• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2014

Алтынай ғайыптан ғажайып жасаған өнер иесі еді

508 рет
көрсетілді

Тарихтың қай қиырына көз салсаңыз да ұлт пен ұлттың ықпалдасуына жекелеген тұлғалардың достығы, бірігіп жасаған бастамалары сеп болады екен. Замана тілінде біз оны ИНТЕГРАЦИЯ деп айтып жүрміз. Тағдырлы жандардың бірігуі мыңдаған адамдардың өміріне игі шапағатын тигізіп, қуаныш сыйлай алатындығы туралы мысалдарды өмірдің барлық саласынан табуға болады. Ал біздің кейіпкеріміз Алтынай Байтоқанова Қазақстан мен Ресейдің мәдениеттері арасына алтын көпір салып, Үлкен Қазақ циркіне иллюзия жанрын алып келді. Және жаңа өнерге ұлттық нақыш сыйлады. Ай мен күндей Алтынай қазақтың өнерін Батыс пен Шығыста жарнамалады. Алтынайдың ұстазы – Ресейдегі цирк өнерінің қайталанбас тұлғасы Игорь Кио болатын. Өмірден ерте озған Игорьдің аты аталғанда орыс ағайындар осы күнге дейін тағзым етсе, өкінішке қарай, біз де Алтынайдан қапыда айырылып қалдық... Оған да, міне, тура бір жыл толыпты... Бәрі де көрген түстей. Осыдан бір мүшел уақыт бұрын Алтынай әзіл-шынын араластырып: – Әркім тәуелсіздігіміздің 10 жылды­ғына арнап қолынан келетін тартуын жасапты. Мені өз елінің патриоты демей көріңдерші, тәуелсіздік мерекесіне өз үле­сімді қосу үшін басымдағы жалғыз баспанамды сатып жібердім, ал, – дейді. Расында да, ол өз арманын іске асыру үшін сол кезде үйін сатып жіберген   болатын. Арман демекші, «кісінің мақсаты», «адамның арманы» дегенде менің есіме үнемі Алтынай түседі. Бала күнінен үлкен сахналардан көрі­нуді, әйгілі өнер адамы болуды ар­ман­даған Алтынаймен біздер бала кү­німізде Алматыда тұңғыш рет оқушылар арасында өткен Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында танысқан едік. Осылайша, Жездіден хат алысып жүріп, бірнеше жылдан кейін біздер ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде табыстық. Ақиқатын айтқанда, студенттік жылдарда екеуміз арадан қыл өтпейтін достар болып кеттік деп айта алмаймын. Алма­тыға арман қуып келген барлық баспа­насыз жастар секілді ол да біраз тәлкекті көрді. Университет бітіргеннен кейін Алтынай баласын бағып, табысын табу үшін көрген хикметтерін «көбік сериалдарға» сценарий етіп жазуға болар еді. Алайда, ол кейін сол күндерді еске алуды қаламайтын. Қоңыз теріп кете жаздап жүрген кездерімізде де бір рет еңсесін түсірмегеніне, ешкімнің алдына көмек сұрап бармағанына әлі күнге дейін қайран қаламын. Намысшылдығында шек жоқ. Іші жылап тұрса да бөтен көзге оны көрсетпейтін қайсарлығы тағы бар. Кейін ол өзінің осы күндері туралы «Унесенные ветром» фильміндегі Скар­леттің тапқырлығымен салыстырып, көй­лек­сіз қалғанда пердеге оранып, үлде мен бүлдеге оранып отырғандай, жайнап шыға келетінімен салыс­тырып, рахаттана күлетіні бар-ды. Айтқандай, әңгімені Алтынайдың арманы туралы бастап едік қой. Жур­налистика факультетін бітіргеннен кейін тағдыр бізді тағы да қосты. Қолақпандай дипломымен еш жерден жұмыс таба алмай университет пен жатақхана арасындағы ұзақ жолда жа­бығып келе жатыр екен. Арамыз сал­қын тартып