Биыл Солтүстік Қазақстанға қыркүйектің аяғында түскен бозқырау мен қара суық халықты бірден үрпитіп жіберген.
Осы күндері кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевтың қатысуымен құрылған ұйымдастыру тобы да 9-10 қазанға белгіленген Әлти Барлыбаев пен оның аға-інілеріне арналған кесененің ашылуын және осыған байланысты ұйымдастырылмақшы ат спорты ойындарының, сонымен қатар аудан орталығы Преснов (Кіпитан) ауылында өтуге тиісті «Солтүстік Қазақстан және Алаш» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне ауа райы кедергі жасамаса екен деп қатты қобалжыған еді. Бірақ соңғы күндері мизамшуақ болып, табиғат ана жайылып, 14-15 градустық қоңыржайын төгіп салды.
Алаш қозғалысының қазақтан шыққан алғашқы миллионерлердің бірі Әлти Барлыбаевқа қандай қатысы бар деген сұрақ оқырмандарды мазалауы мүмкін. Бұл екеуінің тікелей қатысы бар. 1918 жылғы жазда Алашорда билігі қазақтан әскер жинап, оны милиция деп атап, жер-жаһанды жайпап келе жатқан большевиктерге қарсы әрекет етуді мақсат етіп, ел ағаларының қолдауымен дәл осы Әлти миллионердің қыстауында үлкен жиын өткізген. Оған Алаш идеологы Міржақып Дулатов бастаған жүздеген партия белсенділері қатысқан. Форумды ұйымдастырушылардың қатарында Аққусақ болысының бастығы, Алаш партиясының мүшесі Сәдуақас Әлтиұлы, белгілі алашшылар Абылай Рамазанов, Қази Торсанов және т.б. болған. Ұзын қатарға екі жақтан тұрған салт аттылар Мағжан шығарған «Арғы атам ер Түрік, Біз қазақ еліміз» деп басталатын Алаш гимнін шырқап, 20-30 пәуескемен келген алашордалық азаматтарды салтанатпен қарсы алған.
Алашордалықтардың сыртқы жауға қарсы және ішкі тәртіпті орнатуға қол күші ретінде әскер жинамақ болғаны – елдің рухын көтеріп, өз алдына ту тіккен халықтың өз билігін өз қолына алуының нақты қадамы болатын. Ел болуға талпынған осындай іс-әрекеттері үшін олар қуғын-сүргінге ұшырады, атылды, айдалды, ұзақ жылдар бойы есімдерін атауға да рұқсат етілмеді. Озық идеяларын айтудың, еске алудың өзіне тыйым салынды. Әлти қажының ұрпақтары да қудаланып, елге жолай алмай, қашып-пысып жүруге мәжбүр болды.
Міне, сондықтан да бұрын ешқашан арнайы құрмет көрсетілмеген, ресми түрде еске алынбаған Алаш форумының 103 жылдығын атап өту облыс қана емес республикалық маңызы бар шара екені айдан анық.
Сонымен... Қызылжардан таңғы жетіде шыққан жүз шақты жеңіл машиналы салқар көш Жамбыл ауданына бет алды. Бұл өңірдің маңыздылығын республика халқы жақсы біледі. Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Тоқсан би, Есеней мен Ұлпан, Сексен батыр, бертін Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймерденов, Иван Шухов бәрі осы топырақта дүниеге келген.
Көш құрамында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның құрылуына тікелей мұрындық болған атақты тұлға Сабыр Қасымов, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тарихшы Өмірзақ Озғанбаев, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, филолог ғалым Серік Негимов, композитор Жоламен Тұрсынбаев, алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы, тарих ғылымының докторы Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы сияқты елімізге белгілі қайраткерлер болды.
Көш алдымен Барлыбаевтар әулетіне арналып тұрғызылған әсем кесененің ашылуына қатысты. Ол Барлыбайдан тараған Тәбей, Алжыған, Итемір, Көкен, Тәштит, Әлтилерге арналып салынған. Бұлардың бәрі де кезінде елдің ұйытқысы, ат байлар қазығы болған, патша өкіметінің қызметінде жүрсе де оның заңдары мен тәртіптерін пайдаланып, халықтың жоқ-жітігін қорғауға тырысқан.
Кесенені ашу салтанатында сөйлеген сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бұл істі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясының нақты бір шарасы деп тану қажет екенін жеткізді. Марқұмдардың рухына құран бағышталып, кесене ашылған соң салқар көш 3-4 шақырым жердегі Алаш форумы өткен Әлти қажының «Бибалай» қыстауына соқты.
«Алаш форумына» арналған стелла әзірге қораштау. Оны кәсіпкер Н.Барлыбаев өз қаражатына тұрғызған. Стелланың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов пен генерал-лейтенант А.Тасболатовтың бұл нысанға билік тарапынан назар аударылып, көрнекті мемориалдық кешен салынып және осы жердің әсем табиғатының аясына этно-ауыл тұрғызылса деген тілектерін қалың көпшілік қуана қоштап, қол соқты.
