• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2014

Сочиде қауіпсіздік шаралары күшті

254 рет
көрсетілді

Бәрінен бұрын Ресей Олимпиаданы өткізуге өтініш берген елдерден десі басым болды. Өйткені, 1980 жылы Кеңес Одағы кезінде Мәскеуде ХХІІ Жазғы Олимпия ойындары өтсе, енді, міне, Ресейдің тағы бір қаласында ХХІІ қысқы жарыстар өтуде. Шынын айту керек, Ресей үкіметі Олимпиаданы өткізуге барын салып, жақсы дайындалыпты. Кешегі Олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде бес сақинаның біреуінің ашылмай қалмағанын айтпасаңыз, жалпы, жарыстарды лайықты деңгейде өткізуге қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасағаны мәлім болды. Кеше осы материалды жазбас бұрын ғаламторға көз жүгіртіп өткенімізде, жарыс­тың ашылу салтанатында Олимпиада сақи­на­ларына жауапты адамды қонақүйдің бөл­ме­сінде белгісіз біреулер өлтіріп кеткен дегенді естідік. Кім біледі, бұл жалған ақпа­рат та болуы мүмкін. Сочиде осы тура­лы сұра­саңыз, ешкім жауап бермейді. Жалпы, Сочиде қауіпсіздік шаралары өте жақсы жол­ға қойылған. Қай жерге барсаңыз да тексе­ру­ден өтесіз. Мысалы, қонақүйге, баспа­сөз орталығына, қала маңында жарыстар өтіп жатқан спорт кешендеріне бару үшін темір­жол­да міндетті түрде тексеруден өту керек. Қауіпсіздік органдары тексерген кезде жан­күйердің рұқсат құжаты, баспасөз орталығына тіркелгені туралы ақпарат пен қонақүйдің карточкасына қарайды. Олар болмаса баратын жеріңе жету мүмкін емес. Тексерген кезде су, шырындарды өткізбейді. Ал ішімдік туралы айтпай-ақ қояйық! Қауіпсіздік шаралары туралы алғашқы күндері байқағанымыз осы.  

Лайнер туралы

Биылғы Олимпиадаға Спорт және де­не­шынықтыру істері агенттігінің ұйым­дас­тыруымен Қазақстанның ресми делегациясынан басқа 300-ге жуық турист келеді деп жоспарланды. Соның алғашқы легі Сочиге 160 адам болып 6 ақпан күні келді. Оның ішінде 20 журналист, ардагер спортшылар, Олимпиадаға лицензия ала алмай қалған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар, жарыстарға қатысатын, жүлдеден үміткер кейбір спортшылардың ата-аналары, агенттіктің жарыстарды үйлестіретін штабының мүшелері бар. Бұл делегация спортшыларға жанкүйер болуға келіп отыр. Сочиге жанкүйерлердің екінші легі де келеді. Олар 16 ақпан күні келіп, Олимпиада біткенше осында болады. Олардың ішінде де жаңа айтқан құрам болады. Қазір Қазақстан жанкүйерлерінің бәрі Қара теңіздің жағасында тұрған америкалық «Norvwegian jade» деген лайнерде орналасқан. Бұл алып кемеде біздің делегациядан басқа көптеген елдердің өкілдері де тұрып жатыр. Оның ішінде Ресейдің жер-жерінен келген туристер де бар. Кеше солардың бірі Ульяновск қаласынан келген Андрей деген жігітпен сөйлескенімізде, Сочиге олар да кәсіпорындар қаржысы есебінен келгендерін айтты. Олимпиаданың ашылу салтанатына бір күн қалғанда туристер аз көрініп еді. Қазір туристердің қарасы көбейген. Бірақ, бір айтатыны, Еуропа, Америка құрлықтарынан келгендер аз екен. Көбі Ресейдің түкпір-түкпірінен келіпті. Лайнерге де солар жайланып алатын секілді. Ал лайнерде қызмет көрсетушілер шетелдің азаматтары. Соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкадан келгендер басым. Сочи тұрғындарының айтуынша, қала көшелерінде де халық көбейген. Ал Олимпия кешендеріне апаратын жүргізушілердің өздері де басқа қалалардан келгендер. Бір қызығы, олар өздері білетін бағыт болмаса, қаланы дұрыс білмейді екен. Егер, жанкүйер жарыстарға барғысы келіп автобусқа отырса, телефонмен тиісті бағытты сұрап отырады. Сол кезде телефонның ар жағындағы әйел бағытты көрсетеді. Әзірше, лайнер туралы айтарымыз осы.

Қары жоқ қала

Сочи қазір Ресейдің ең әдемі қалаларының бірі ретінде аталып жүр. Оның Ресейдің басқа қалаларынан ерекшелігі, бұл жердің климаты қысты күні де жылы болып тұрады. Дәл қазір ауа райы +15 пен +18 жылылықты көрсетіп тұр. Қар деген қалада мүлдем жоқ. Айналаның бәрі жап-жасыл. Кейбір жерде пальмаларды Олимпиадаға арнап орнатқан. Қар жарыстар өтетін жерлерде ғана бар. Оның өзінде қардың көбі жасанды. Сочи теңіздің жағасында орналасқандықтан, мұнда қыс кезінде де суға түсушілерді кездестіруге болады. Жексенбі күні бір топ қазақстандық журналист болып, Олимпиада паркіне бара жатқанымызда соларды байқадық. Айтқандай, жарыстар өтетін жерге жанкүйерлер, туристер, журналистер тек осы электричкамен ғана бара алады. Мысалы, теміржол вокзалынан Олимпиада паркіне бару үшін 40 минут кетеді. Ал тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы сияқты таудың етегінде орналасқан нысандарға жанкүйерлер бір жарым сағатта жете алады. Сондықтан жарыстарға адамдар ерте жиналып, үйлеріне кеш қайтады. Жарыстардың өзі қазір түнде бітіп жүр.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан» –

Сочиден.