жүрген екеуміз шыжыған ыстықта шүйіркелесе кеттік. Сол күні таң ағарып атқанша бір бірімізге ішіміздегіні ақтардық. Осылайша, түнді таңға ұрып әңгімелесу әдетке айналды. Біз осылайша жиырма жыл сырласқан екенбіз... Осыдан кейін ҚазҰУ-дің қайырымды бір комендантына кезігіп, Студенттер қалашығында тағы бірнеше жыл тұрақ­тадық. Ол кезде біздің баспанамыз да,  ақша­мыз да, тұрақты жұмысымыз да жоқ, арман-тілектеріміз ғана бар. Өмір сүру­ге деген ғажайып құштарлық қана бар еді. Бастапқыда ол барлық мекемелерде қысқарту жүріп жатқандықтан, дүңгір­шекте сатушы, кеңселерде еден жуу­шы, циркте жарық түсіруші болып істеп жүрді. Өйткені, цирктің қонақ­үйі­нен балалы Алтынайға бір бөлме бұйыр­ды. Алтынайдың еңбекқорлығын, әртүр­лі қызықты идеяларға толы болмысын байқаған цирк басшылығы оны менед­жерлікке, сосын жүргізушілік қызмет­терге ауыстырды. Алайда, осы қызметін жал­ғастыра жүріп, Алтынай өзінің негізгі мамандығы – журналистикадан қол үзіп қал­мау үшін радиода да қатар жұмыс істеді. Сол жылдары жаңадан ашылған Радио-ситиге оны қызметке шақырғанда, қазақ тілінде тартымды бір бағдарлама жасауды аңсап жүретін ол бірден әуе тол­қынында «Алтынаймен бірге» бағдар­ламасын дүниеге әкелді. Бірақ, аз жетістікке алданатын Алты­най ма?! Ұдайы үлкен өнер туралы ар­мандайтын ол құдайдың берген қабілетіне қиянат жасап жүргендей көрінетін. Күндіз-түні тынбай, бірнеше жұмысты қатар алып жүріп, әрең де­генде қолы жеткен қаланың қақ орта­сындағы ұядай пәтері, бәрі-бәрі оны алдандыра алмады. Сөйтіп, 2001 жылы жыл басында ап­тығып келіп, жаңа идеясымен бө­ліс­кен-ді. Бұрын-соңды Орталық Азия­ның цирк өнерінде болып көрмеген жа­ңа нөмір қалай жасалатыны туралы айт­қанда Алты­найдың көздері жанып кетті. Ең бастысы, бұл нөмірді қазақ цир­­кіне алып келу үшін аса қомақты қара­жат керек еді. Сондықтан ол маған сол кезде қолдан келмес шаруа сияқты көрін­гені рас. Кім армандамайды?! Алайда, Алтынай айтып қоя салатын адам ба, араға санаулы күндер салып: «Нартәуекел, мен сол нөмірді жасау үшін пәтерімді сатамын. Басқа жерден қаржы көзі табылмай тұр», деп қарап тұр. Оның бұл шешіміне талып қала жаздадық. Басынан кешкен талай тау­қы­метіне куә болған біздер бір бөл­мелі пәтерін екі бөлмеліге енді ғана кеңейтіп, жаны жайланғандай болған Алтынайға үйіңді сатпа деп өлердегі сөзімізді айтқанымызбен, ол айналасы бір айдың ішінде пәтері мен бар іске татыр дүниесін сатып, жаңа нөмірді жасау үшін Мәскеуге ұшатын болды. Халықаралық әуежайдан ұшаққа шығарып салу үшін бірнеше достар барып, көңілдендіріп тұрдық та, ол тір­келуден өтіп ұшу залына беттегенде жүрегім дүрсілдеп, көзіме жас келе бастады. Ол да осыны алыс­тан сезгендей дауысы дірілдеп, қол бұлғады. Неге екенін білмеймін, осыдан кейін ет-бауырым езіліп, көзімнен жас парлап кетті. – Жаным-ау, бір жапырақ болып қайда кетіп барасың? Не деген тынымсыз жан едің? Енді сенің жаныңа не керек? Жаратқан Ием, қарғадай бір қызға қамқор бола гөр! Ұры-қарыдан, жаман адамдардан сақта! Арманына жеткізе гөр! – деп іштей Аллаға жалбарынып аспанға біртіндеп көтеріліп, ұзап