Оқиға Киевтен Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келе жатқан ұшақта орын алған. Осы рейспен жолаушы ретінде әйел азаматшасына жедел көмек көрсеткен Ұлттық ұлан әуе кемесінің командирі, майор Станислав Смурыгин де ұшып келе жатқан болатын, деп жазады Egemen.kz.
«Таңғы сағат бес шамасы кезі, барлығы қалың ұйқыда еді. Бір мезетте ұшақтың ішінде абыр-сабыр басталып кетті. Әуе серігі ары-бері жүгіріп, жолаушылардан көмек сұрай бастады. Осы арада дауыс көтергіш құрылғымен «Медицина қызметкері бар ма?» деп хабарлама жеткізілді. Орнымнан дереу тұрдым да әуе серігінің қасына бардым. Өзімді таныстырдым. Мен дәрігер емес, әскери ұшқыш екенімді және алғашқы көмек көрсете алатынымды айттым. Ең алдымен қан қысымын өлшедім, 80 де 60 нәтижесін көрсетті. Сол кезде бортсерікке тездетіп қара кофе алып келуді сұрадым. Қан қысымы көтерілді. Содан соң оттегі баллондарды беруді сұрадым. Адамға ауа қажет екенін іштей білдім. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласына да жеттік. Жол бойы оның хәлін сұрап, қолын қысып, сөзбенен қолдау көрсетіп тұрдым. Әуежайда санитарлық бригада қызметкерлерінің қолына тапсырдым», дейді ұландық офицер.
Барлық қиындықтар мен шектеулерге қарамастан Ұлттық ұлан офицері ептілік танытып, білгірлігінің арқасында әйел адамға дереу көмек көрсетіп, тіпті, өмірін ажалдан арашалап қалғаны шындық.
«Осындай жағдайларда көмекке келу – әр азаматтың борышы, әсіресе, погон таққандарға бұл парыз саналады. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым. Жай кезде өзім ұшақты басқарамын, осы жолы жолаушы бола тұрып дәрігер кейпін еңсердім. Адам денсаулығына көмек беру үшін бар білгенімді салдым», дейді Станислав Смурыгин.
Офицер мамандығы бойынша әскери ұшқыш. Ұлттық ұлан қатарында 2004 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Киевке қызметтік іссапармен барған екен. Әскери ұшақты басқаруда тәжірибесі мол. Бүгінде Ан-74 әуе кемесінің командирі болып қызмет атқарады. Әскери ұшақпен екі мың сағаттай әуеде болған.