Қазақ кестелі сөз өрнегін еңкейген қариясынан, ес кірген баласына дейін құрмет тұтады. Сол сөзді пір тұтып келе жатқан ақын Нұрлан ҚАЛҚАНЫҢ «Мизам шуақ» деп аталатын жаңа жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көріпті.
Ақын – халықтың құрмет тұтатын асыл адамы. Қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан Нұрлан Қалқаның өлеңдері оқырман жүрегіне жол табуда. Қара өлең ұйқасындағы түйдек-түйдек жыр шумақтары отаншылдық рухқа бастайды. Ақын табиғат тылсымына тек таңдана көз тігіп, көркем сөзбен көмкере салмайды. Жанды суретпен сөйлетеді. Кіндік қаны тамған қасиетті мекенін жұмақтан кем көрмейді. Құрғақ қиялдың жетегінде кетпей, ой түйіндеуге талпынады. «Туған жерден не бар екен қастерлі», деп жырлайды Нұрлан.
Кітаптың «Сырымды айтам» деген бөлімі тұтас жүрекжарды толғанысқа толы. Құрылымы мен пішіні әр алуан, мазмұны мен идеясы сарындас өлең жолдары оқырманға қоғамның бүгінгі көрінісін айшықтап береді. Ақын мұнда қызылды-жасыл дүниеге байланған жұмыр басты пенделерге наз айтады. «Баянсыз байлықтан бақ іздеген» тоғышар жандарға налиды. Бес күндік жалғанның опасыз уақытын өлеңге қосқан автор іштегі бар құпиясын оқырманға жайып салады.
«Бұрын қандай едім мен, бүгін қандай, Ауыр тартып бара ма жүгім сондай» деп толғанады.
Ақын азғындық жиі орын алатын ортаны сын садағына іледі. Бейкүнә жастық шағын сағынады. «Шайтан ойлар қаумалап, азғыра бастаған» қазіргі кезеңін халықтан жасырмайды. Тұнық шығармашылықтың қайнарынан қанып ішкен ақын әдемі өлең жолдарын қоғамның айнасына айналдырады. Өкінішті өмір мен қатыгездікке құрылған қоғамның көлеңкелі тұстарын өзінің ішкі дауысы арқылы ашуға талпыныс жасайды.
Ақын халықты солқылдақ ұран сөзбен алдарқатып, жылтырақ жырмен алдауға ұмтылмайды. Қазақтың тарихынан ой қозғап, өнегелі өмірінен дәйек іздейді.
«Кіндігімді шыр еткенде кескен жерім, Кең далада алаңсыз өскен едім. Хантәңірі мұзарт шың – аппақ арым, Ер Райымбек ұрпағы дескен елмін», деп бір түйін тастайды.
Адамгершілік пен ардың ісін өрнекті сөзімен әлпештеген ақын төл шығармашылығының шыңын тәубемен тәмамдайды.
Оқырманына жүрек түбіндегі сырын ақтарған ақын тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп өмірге әкелген асыл анасын ыстық махаббатпен жырлайды:
«Өмірдің мәнін жастай ұғынғаным Анашым, өзіңсің ғой жырым, бағым. Тағдырдың тауқыметін тартып жүріп, Өсірдің, дауылдар да жығылмадың». Әдемі, әсерлі шумақ. Әйел заты қашанда – аяулы ана, әдемі қарындас, асыл әпке, деп қыздар қауымын азғындатып алмайық дейді. Соқыр сезім жігіттерге жиіркене қарайды.
«Әйел деген – Алла берген қыздарың, Қамын ойлап, жүрек талай сыздады. Еркелеп кеп асылғанда мойныңа, Еріп кетер көңілдегі мұздарың», – жаны жайсаң жандардың жүрек сөзін жеткізеді.
Бақыт туралы былай дейді:
«Бақыт деген – туған жерде жүргенің, Бақыт деген – қуанғаның, күлгенің. Бақыт деген – жоқ іздеген әр күнің, Бақыт деген – тәубе деп өмір сүргенің».
Кітаптың басты құндылығы – жыр жолдарындағы адамгершілік пен махаббат, тағылым мен тәлім, мейірім мен ізгілік іздері. Бұлардың бәрі де мәңгілік тақырып. Бұған әркім өз топшылауымен келеді. Нұрлан Қалқада сол дәстүрді жалғастырған. Тек жалғастырып қоймай, әдемі түйіндер жасаған. Жыр жинағы осынысымен құнды, құнарлы.
Қуаныш ТҮНҒАТАР.