бара жатқан ұшақтың артында қала бердік. Осыдан кейін де шетелдерге Алты­найды жүз рет шығарып салып, жүз рет қарсы алдық. Күліп-ойнап кетеді де, артынып-тартынып, оралып жататын. Бірақ, сол күні неге егіліп жыла­ғанымның мәнін енді түсіне бастаған сияқтымын. Осы өнердің жолында құрбан боларыңды қу жүрек сезді ме? Сонымен, біз күткендегідей Ресейдің кісісі құмырс­қ­а­­­­­дай құжынаған мегаполис қаласында арман қуған қа­зақтың бір жапырақ қызы адаспай, араға айлар салып, жадап-жүдеп қайтып келді. – Қалай? – деген біздің күдігі мол сұрағымызға ол нөмірдің бейнетаспаға жазылған алғашқы сұлбасын көрсетті. Осылайша, Алматыдағы Үлкен Қазақ циркі тамаша нөмірмен толықтырылған еді. Бүкіл Орталық Азияда бұрын-соңды бол­маған бұл жаңа цирк өнерінің сиқыр­лы-транформациялық үлгісін елімізге әкелген, бұрын өнер әлемінде аты естілмеген Алтынай Байтоқанова еді. Алтынайға алғашқы кішкентай кө­рер­­мендері, тіпті, ересектердің өзі де таң­даныс білдіріп, нөмірдің құпиясын ұға алмай: «Сіздің сыңарыңыз жоқ па? Көз алдымызда тұрып көйлектеріңізді қалайша ауыстырып үлгересіз», деп қызығушылық білдіретін. Сахнада ауыстыратын сиқырлы көй­лек­терінің жетіншісі – ол билеп жүріп, бір мезетте еліміздің көк бай­рағына оранады да, ту тарқатылғанда жарқырап жалау түстес көгілдір көй­­­лекке малынып шыға келеді. Көрер­­мендердің ризашылықпен қол соғатын тұсы да осы сәт! Адамның жаратылысы қызық қой, біреулер ішіп-жегеніне, біреулер күнінің өткеніне мәз. Енді біреулер зымырап өтіп жатқан уақытпен алысып, арман-мақсаттарын жүзеге асырумен әлек. Ал менің сол тұста ұққаным, кісі дегеніне жету үшін ғайыптан бір ғажайыпты кү­­тіп отырмай, тәуекелді желқайық етіп, Алтынайша жүзіп кету керек екен. Осылайша, жаны бір сәтке де байыз тауып көрмеген Алтынайдың бала күнгі бір арманы орындалды. Өзінің әдемі бір әлемін ашты. Кейде ұзақ түндер ойлана келе Алты­найдың осы өнерді таңдауының сырын балалық шағының түкпірлерінен де іздеймін. Көпбалалы отбасында туған, атасы мен әжесінің қолында өскен, ата-ананың мейіріміне толық қанбай, жақындарының қамқорлығын аңсаған ол оны өз өмірінен де таба алмай, сол өлшеусіз ықыласты өнерден іздегені ақиқат. Сөйтіп, әлемге Алтынайдай жаратылысы бөлек жан бар екенін паш еткісі келді. Сан алуан көйлекке малынып, жасырынып жатқан сұлулығын паш етті. Ол сөзсіз талантты еді! Қандай тірлік­­ті қолға алса да түбіне дейін жеткі­зіп, мінсіз болып шыққанын қалайтын. Оның ісмерлігі мен сурет салатын өнері бар екендігі өзіне ғана аян. Кейін иллюзиялық шоуды жасағанда да оның құпиясын ашып алмау үшін ғажайып көйлектерді өзі тікті. Әрбір тасына дейін өзі қадады. Көз майын тауысып, таңды таңға ұрып, таңғажайып маталардан өнер жасады. Тамаша аудармалар жасады. Кейінгі жылдары айтулы мәдени шаралардың сценарийлерін жасап жүріп, әйгілі хит әндердің қазақша мәтінін жасады. Өлеңді өзінде де ақындық бар, тіл байлығы бар адам ғана нәшіне келтіріп, буынынан ауытқымай аудара алатыны ақиқат қой. Екі тілге де жүйрік Алтынай Швей­царияда, Италия мен Түркияда келісімшартпен айлап өнер көрсетіп