Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Павлодарда осындай атаумен әдеби жиын өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағынан арнайы делегация келіп қатысты. Өңірге ат басын тіреген қаламгерлер алдымен ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Одан кейін одақтың жергілікті филиалының жұмысымен танысты. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет өңірлік филиалдың жұмысын оң бағалады.
– Талай мықтылар шыққан Ертіс-Баян өңірінен қазақ әдебиетінің бойына қан жүгіртетін жастар қаулап келе жатыр. Әдебиетке жас толқын, жаңа күштің келуі қуантады. Кез келген бастамаға өз тарапымыздан қолдау білдіруге әзірміз. Жергілікті қаламгерлерді қолдап отырған облыс басшылығына алғысымыз зор, – деді Ұ.Есдәулет.
Жиында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың «Туған жер төсінде», «Кереку жырлары», «Замандастар» кітаптарының және жазушы Ғалымбек Жұматовтың «Антивирус» сатиралық жинағының тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ бұл күні жергілікті бес ақынға Қазақстан Жазушылар одағы мүшесінің куәлігі тапсырылды. Атап айтқанда, Бағдат Дүйсенов («Ар мен Ай» өлеңдер жинағының авторы), Бейбіт Бөжен («Өлеңдерім – өмірбаяным», «Ел – тұғыр»), Қуаныш Шарманов («Сиялы сыр», «Дәріс дәптерлері», «Төрт өрім»), Айбек Оралхан («Алты аңғар»), Алпысбай Хонж («Әріпті соттау») және Еламан Қабділәшім («Өмірқос», «Өлеңбаян») одаққа мүше болды.
Бұдан бөлек, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде «Жазушы Рамазан Тоқтаров және бүгінгі әдебиет» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, музей қорында сақталған жазушының жеке заттары, домбырасы, қолжазбалары көрмеге қойылды. Музей директоры Ербол Қайыров құрметті қонақтарды өңір әдебиеті мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін жәдігерлер және құнды деректерге толы рухани орданың жұмысымен таныстырды.
– Жазушы Рамазан Тоқта- ровтың есімі бізге жас кезімізден таныс. Шығармаларын қалт жібермей оқыдық. Әсіресе, «Бақыт», «Ертіс мұхитқа құяды», «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Абайдың жұмбағы», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Бітеу жара» деген романдары қолдан-қолға өтіп оқылатын шығармалар еді. Ол кісімен 1983-1985 жылдары Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтының жоғары әдеби курстарында бірге оқыдық. Ол – проза бөлімі мен поэзия бөлімі бойынша білім алдық. Екі жылда аға-іні ретінде өте жақсы араластық, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Жиын барысында Рамазан Тоқтаров есімін Павлодар қаласындағы көшелердің біріне беру туралы ұсыныс айтылды. Қатысушылар бұл бастаманы қолдап, мәселенің оңынан шешілуіне сенім білдірді.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері Рамазан Тоқтаров облыстық бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінде қызмет еткен. 2002 жылы Павлодар қаласындағы өзі қызмет еткен облыстық газет редакциясының ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған болатын.