Елордада халықаралық KIOGE-2021 көрмесі өтіп жатыр. Мұнай және газ саласын қамтитын іс-шараға Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысып, мұнай-газ және сервистік компаниялардың өнімдерімен, әзірлемелерімен танысты.
Беларусь Республикасының Ұлттық стендінде министрге қазақстандық компаниялармен ынтымақтасуға дайын жеті кәсіпорынның өндірісі көрсетілді. Германияның ұлттық стендінде ұсынылған сервистік компаниялар да Қазақстанда бизнесті дамытуға ниетті.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының стендіне министрге отандық әзірлеме ABAI ақпараттық жүйесі таныстырылды. Бұл деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды және таратуды қамтамасыз ететін жасанды интеллект пен машиналық оқытуды қолданатын толық ауқымды Big Data жобасы. Қазір қанатқақты жоба ретінде цифрлы геология, цифрлық бұрғылау, асқынулар мониторингі, экономика сияқты модульдер сынақтан өтуде. Барлық 16 модульді 2022 жылдың бірінші тоқсанында өндіріске енгізу жоспарланып отыр. ABAI Қазақстанның табиғи ресурстарын бағалаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі.
Бұдан бөлек, министр KIOGE көрмесінде кеңінен ұсынылған ресейлік кәсіпорындардың стендтерімен танысты.
– Көрме Қазақстанға жаңа технологияларды тарту және ынтымақтастық үшін біздің кәсіпорындар арасында жаңа байланыстар орнату тұрғысынан өте маңызды. Көрменің болашағы зор. Экспозициялар саны да арта түседі деп сенемін, – деді М.Мырзағалиев.
KIOGE-2021 13-тен астам тақырыпқа арналған. Оның ішінде мұнай өндіру, геофизикалық жұмыстар, инжинирингтік қызметтер, құрылыс, бұзылмайтын бақылау және техникалық диагностика секілді салалар бар. Биыл KIOGE-ге Аустрия, Бахрейн, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Нидерланд, Ресей, Хорватия мемлекеттерінен 156 кәсіпорын қатысуда. Экспозицияның жалпы ауданы 2 700 шаршы метрді құрады.
– KIOGE алаңы барлық бағыт мен аралас салалардың өкілдері үшін ыңғайлы. Біз әрқашан компанияларға мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беруге тырысамыз. Биыл шетелдік компаниялардың көрмеге келуі қиынға соқты. Соған қарамастан 9 ел қатысып отыр, – дейді «Iteca» ЖШС мұнай-газ жобаларының директоры Марина Ли.
Биыл KIOGE көрмесі 27-ші рет ұйымдастырылды. Көрме алғаш рет 1993 жылы Алматыда өз жұмысын бастаған болатын. Бұл Орталық Азиядағы ірі салалық іс-шараға айналды. Жыл сайын KIOGE-ге белгілі әлемдік компаниялар – жер қойнауын пайдаланушылар, сервистік кәсіпорындар, жабдықтарды жеткізушілер, консалтингтік фирмалар, кәсіптік одақтар мен қауымдастықтар, қазақстандық және халықаралық даму институттары қатысады.