жүріп, осы елдердің тілін де тез меңгерді. Сол баяғы еңбекқорлық, сол баяғы намыс. Ең болмаса, өз елінің атын, қай­дан келгенін, өзінің нөмірін таныс­ты­руды үйренемін деп жүріп, бірнеше тілді қоса меңгеріп алды. Қызық, өзімен сыралғы емес адамға ол бір қарағанда бас­қаша да болып көрінетін. Әрине, Алтынайда мінез болды. Егер ол мінезсіз болса бұл биікке шыға алмас еді. Аң­қылдап-жарқылдап отырса да, айналасындағылардың қас пен қабағындағыны аңғарып, алыстан ойлап отыратын. Әйтпесе, отыз жасында адам мұн­дай өнерге келе ме? Цирктің кез кел­ген жанры адамдардың балалық ша­ғын ұр­лайтыны ақиқат қой. Цирк май­тал­ман­дары күндіз-түні жаттығып, машық­танып, жастық шағын сарп етпей ме? Осылайша, Алтынай басқалардың онда­ған жылдар бойы жасай алмайтынына талантымен, қажырлылығымен бірнеше жылда жетті. Оншақты жыл ішінде өнер­дегі танымал адамдардың біріне ай­налды. Бірегей ешкім қайталамайтын өнер жасады. Адам қандай кәсіппен айналысса да оның шыңына жету керек деп есеп­тейтін Алтынай Қытайда өткен Иллю­зионистердің халықаралық фестивалінде Гран-Приді де жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен «сен тұра тұр, мен атайындар» келіп жатқанда оның жүрексінсе де жеңілмегенін көріп таңғалмау мүмкін емес еді. Бас жүлдені жеңіп алғанда қуана-қуана sms-тер жіберумен болды. Алайда, мен үшін сол жолы жұмбақ болып қалған жағдай бар. Ел өнері үшін ерекше оқиғаны жерде қалдырмай, баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, сүйінші сұрамақшы болғанбыз. Ол бірақ, ұшаққа отырар алдында өте көңілсіз хабарласып: «Өзіміздің тамақты сағындым. Журналистер де, ешкім де керек емес. Достарға да бүгін келмейді екен деп айтарсың», деді. Сонымен бүкіл Қытайды таңдан­дырып келген қызымызды екі-үш адам ғана қарсы алдық. Түнделетіп келген Алтынай фестиваль туралы, қиын болғаны жайлы қызықты әңгі­мелеп отырса да, көңілі пәс болды. Алып келген жүлдесін, дипломын, суреттерін тамашалап көріп отырдық. Әлемдегі ең әйгілі Монте-Карлодағы иллюзионистердің «Магия жұл­дыздары» деген фестиваліне шақырту алыпты. Ал бұл Алтынайдың екінші арманы болатын. Кез келгенді есігінен сығалата бермейтін аса беделді фестивальға қатысу осы өнердің шыңына шығудың белгісі болатын. Бұл фестивальға алып Ресейдің өзінде арнайы шақырту алған өнерпаз саусақпен санарлық еді. Бірақ, сол түні шаршамайтын Алты­най шаршадым деп жатып қалды. Таңертең ол маған түнімен жылап шыққандай көрінді және неге екені, бұл жайында тіс жарғысы келмеді. Одан кейін көңіл күйін қайта бұзбау үшін қазбалап сұрауға батпадым. Не­ден көңілі қалды екен деген сауал маған көпке дейін тыныштық бермеді. Ешнәр­сесін жасырмайтын Алтынайдың бір сыры ішінде кетті. Бас жүлде алып кел­гені туралы баспасөз мәслихатын ке­йінге ысыра берді, ешкімді көргісі келмеді. Дегенмен, Алтынайдың осы өнердің иесі мен киесі бар екендігіне уақыт өте келе көзі жете бастады. Бір жағынан Алтынай осынау соқпаққа кездейсоқ түсті деп те айтуға келмес. Өз өмірін өзі кейде саралап, салмақтап отырған кездерінде санасының түкпірінде бір тылсым осы өнерге