• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2014

Шарайна

223 рет
көрсетілді

ШВЕЙЦАРИЯ МИГРАНТТАРҒА ҚАРСЫ

Швейцарияда жексенбі күні мигранттардың елге келуін шектеу туралы референдум өткен еді. Нәтижесінде респонденттердің 50,3 пайызы шектеуді жақтап дауыс берді. Бұл – дауыстарды санаудың алдын ала жасалған нәтижесі.

Ақпараттарға қарағанда, мигрант­тардың келуін шектеуді негізінен жергілікті селолардың тұрғындары қолдаған. Өйткені, олар мигранттардың келуі салдарынан баға қымбаттайды, сондай-ақ, бұдан денсаулық сақтау саласы зардап шегеді деп есептейді. Референдумға қала тұрғындары қарсы дауыс берген. Осындай референдум өткізу жөніндегі бастаманы Швейцарияның халық партиясы көтерген болатын. Ал Еуропалық Одаққа Швейцария мүше емес екендігін айта кетейік.

УКРАИНАЛЫҚҚА РЕСМИ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Жетінші ақпанда Харьковтен Ыстамбұлға ұшып келе жатқан ұшақты басып алмақ болған Украина азаматына ресми айып тағылды. Түркия полициясының хабарлауынша, одан жауап алынғаннан соң қамауға алынған.

Түркия елінің заңнамалары бойынша, әуе кемесін басып алуға әрекеттенгендер кемінде 20 жылға сотталады. Оқиға 7 ақпан күні кешкісін ұшақ бортында болған еді. Бортында 110 жолаушы бар ұшақ өз бағытымен ұшып келе жатқанда, украиналық мас азамат өзін ұшқыштар кабинасына кіргізуін және әуе кемесін Олимпия ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатқан Сочи қаласына бұруын талап еткен ғой. Мұнымен қоймай ол ұшақты жарамын деп те қорқытыпты. Ал ол Харьков қаласының 45 жастағы тұрғыны Артем Козлов деген болса керек.

БҰРЫНҒЫ БАС ПРОКУРОРДЫ АТЫП КЕТТІ

Ливияның бұрынғы бас прокуроры Абделазиз аль-Хасади атып өлтірілді. Ол өзінің туған қаласы – Дернадағы туыстарына келген кезде оққа ұшқан. Оған жасалған қастандық жауапкершілігін қазірге ешкім мойнына алған жоқ.

Аль-Хасади 2011 жылы Муаммар Каддафи биліктен тайдырылып, өлтірілген соң, елдің бас прокуроры қызметіне отырған еді. 2013 жылы денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты бұл қызметтен отставкаға кеткен. Ливияда жоғары лауазымды шенеуніктерді өлтіру етек алып бара жатқандай. Мысалы, осы жылдың қаңтарында елдің ішкі істер министрі мен өнеркәсіп министрінің орынбасарына қастандық жасалды.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

● Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Сердюковқа 2012 жылы Ресей Батыры атағының берілгенін хабарлады. Бұл атақ оған құпия жарлықпен берілсе керек. ● Босния мен Герцеговиния астанасы Сараевода осының алдындағы жаппай қарсылық акциясы кезінде ұсталғандарды босатты. ● Калифорнияда жол-көлік оқиғасы кезінде алты адам мерт болды. Апат бір автокөліктің қарсы жолға шығып кетуінен орын алған.  

ҚАЛЫҢ ҚАР ӘБІГЕРГЕ САЛУДА

Жапонияның жергілікті NHK телеарнасының хабарлауынша, ел аумағына қалың қар түсуінің салдарынан жеті адам қаза тауып, бір мыңға жуық тұрғын түрлі жарақат алған. Ақпаратқа қарағанда, қаза тапқандардың өліміне жол-көлік оқиғалары себеп болған.

Зардап шеккендердің көпшілігі жарақаттарды мұз басқан жаяу жүргіншілер жолдарында тайып құлағаннан алған көрінеді. Қалың қардан, сондай-ақ, бірқатар префектураларда 20 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалып отыр. Бұлардан бөлек, билік 300 авиарейстің ұшу уақытын ауыстыруға тура келіпті. Бұл елде қар өткен сенді күні жауа бастаған екен. Мұндай қалың қар Жапонияда соңғы 45 жылдан бері түспепті.

ІЗДЕУДЕГІ ЕСІРТКІ БАРОНЫ ҰСТАЛДЫ

Мексика полициясы «есірткі бароны» деп айыпталып, АҚШ билігі тарапынан іздестіруде жүрген Тирсо Санчесті қолға түсірді. Ол Мексиканың Гуанахуато штатында ұсталған.

АҚШ-тың мемлекеттік депар­таменті күдіктінің тұрып жатқан жері туралы ақпарат берген адамға 5 миллион доллар беруге уәде еткен көрінеді. Ведомство бұл қаржыны бергені жөнінде ақпарат жоқ. Ал АҚШ билігі Санчес 2000-2003 жылдары аралығында АҚШ аумағына 76 тонна кокаин жеткізуді ұйымдастырды деген күдік келтіреді. Сонымен бірге, Санчесті Колумбия құқық қорғау органдары да іздестіріп жатқан екен.

КЕМЕЛЕРІН НЕ ҮШІН АТТАНДЫРДЫ?

Иран үкіметі өздерінің бірнеше әскери кемесін Атлант мұхитындағы АҚШ-тың теңіздегі шекарасына аттандырды. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады.

Иранның солтүстік флотына қолбасшылық ететін адмирал Афшин Резай Хаддат осы туралы: «Иранның әскери флоты АҚШ-тың теңіздегі шекарасына жақындап келеді. Бұл шараның өзіндік ерекшелігі бар», – деп түсінік берген екен. Кейбір саясаткерлер мұны АҚШ әскери теңіз күштерінің Парсы шығанағына қатысуын күшейту деп есептейді. Иран тарабы қанша әскери кеме және қанша адам аттандырғанын құпия сақтап отыр. Айта кетейік, Бахрейнде орналасқан АҚШ-тың бесінші флотының кемелері қазіргі кезде Парсы шығанағында кемелердің еркін жүруін қамтамасыз ету үшін тұрақты қызмет етіп жүр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.