«Қазақстан» орталық концерт залында «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының алтыншы маусымы қорытындыланды. Байқауды Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткізді. Финалдық концерттік бағдарламалар аясында 14 облыстан және Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 17 үміткер өз өнерлерін үлкен сахнада паш етті.
7 қазанда «Шетелдік және отандық хиттер» атты концерттік бағдарлама өткен болатын. Онда жас әртістер танымал композиторлардың әнін орындап, бірегей нөмірлерін ұсынды. Балалардың өнерін эстрадамыздың жас жұлдыздары бағалады. Олардың ішінде Әли Оқапов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбеков, Бейбіт Көшқалиев және Диана Снегина бар.
Ал 9 қазан күні байқаудың 5 жылдығына және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Туған күніңмен, «Бала дауысы!» гала-концерті өтті.
Балалар тәлімгерлермен – өткен жылдардың финалистерімен бірге авторлық ән композицияларын орындады. Алтыншы маусымның Гран-при иегері – Нұр-Сұлтан қаласының өнерпазы Жасмина Түзелова атанды. Оған Ұлттық Өнер университетінде оқуға грант берілді.
Бірінші орын – маңғыстаулық Әмина Асғатоваға берілсе, екінші орын – алматылық Юлия Макс пен Қарағанды облысынан Виктор Емельяновқа бұйырды. Қалған үш финалист үшінші орын сыйлығына ие болды. Олар – Атырау облысынан Алтынай Төлеген, Қызылорда облысынан Мадияр Серік және Түркістан облысынан Майя Болат.
«Телекөрермендер жүлдесі» аталымында Батыс Қазақстан облысынан келген Санжар Дәукенов жеңімпаз атанды.