біртіндеп жетелеп келгенін де түсіндірмек болатын. Бірде тығырыққа тіреліп, қиналғанда Жамбыл бабаның басына барып қай­тайықшы дегені. Шетелге де кете алмай, Алматыдан үй ала алмай әрі-сәрі болып жүрген кезі. Сөйтіп, Астанадан келген досымыз Жаннаны алып, Ұзынағаш жаққа тартып кеттік. Сүліктей қара көліктің рөлінде өзі. Сұрастырып жүріп, Жамбыл атаның басына да жеттік-ау. Алланың құдіреті, жылдың қай мезгілі екені дәл есімде жоқ, тура атамыз жатқан жерге келгенде аппақ қар жауып кетті. Әйтпесе, бұл қар жауатын мезгіл емес бола­тын. Алтынай аспаннан үлпілдеп түсіп жатқан қарларға қолын тосып: «Құ­дайға шүкір, жолымыз болады екен!» деп қуанды. Сол жерде дұға білетін кісілерге құран оқытқызып, кері қайтуға жиналдық. Таңғаларлығы, қар Жамбыл ата мен Нұрғиса Тілендиев атамыздың айналасына ғана жауып тұр. Қақпадан бері шыққанда бәрі сап тыйылды, қар түгілі аспанда бұлт та жоқ. Сәл бері шыққанда алдымыздан дүр­кіреп жылқылар кесіп өтті. Алтынай бұған тағы қуанды. Алматыға келгенде зарықтырып күткен қуанышты хабар да келіп жетті. Қай мемлекет екені дәл есімде жоқ, бір елдің продюсерлерімен сәтті келісімшартқа отырып, Италияға аттанып кетті. Қайтадан баспаналы болу үшін баласын тұмсығымен тістелеп, кете барды. Бұл жылдары бізде өнердің кез келген түрі арзан еді. Мүйізі қарағайдай жазушылар қаламақы алмайтын, маңдайға біткен өнер жұлдыздары той жағалауға мәжбүр болған кезеңдер... Алтынай бұл өнерге тым кеш кел­геніне өкінетін де еді. «Он жасымнан, тіпті, он сегіз жасымнан келгенде тау төңкермесем де, соған жуық істерді атқарған болар ма едім», деп күрсінетін. Шетелдерде 30-ға жуықтаған адамдар бұл өнермен қош айтысып жатса, ол жиырма тоғыз жасында келді. Ұлтшылдығы бір бөлек. Еуропаны аралап жүріп, Шығыс пен Батысты шарлағанда адам өз ұлтымен ғана қадір­лі, өз болмысымен ғана бөлек екенін сан рет ұғып, оларды ешнәрсемен таң­ғалдыруға болмайтындығына көзі жеткенде қазақ болып қана ерекшелене алатынын білді. «Менің өнерім – қазақтың құда қор­жыны сияқты, ашқан сайын ішінен інжу де, маржан да, түрлі-түсті мата да, бәрі шығады. Ал бұл өз ұлтыңның барын көрсе­­тудің таптырмас жолы», дегенді ұдайы айтып отыратын. Айтқандай, Алтынай 2010 жылы Иллюзионистердің халықаралық фести­валінде Гран-Приді жеңіп алып, елге келгеннен кейін қытай халқының рухымен таныс оралмандар оған хабарласып, миллиардтан аса халқы бар Қытайдың өз жеріне барып тұрып, алтын алып қайтқаны үшін алғыстарын айтып: «Олар анау-мынау сиқырға таңғала бермейді, оларда ондай сиқыршыдан көп нәрсе жоқ. Өздерінің ашпайтын жаңалықтары да, таппайтындары да жоқ, Сіздің мұныңыз ерлік болды», деген пейілдеріне балаша қуанып, мерейі өсіп жүрді. Айналып келгенде, Алтынай жаны қалаған жолды тапты. Қандай қиындық көрсе де ол үшін ешкімді кінәлаған жоқ. Ешкімге міндет артпады, кісіге алақан жаймады. Керісінше, кейін көп адамға көмектесіп жүретін. Жақсы көретін адамына үйіндегісінің жартысын көтертіп жіберетін жомарттығы бар еді. Өмірі де, өнері де, мінезі де өте күрделі еді... Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.