Осыдан әрі қонақтар «Солтүстік Қазақстан және Алаш» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысу үшін аудан орталығына аттанды.
Ғылыми конференцияны облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ашып, «Еліміздің белгілі тарихшылары, алаштанушылар қатысқан бұл шара ұлттық рухымыздың оянуына оң әсер ететініне сенімдімін», деді өзінің кіріспе сөзінде. Одан әрі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хаты оқылды. Баяндамашылар арасынан алғашқы сөз заңгер Сабыр Қасымовқа берілді. Өзінің баяндамасында ол көзқарастары кең, рухани және интеллектуалдық әлеуеттері мықты болған Алаш қайраткерлері халықты саяси, әлеуметтік-құқықтық және азаматтық тұрғыда қорғаудың жалғыз жолы – ұлттық мемлекет құру екендігіне көз жеткізгендерін айтты.
Өзінің «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан: құндылықтар сабақтастығы» атты баяндамасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы Алаш мұрасын ардақтау бағытында елде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде ел үкіметінің 2008 жылы 26 маусымда «Алаш қозғалысы туралы» арнайы қаулы қабылдағанын еске алды. «Бұл – тарих алдындағы қарыз бен парызды анықтаған Алаштың 90 жылдығындағы айрықша құжат», деді ол. Одан әрі ғалым Алаш қозғалысын зерттеу мен жаңғырту бағытында атқарылған шараларға шолу жасап, «Елордада әрбір жоғары, орта-арнаулы оқу орны және мектеп бір-бір Алаш тұлғасын ұлықтасын!» деген бастамасының тиісті нәтиже бергенін, Керекуде Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық мұрасы шыққанын, Батыс пен Шығыс Қазақстанда, Нұр-Сұлтан мен Алматыда Алаштану мен Алашты насихаттауға байланысты елдік деңгейдегі ғылыми жиындар болғанын, Семейде Әлихан Бөкейханға, астанада Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлына ескерткіштер қойылғанын жеткізді. Сонымен бірге Семейдегі Қазақ гуманитарлық инновациялық-заң университетіне Ә.Бөкейхан аты берілгені айтылды. Сонымен қатар отандық баспасөзде Алаш тарихы мен тағылымына қатысты мыңдаған мақала, сұхбат жарияланғаны, жинақтар мен монографиялар әзірленгені айтыла келіп, олардың қатарында Семей мемлекеттік педагогика институты даярлаған «Шәкәрім», Павлодар мемлекеттік университеті әзірлеген «Мәшһүр Жүсіп», «Сұлтанмахмұт Торайғырұлы», астанадағы «Руханият» орталығы мен «Алаш» институты бірігіп жазған «Алаш қозғалысы» және профессор Ғарифолла Әнес құрастырған «Алаш» энциклопедиялары бары жеткізілді. «Астанадағы «Алаш» институты мен «Тіл-қазына» орталығында «Ахмет Байтұрсынұлы», «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиялары даярланды. Сұлтан-Хан Жүсіптің ұзақ жылғы ізденісі арқасында Ә.Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағы жарық көрді», деді ол. Сонымен қатар шешен елордада, Алматыда, Павлодарда, Семейде «Алаштану» орталықтары ашылғанын айта келіп, сондай бір орталық Қызылжар қаласында да ашылғанын қалайтынын жеткізді.
Сөз кезегі өзіне берілгенде «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы Түркістан автономиясы өкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев пен сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай Алаш партиясының мүшесі болғанын, ендеше екі автономияның да түпкі мақсаты бір екенін және олардың өзара сабақтастығы бар екенін дәлелдеуге тырысты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбайдың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры Серік Негимовтың, тарихшы Бүркітбай Аяғанның, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбілдің, конференцияға зум арқылы қатысқан академик Мәмбет Қойгелдиевтің және т.б. баяндамаларында Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің ұлттың азаттығы мен бостандығы жолындағы күресінің жаңа деректері мен қырлары айтылды.
Осы конференцияда іс-шараның демеушісі болып отырған Нағашыбай Барлыбаев Жамбыл ауданынан шыққан СҚУ-дың 3 курсында оқитын Д.Ыбыраева деген жетім қызға айына 60 мың теңгелік шәкіртақы тағайындайтыны белгілі болды. Сонымен бірге Барлыбай ұрпақтарының атынан Преснов пен Жекекөл ауылдарының мешіттеріне 100 мың теңгеден садақа берілді. Сөйтіп, рухани құндылық материалдық игіліктерге жалғасып жатты. Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда өзге мәселелермен қатар Қызылжарда Алаш орталығын ашу, Әлти қыстауында мемориалдық кешен мен этноауыл тұрғызу мәселесі жазылды.