Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер электронды жолақы жүйесіне ауысып, қазір жоба сынақ жүзінде жүргізілуде. Бірақ осы сынақтың әлі бітер түрі жоқ.
Еліміздегі автобустарда электронды билет жүйесін қолдану Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты мегаполистерде, одан әрі қарай Түркістан, Ақтау, Ақтөбе, Семей қалаларында жүзеге асырылды. Үкімет басшысы Асқар Мамин былтыр қараша айында басқа да облыстарды осы жүйеге көшіру туралы тапсырма берген-ді.
Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезіндегі қиындықтар, сынақтар жаңа жүйенің бірте-бірте күнделікті қолданысқа енуіне кедергі бола алмады. Автобус карталарымен төлеу, сараланған тариф негізінде жолақысын өтеу бір ізге келтірілді. Жолаушылар бұрынғыдай ұсақ тиын алып жүрудің қажеті жоғын түсіне бастады. Ең алдымен тұрғындардың жаңашылдықты түсініп, қолдағаны қажет. Жол жүру картасына айына бір рет ақша салып, жүре бересіз. Жолаушы картаны құрылғыға басқан кезде жасыл нүкте жанып, жолақы алынады.
Қазір облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасында жаңа жүйені енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Екібастұз қаласында да электронды төлем жасау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Автобус кондукторларының барлығы мобильді, стационарлы валидатор арқылы жолақы қабылдайды. Ал облыс орталығындағы қоғамдық көлік кондукторларының басым бөлігі мобильді валидаторды пайдалануда. Сонымен бірге қалалық трамвай басқармасында интервал сақтау, картамен төлеуде қиындық жоқ. Ал жалпы қоғамдық көліктер – трамвай мен автобустарда қажетті құрылғылар орнатылуда. Қалай қолдану қажеттігі екі тілде түсінікті жазылған. Әлеуметтік жеңілдік қарастырылған, қызметтік және қарапайым, түсі әртүрлі карталар бар. Қоғамдық көлікті жиі пайдаланатындар үшін қосымша бонустар болуы мүмкін. Тарифтік кесте сақталады. Алғашқы кезде қалада қолданылатын барлық тариф қолжетімді болады. Ал жүйе іске қосылғаннан кейін сараланған тариф енгізу жоспарлануда. Картамен төлеу тиынмен төлегенге қарағанда арзан. Жаңа жүйе жолаушылар туралы мәліметтерді саралап, қандай бағыттағы маршруттар сұранысқа ие, қайсысын оңтайландыруға болатынын анықтай алады. Сонымен қатар валидаторлар жолақы төлеуді ашық жүргізуге көмектеседі. Мысалы, көлік компаниясын субсидиялау қажет болса, әкімдіктер нақты жағдайды жүйе арқылы көре алады. Көлік компаниясының иесі күніне 1 мың жолаушыны тасымалдағанын жеткізсе, құрылғы 100 адамның өткенін көрсетіп береді. Бірақ мәселенің мәнісіне келсек, әлі де автобус жүргізушілері, кондукторлар мен кейбір жолаушылар жаңашылдықтың енгізілуін құптамайтын көрінеді. Олар жаңа жоба енгізілсе, табыс азайып қалады деп күдіктенеді.
Қоғамда қызу талқыға түсетін бірден-бір тақырып – электронды билет пен дифференциалды тариф мәселесі. Облыс орталығындағы «Смарт Автобус ПВ», BPC Kazakhstan компаниясының O-CITY жобалары жетекшілерінің бірі Т.Тоқтағановтың айтуынша, жобаның мақсатына сай жаңа жүйе, қоғамдық көліктердің жүру интервалы, олардың үздіксіз жаңаруы жүргізушілер мен кондукторлардың сапалы қызмет көрсетуіне қажет. Және де әкімдіктерге жолаушылар ағынын анықтап, тұрғындарды тасымалдайтын кәсіпорындарға берілуі тиіс субсидия мен өтемақы көлемін белгілеуге мүмкіндік береді. Мысалы, облыс орталығында 16 әлеуметтік санат өкілдері қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүре алады. Ал автобус, шағын автобус пен трамвай арқылы нақты қанша адам тасымалданатыны белгісіз.
