• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2021

Мигранттар денсаулығына мән бермей болмайды

216 рет
көрсетілді

Қазір Еуропа елдерінің көбі бетперде тақпаған, локдаун болмаған сияқты. Бұл ай­мақтағы вакциналау деңгейінің жоғары болуынан десек болатындай. Еуропалық одақ­қа мүше бірқатар ел COVID-19-дан кейінгі жаңа болашаққа аяқ басты. Деген­мен коронавирус пандемиясының бірнеше толқынынан аман шыққан кәрі құрлық­тың көптеген тұрғыны үшін көпшілік жиналған жер әлі де қауіп сезімін туғызады.

COVID-19 инфекциясы 2020 жылы Еуропаға заңсыз иммиграция ағы­нын едәуір төмендеткенімен, 2021 жыл­ға қарай босқындар көші қайта қа­лың­да­ды. Мигранттар шекаралар жабыл­ған уақыт­та өткен уақыттың орнын тол­тыруға асық­қандай. Өйткені көші-қон дең­гейі ай­тарлықтай артқан. Те­ңіз арқылы өту сияқты қауіпті бағыт­тардың көбею ықтималдығы да болжанып отыр.

Мигранттардың осалдығы мен олар­дың экономикалық әсерін ескерсек, Еуро­палық одақ COVID-19 пандемиясы­нан кейін өздері күткеннен біраз басқаша сценарийге тап болуы әбден мүмкін.

 

Коронавирус көші-қонды қаншалықты кемітті?

Пандемия басталғаннан бір жарым жылдан астам уақыт өткен соң, түрлі талдаулар мен сараптамалар Еуропа елдеріндегі COVID-19 шектеулері мигранттар мен пана іздеушілерге қалай әсер еткенін көрсетті.

Шекаралық бақылау, елден шығу­ға немесе басқа елден келуге шектеулер және вирустың таралуын болдыр­мауға бағытталған басқа да шаралар бастапқы­да Еуропаға көшті едәуір азайтты.

Еуропалық комиссия 2021 жылдың басында «2020 жылы Еуропа одағына мүше елдерден пана сұрау өтініштері 33%-ға төмендеді» деген мәлімдеме жасады. Комиссияның айтуынша, шекаралардан заңсыз өтудің азайғаны соншалықты, соңғы рет мұндай төмен статистика 2013 жылы тіркелген. Бұған адам құқықтарына қатысты кейбір реттелмеген жағдайлар да әсер етті.

Көптеген пана рәсімдеу бюросы мен консулдық жабылды, ал кейбір порттар тіпті қауіпті деп жарияланды.

Қайсыбір жағдайда пана сұраушылар тіпті өтініш те бере алмады. Қозғалыс еркін­дігін шектеу кей жерлерде бос­қын­дарды антисанитарлық жағдай­да қалуға мәжбүр етті. Олар келген ел­дерінде бірден карантинге жатқызылды.

Коронавируспен күрес шаралары Еуропаға иммиграцияны азайтып қана қоймай, мигранттардың келу жолдарын да өзгертті. Атап айтқанда, Грекия ше­карасының жабылуы пана ізде­гендерді Шығыс Жерорта теңізінен алыстатты. Ал Солтүстік Африка арқылы Италияға апаратын Орталық Жерорта теңізінде көптеген мигрант қайтыс болды.

 

Заңсыз иммиграция тағы қарқын алды

ЕО Frontex шекара агенттігі 2021 жылға арналған басқа болжам жасап отыр.

Frontex-тің соңғы мәліметтеріне назар аударсақ, 2021 жылдың қаңтарынан тамызына дейін ЕО-да заңсыз көші-қон өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға ұл­ғайған. Албания, Сербия және Сол­түс­тік Ма­ке­дония сияқты Балқан елдері мен Түр­кия арқылы өтетін және Орта­лық Жерорта теңізі бағыттары бойынша ағын екі есе артқан.

«Мұндай өсім COVID-19 шектеулері жойылғаннан кейін көші-қон ағынының қайта басталуына байланысты», дейді Frontex сарапшылары.

Ұйым мәліметінде Шығыс Жерорта теңізінде шекараны заңсыз кесіп өту саны азайғаны көрсетілген. Бұл жоғарыда атап өткеніміздей, Грекия шекараларының жабылуына байланысты болуы мүмкін.

