Елбасы биылғы Жолдауында жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру керектігін айтып, мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын. Ендеше, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында өңірлік театрлар мәселесінің талқылануы осы тапсырмаларды орындаудан туындағаны айқын.
Отандық театрларымыздың көкейкесті проблемалары бұрын-соңды бұлайша Үкімет деңгейінде қаралмаған екен. Мұның өзі қазіргі таңда елімізде мәдени салаға ерекше мән беріліп, рухани дүниеміздің түгенделуіне ден қойылғандығының белгісі болса керек.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз алдағы уақытта рет-ретімен ұлттық мәдениетіміздің басты салалары: театр, кино, кітапхана және музей істеріне арналған Үкімет отырыстарын өткізіп, осы салалардағы қордаланған мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолдарын қарастыратын боламыз. Міне, осындай талқылаулардың негізінде еліміздегі Мәдени саясаттың 2030 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы жасалатын болады», деді отырыста бас баяндамашы – Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед .
М.Құл-Мұхаммед бұдан әрі өңірлік театрлардың басты мәселелеріне жеке-жеке тоқталды. Мәселен, театрларымыздың бүгінгі ең басты проблемасы – оларға арнап салынған замана талабына, биік өнердің биік талабына сай ғимараттардың жетіспеушілігі деп атаған министр проблеманың тағы бір үлкені театрға қажетті арнайы сахналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі екендігіне баса назар аудартты. Үшінші өзекті мәселе деп олардың репертуарын айтуға болады.
«Жалпы, репертуар қалыптастыру – шығармашылық процесс. Осы тұрғыдан келгенде түрлі театр басшыларының талғамы бір жерден тоқайласа бермеуі мүмкін. Дегенмен, театрдың қойылымдары өзінің көркемдік сапасы, тәрбиелік мәні, көтерген әлеуметтік жүгі тұрғысынан биік талаптарға сай болуға тиіс. Кейінгі 4 жыл ішінде еліміздің театрлары 48 397 қойылым жасап, оларға 8,5 млн. көрермен келген. Бір ғана Әуезов театрында жыл сайын 45 қойылым, ал Лермонтов театрында 32 спектакль сахналанады. Облыстық театрларда олардың саны біршама аз және ол негізінен жергілікті көрермендердің талабына негізделген. Облыстық театрлардың репертуары назардан тыс қалмауы үшін біз жақында министрлікте репертуарлық коллегияны қайтадан қалпына келтірдік», деді министр.
М.Құл-Мұхаммед екі республикалық және үш облыстық театрлардың репертуарлары Мәдениет және ақпарат министрлігі алқасында талқыланатынын хабарлады. Сонымен бірге, өңірлік театрлардың облыс әкімдіктерінің қарауында болғандығынан, министр өңірлер басшыларының назарын репертуарлық саясатты бақылауда ұстауға аударды.
«Тұтастай алғанда, министрлік репертуарлық саясат мәселелерін шешуде театрларға әдістемелік және шығармашылық көмектер көрсетуге дайын», деді М.Құл-Мұхаммед.
Репертуар туралы әңгіме қозғағанда, жаңа қойылымдарға бөлінетін қаражаттың жетімсіздігі туралы айтпау мүмкін емес. Осы мәселеге де тоқталған министр республикалық театрдағы бір спектакльді сахналауға 2 млн. теңгеден жоғары қаражат жұмсалатыны, ал бұл Ресей театрларымен салыстырғанда 10-15 есе аз екенін алға тартты. Бұл ретте аймақтық театрлардың бюджетін қарастыратын облыс әкімдерінің қаржы, экономика жөніндегі орынбасарлары мұқият болып, театрларға мүмкіндігінше қаржылық жағдай жасауы керектігін ұсынды.
Театрлар басындағы тағы бір үлкен мәселе – гастрольге жеткілікті дәрежеде мән бермеушілік. Ал келесі үлкен мәселе – жалақы мәселесі. «Бұл проблема республикалық деңгейде біртіндеп шешіліп келеді. Облыстық театрдың әртістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кейбір театрдағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алады. Сондықтан әкім әріптестеріме облыстық театр әртістерінің, театр ғана емес, жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын мұқият қарап шығып, оларды 1.7 немесе 2.0 көтерме коэффициенттерін пайдалану арқылы жалақыны жергілікті бюджет есебінен өсіру мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», деп атап өтті министр.
Шешімін күткен мәселе ретінде театрлардағы кадр, әсіресе, оның бастысы, режиссер мамандығының жетіспеушілігін айтуға болады. Облыстық театрлар үшін үнемі күн тәртібінен түспей келе жатқан келелі мәселелердің бірі – әртістерді баспанамен қамту мәселесі екендігін де еске салды. Елбасымыз үнемі өнер адамдарына қамқорлық жасаудың үлгі-өнегесін көрсетумен келеді. Тек өткен жылы ғана Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа опера және балет театрының әртістеріне 100 пәтер бөліп, олардың жалақыларын еселеп өсірді. Өкінішке орай, облыстық театрлардағы жағдай мүлде басқаша. Кейінгі екі жыл ішінде Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық театрларына бірде-бір пәтер бөлінбеген, деді министр.
Мәдениет және ақпарат министрінің мәліметі бойынша, соңғы төрт жылда отандық театрларда 48 397 спектакль қойылып, оны 8,5 млн. көрермен тамашалаған.
Отырыс қорытындысында Президенттің халыққа Жолдауында ұзақмерзімді мәдениет саясаты тұжырымдамасын қабылдау қажеттігі айтылғанын, ал оны жүзеге асыру театр өнерін дамытпайынша мүмкін болмайды, деген сөзін тілге тиек еткен Премьер-Министр Үкімет мәдениет саласына, оның ішінде театрлар жұмысын дамытуға айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. Талқылауды түйіндей келе, С.Ахметов орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».