• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Қазан, 2021

Елордада «Қайырымдылық керуені» байқауына өтінімдер қабылдануда

709 рет
көрсетілді

Елордада «Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Биыл байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қайырымдылық керуені-2021» байқауы халықтың азаматтық бастамаларын жандандыруға және адамгершілік құндылықтарды, соның ішінде мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық пен гуманизмді нығайтуға бағытталған. Конкурс тарихында бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан астам өтінім қабылданды, олардың басым бөлігі өткен жылы түсті (670 өтінім). Тек Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2020 жылы 100-ге жуық өтінім келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, Өткен аптада Тәуелсіздік сарайында Нұр-Сұлтан қаласынан «Қайырымдылық керуені-2020» байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәния Ирсалиеваның айтуынша, ағымдағы жылы байқау лауреаттары 7 номинация бойынша анықталады: «Асар» (халықтық салт-дәстүрлерге байланысты қайырымдылық қызметі, сондай-ақ көмек көрсету үшін), «Туған жер» (білім беру, экология және абаттандыру, мәдени нысандарды қалпына келтіру саласындағы туған өлкеге қайырымдылық көмек және т.б.), «Батыл жүрек» (батырлық, батылдық және қайсарлық, сондай-ақ осы номинацияда шұғыл қызмет мамандары арасында тағы бір жеңімпазды анықтай алады), «Мейірім» жолда (белгілі бір уақыт ішінде тұрақты өтеусіз көмек көрсету), «Қайырымдылық тарихы» (БАҚ-та қайырымдылық тақырыбындағы үздік жарияланым және қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдарды орналастыру), «Бала жүрегі» (төтенше жағдайларда адамдарды құтқару кезінде батылдық пен ерлік көрсеткен 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ қайырымдылық қызметі мен еріктілер қозғалысына қатысу) және «Жануарларға мейірім» (жануарлардың құқық қорғаушысы болып табылатын лауреат оларды күтіп-бағуға көмектеседі, сондай-ақ жануарлар әлеміне мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайды).

«Қазақстанда жақсылық жасайтын адамдар өте көп екеніне сенімдімін. Біздің міндетіміз – басқаларға үлгі болуға лайық игі істер мен амалдарды табу және жұртқа айту. Егер 2018 жылы байқауға Қазақстанның әр өңірінен 100-ге жуық адам қатысса, келесі жылы қатысушылар саны 230-ға дейін артты», - деді Сәния Ырсалиева.

Айта кетейік, байқауға өзінің белсенді азаматтық ұстанымы, игі істері мен іс-әрекеттері арқылы қаланың әлеуметтік және қоғамдық мәселелері мен міндеттерін шешуге үлес қосатын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Орта және ірі кәсіпкерлік өкілдеріне, сондай-ақ қайырымдылық қызметі мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) байланысты жеке және заңды тұлғаларға қатысуға тыйым салынады.

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов атап өткендей, «Қайырымдылық керуені» байқауы міндет бойынша емес, жүрек қалауы бойынша көмек қолын созатын елорда тұрғындарын анықтауға бағытталған.

«Бұл адамдар тәуекелге бара отырып өзгелерге қол ұшын созады. Егер сіз қайырымдылықпен айналысқан жандар жайлы білер болсаңыз бізге хабар беріңіз. Нұр-Сұлтан әкімдігі игі істермен айналысатын жандардың азаматтық бастамаларын қолдауға ылғи да дайын», деді Дәурен Бабамұратов.

Байқауды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау 2021 жылғы 30 қарашаға дейін жалғасады. Одан әрі «Қайырымдылық керуені-2021» атқарушы комитеті финалистерді таңдап, жеңімпаздарды анықтауы керек. Салтанатты марапаттау рәсімі 2022 жылдың 26 ақпанында Түркістан қаласында өтеді.