2021 жылы қауіпті Орталық Жерорта теңізі бағыты арқылы шекараны заңсыз кесіп өткендігі тіркелген 41 мың адам­ның көбі – тунистіктер. Одан кейін Бангладеш пен Мысыр азаматтары тұр. Ливия мен Тунис те азаматтары көптеп көшіп жатқан елдер қатарында.

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) 2020 жылдан 2021 жылға дейін Орталық Жерорта теңізі арқылы заңсыз өт­кен­дердің саны екі есе көбейгенін айта келе, биыл қыркүйекке дейін теңізде 1 163 мигрант жоғалды деп хабарлады. Ал өт­кен жылы дәл осы уақыт аралығында жоғал­ғандар саны 600-ден  асқан.

«Өкінішке қарай, биыл мыңнан астам адамды мезгілсіз жоғалттық»,  деді ХКҰ-ның ғаламдық көші-қон деректерін талдау орталығының (GMDAC) қызметкері Джулия Блэк.

Батыс-Балқан бағытында да өткен жылмен салыстырғанда заңсыз әрекет­тер екі еселенген. Олардың көпшілігі – Сирия, Ауғанстан және Мароккодан келген мигранттар.

Ендігі бағыт – Еуропаның  солтүстігі

«Әлеуметтік-саяси және эконо­ми­ка­лық тұрақсыздық, COVID-19 ден­саулық дағдарысының жағымсыз және ұзаққа созылған салдары халықтың наразылығын күшейтеді және ЕО-дағы заңсыз көші-қонға қатысты қысымды күшейте түседі», дейді Frontex.

Халықаралық көші-қон саясатын дамыту орталығының (ICMPD) аға кеңесшісі Мартин Хофман: «COVID Еуропаға заңсыз көші-қонды ынталандыратын факторларды күшейтеді деп сеніммен айтуға болады. Мәселен, Тунисте туризмнің құлдырауы және табыстың одан әрі төмендеуі халықты Еуропаға тұрақты емес жолмен кіруге мәжбүр етті», дейді ол.

Көші-қонның тағы бір маңызды факторы – экономиканы қалпына келтіруде біркелкіліктің болмауы. Бұл адамдарды шетелде табыс табу мүмкіндігін іздеуге мәжбүр етеді. Хофман бұған мигранттардың Еуропаның солтүстігіне беттеуі дәлел дейді. Осы ретте мигранттар ағыны тек қана экономикаға емес, COVID-19 вирусының таралуына да әсер ететінін айтқан жөн.

 

«Домино әсерін» ескеру маңызды

Енді ең маңызды мәселе – мигранттар­дың осалдығы вирустың таралуына себепші екенін ескеру.

«Заңсыз келген және біліктілігі төмен мигранттардың өмір сүру және жұмыс істеу сапасы төмен. Бұл олардың арасында COVID-19 инфекциясының салдарынан қайтыс болу деңгейі басқаларға қарағанда жоғары екенін білдіреді», деді ХКҰ сарапшысы Аша Манохаран.

Оның айтуынша, заңсыз мигрант­тардың медициналық көмекке, соның ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинаға қол жетімділігі шектеулі.

«ХКҰ әлемнің 152 елінің тек 33%-ы өздерінің ұлттық вакциналау жоспарларына заңсыз мигранттарды да қосқанын анықтады», деді Аша Манохаран.

Дегенмен, мигранттар Еуропада, тіпті бүкіл әлемде жұмыс күшінің маңызды бөлігі екенін ескерген жөн.

ЕО-дағы барлық негізгі жұмыс­шының 13%-ы – иммигранттар. Соны­мен қатар Еуропаның көптеген елі маусым­дық ми­гранттарды қажет етеді. Бұл пан­де­мияның алғашқы жылында егін жинау кезеңінде қатты білінді.

Сондықтан ЕО және басқа да мемлекеттер мигранттардың денсаулық мәселесін шешу үшін нақты саяси шаралар қабылдауы қажет. Сарапшылар ЕО мигранттарды да Денсаулық сақтау және вакциналау жоспарларына нақты енгізуі мүмкін деген болжам айтады.