– Біздің міндет – электронды билет арқылы жолаушылар есебін жүргізіп, алынған мәліметтерді билік пен тасымалдаушы компанияларға ұсыну. Әкімдік пен кәсіпорын басшылығы арнайы мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Жолаушылардың билетті қандай жолмен төлегені жүйеде көрсетіледі. Жеңілдікпен жүретін адамдар саны анықталған соң белгілі бір бағыттарға әлеуметтік маңыз беріледі. Содан соң олар субсидия мен өтемақы ала алады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар бұл бастаманы қолдайды, – дейді Т.Тоқтағанов.
Ендігі бір мәселе – дифференциалды тариф енгізу. Жақында облыс орталығының тұрғындарымен әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы қала әкімі Асайын Байханов тиын арқылы төлем жасайтын тұрғындар 150 теңге төлеуге міндеттелуі мүмкін деді. Банк және автобус карталарының иелері электронды түрде 80 теңге аударады.
– Дифференциалды тариф – тұтынушылардың құқығын шектеу емес. Оларға қолма-қол ақшамен немесе картамен төлеу мүмкіндігі беріледі. Автобус картасы болмаса, 75 теңге төлейді, – деді Т.Тоқтағанов.
Яғни сараланған тарифтің тиімділігі жолақыны электронды түрде өтеуге ықпал етеді. Электронды билеттеу жүйесі қарапайым және толық дербестендірілген тариф делінеді. Бұл – өзіне-өзі қызмет көрсету қағидаты бойынша жол жүрудің цифрлы төлемі. Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін қазіргі билеттеу жүйелері – қолданыстағы талаптарға енді сай келмейді деген сөз. Облыс орталығына ара-тұра ауылдан келіп, қоғамдық көлікпен қатынайтын тұрғындарға да автобус картасын алуға кеңес береді.
Жалпы, облыс орталығында электронды билет жүйесі саласында екі оператор болса, бұл ретте, біріншіден, тұрғындарға бірнеше төлем құралын сатып алу тиімді емес. Екіншіден, әртүрлі операторлардан мәлімет жинау жергілікті билікке ыңғайсыздық тудыруы ықтимал, – дейді O-CITY жобасының жетекшісі.
Ал экономист Сәуле Құниязбекованың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған электронды билеттеу жобасы – дифференциалды тарифке негізделген жүйе. Егер электронды билеттеу жүйесі енгізілсе, онда тариф те дифференцияланады. Сондықтан облыс орталығында электрондық билеттеу жүйесі жұмыс істеуі үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағыдай сараланған тариф керек.
Тағы бір мәселе – электронды билеттеуден бұрын ескірген, жүруге келмейтін, тұрғындарға қолайсыз қоғамдық көліктерді бағыттардан алу мәселесі тұр. Автобус аялдамалары да әбден тозған. Жоба бойынша алдағы жылдары тұрғындар қоршаған ортаға зияны көп ескі автобустармен жүрмейді. Сондықтан қоғамдық көліктердің тасымалдау модернизациясы мен цифрлануы қажет. Бұл – автобустарды жаңарту, жаңа бағыттар ашу, көшелерді жөндеу, қалалықтар үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін жұмыс істету деген сөз. Қоғамның, қарапайым халықтың, қаланың инфрақұрылымдық талаптарына сай болса ғана, электронды билеттендіру жобасы жүзеге асырылатыны белгілі.
– Қазір автобус парктері жекеменшік иелігінде. Қоғамдық көліктерді жөндеу, жаңарту жұмыстары тасымалдаушылар есебінен жүзеге асырылады. Сондықтан электронды билеттеу жүйесі заң жүзінде қоғамдық көліктерді сатып алу немесе жөндеу жұмыстарына арналған субсидия бөлуді анықтау үшін қажет. Осы жүйе негізінде тасымалдаушылар несие алуға да өтінім бере алады, – дейді С.Құниязова.
Ал облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесі әлі де өзекті. Бірінші кезекте бұл барлық автобустың ескірген жай-күйі, қызмет көрсету сапасы, билбордтардың көшелерді жауып кетуі, қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, күтімсіз аялдамалар мәселелері деуге болады.