Никола Судова, мысалы, екінші айналымда тоғызыншы орынға сырғып кетті. Манағы өнерін сол қалпында қайталап шыққан, сонымен бірге, уақыт көрсеткішін бәрінен де асырып түсірген Юлия кенет... жетінші орыннан бір-ақ табылды. Сондықтан бұлардың екеуі де соңғы, үшінші айналымда медальдің тағдырын шешуге кірісетін алты атлеттің құрамына кірмей қалды. Кейін бізбен ұшырасқан талай жанашыр жұрт Қазақстан делегациясының неге бұған наразылық білдірмейтінін сұрап жатты. Бірақ жарыс біздің көңіліміздің пәс түсіп қалғанына қараған жоқ, өзінің текетіресін одан әрі жалғастыра берді. Осы барын асынып, бақанын таянып барған алтаудың арпалысында Канададан келген апалы-сіңлілі үш қыздың екеуі тұғырдың алғашқы екі сатысын жаулап алды. Бір қызығы, олардың жасы кішілері жоғарырақ сатыға табан тіреп тұрып қалды. Айталық, жасы алдағы наурызда 20-ға толатын Жюстин Дюфур-Лапуант Олимпиаданың чемпионы атанса, 1991 жылғы желтоқсанда туған Хлоя Дюфур-Лапуант күміс медальмен күптелді. Ал осылардың екеуінің де әпкесі, бұларды фристайлға баулыған 1986 жылы туған Максим Дюфур-Лапуант 12-орында қалып қойды. Өздерінің озып кеткеніне қымсынды ма, әлде шын ойы ма, әйтеуір, жарыс соңында жеңімпаз атанғанына әлі де сене алмай тұрған Жюстин: «Мен әпкем Максимді қатты жақсы көремін. Алтын медалімді соған сыйлаймын», деді көзіне жас алып. Осылайша, біздің атлеттердің қатысуынсыз біткен тойдың үшінші жүлдесі квалификациялық турнирде бәсекелесінің барлығынан оқ бойы алда болған АҚШ өкілі Ханна Керниге бұйырды. Мұның бәрі «Олимпиададағы төрешілердің түйсіктері түсініксіз» дегенді айт­қан канадалық Максенс Парротт күйі­нішінің жаны бар екенін аңғарта түседі. Ал ертесіне Ресей шаңғы федерациясы 30 шақырымдық скиатлон жарысында Максим Вылегжаниннің жолына түсіп алып, алға озуына мүмкіндік бермеген норвег Мартин Йонсруд Сундбюдің қола медаліне қатысты наразылық берді. Біздің Алексей Полторанин 16-орынды місе тұтты. Ал Евгений Величко, Сергей Чере­панов және Марк Старостин тәріз­ді шаңғышыларымыз бұдан да төмен нәтиже көрсетті. Осының соңынан 7,5 шақырымдық қашықтыққа созылған әйелдердің биатлон жарысын көрдік. Мұнда үміттің аз екенін сезсек те, әлдебір үмітпен бұған да көз талдыра қа­радық. Бірақ қыздардың алды болған Елена Хрусталева көмбеге 57-ші болып келсе, Дарья Усанова оның ізін баса жетті. Ал таңертең тау шаң­ғысынан болған сайыста біздің Игорь Закурдаев 33-орынмен тоқтады. Дегенмен, медаль алу жөніндегі үміттің қоламтасында әлі шоқ бар. Оны бүгін өзінің негізгі мәресінде жүгіретін Алексей Полторанин қоз­датып қалуы әбден мүмкін.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан» –

Сочиден.