Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласын түрлендіру, сәулеттік келбетін арттыру күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жергілікті әкімдіктерге зор жауапкершілік жүктеп отыр. Қазіргі таңда мемлекет қолдауының нәтижесінде облыс орталығында игілікті жұмыстар атқарылуда.
300 мыңнан астам халқы бар қалада тұрғындарды толғандырған мәселе көп. Мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй, жер телімін алуға қатысты болса, қаланың сырт келбеті мен тазалығы да тұрғындар тарапынан жиі көтерілуде. Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев үндеу жариялап, тараздықтарды бірлесе қаланы көркейтуге, шаһар тазалығын сақтауға атсалысуға шақырған болатын. «Қақпасыз қала» қағидасымен 150-ден астам қоршау мен 500-ге жуық бейберекет жарнама алынған. Шаһар басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша қаладағы күрделі мәселелер біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын жеткізді. «Тараздықтар тарапынан түскен ұсыныстардың дені – қаладағы құрылыс, қаланы безендіру, абаттандыру жұмыстарындағы бірізділіктің жоқтығы туралы болды. Сондықтан да шаһар шырайын ашып, көріктендіру, бастысы – қала сәулетін біріздендіру мақсатында «Дизайн код» жобасы бекітілді. Ендігі жерде сыртқы жарнамалар, тұрғын үй қасбеттерінің боялуы және тағы да басқа қала сәулетіне қатысты жұмыстар біркелкі стильде болады. Қазір біз бұл жұмыстарды бастап кеттік», дейді Е.Жылқыбаев. Сондай-ақ қала әкімі зиялы қауым өкілдерімен, жастармен, түрлі саланың басшылары және қызметкерлерімен де кеңестер өткізіп, өзекті әрі шешімін табуы тиіс мәселелерді анықтағанын айтты. Нәтижесінде қысқа, орташа және ұзақ мерзімді үш түрлі жоспар құрылған.
Қазіргі таңда қала әкімі қаладағы 15 аумақтың бәрінде тұрғындармен қоғамдық көшпелі қабылдаулар өткізген. Кездесу барысында 352 тұрғын 612 мәселе көтерген. Бұл ретте қала әкімі әр сұрақтың жауапсыз және ескерусіз қалмағанын жеткізді. Мәселен, қала тұрғыны Айгүл Бештаеваның «Ақжол» алабындағы көшелерге аншлаг ілу туралы өтініші ескеріліп, шаһардағы «Несібе», «Балқарағай», «Меруерт», «Ақбұлақ» көшелеріне жаңа үлгідегі аншлагтар ілінгенін айта кету керек. Ал Бейбіт Байболовтың №12 қоғамдық көлік маршруты туралы көтерген мәселесі бойынша А.Асқаров көшесіндегі «Орталық базарға» дейін қатынайтын бағыттың қозғалыс сызбасы «Қайнар», «Родничок» алқаптарына дейін созылып, тұрғындардың таңғы және кешкі уақыттарда саяжайларға қатынауына мүмкіндік туды. Сол сияқты, Оразбек Өскембаевтың кіші футбол алаңшасын теңгерімге алу мәселесі де шешімін тауып, бүгінде қаладағы жастар мен жасөспірімдер бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуда. Сондай-ақ тағы бір тұрғын Темурлан Турдалин көтерген «Автомобиль» көшесін түнгі жарықтандыру мәселесі де қолға алынып, қазіргі таңда 30 көше шамы жарқырап тұр. Сонымен қатар қала келбетін бұзып тұрған «сақалды құрылыстар» мәселесі де қолға алынуда. Мамандар тарапынан жүргізілген арнайы зерделеу жұмыстары барысында қалада осындай 35 нысанның бар екені анықталып, олардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. «Нәтижесінде бүгінде бір нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 11 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жанданды. Сонымен қатар 23 нысан бойынша толыққанды мәліметтер жұпталып, істері сотқа берілді. Бұдан бөлек, құрылысқа толық рұқсат құжаттарын алмай, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген 44 нысан анықталып, 28 нысанның иесіне заң аясында айыппұл салынды. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан құрылыс салу шекарасы «қызыл сызық» нормаларын сақтау мәселесі де қадағаланып отыр. Соңғы жылдары Таразда көгеріштерді суландыратын арық жүйелері мәселесі де шешімін күтіп тұр. Бұл өзекті мәселені шешуді облыс әкімі де талап етіп отыр. Қазіргі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 82,5 шақырым 8 суару жүйесі мен каналдары, 115 ирригация ұңғысы,1600 гидротехникалық имарат пен шағын шлюздер бар. Барлық ирригация жүйесінің жалпы ұзындығы 1 398 шақырымды құрайды. Ирригация қызметі жаз айларында каналдар мен арықтарды, каналдардың құбыр өткелдері мен көпірасты суағарларын жүйелі түрде тазалап тұрады. Тиісті күтім болмағандықтан қаладағы арық желілері тозған, көп тұстарын топырақ пен қоқыс басып, көміліп қалған. Біз соның бәрін қалпына келтірудің үш жылдық жоспарын жасадық. Оған сәйкес, барлық 14 мөлтек ауданды, 8 тұрғын алабын және 46 мыңнан астам жер үйді тұрақты ағын сумен қамтамасыз ететін арық шлюздері қалпына келтіріледі. Бұл тұтас қаланы ғана емес, жақын маңдағы аумақтарды да суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Су тарату шлюздерін орнату қазірдің өзінде каналдағы су деңгейін көтеріп, арық желілеріне жіберуге мүмкіндік беріп отыр. Сөйтіп Телеорталық, Төңкеріс, Сәтбаев, Химпоселок алаптары мен 29 көше ағын суға қол жеткізді. Бұл орайда Телеорталық мен Төңкерісте бұған дейін ағын су мүлдем болмағанын айта кеткім келеді», дейді қала әкімі.
Ержан Жылқыбаев тараздық тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында және заман талабын ескере отырып көне шаһарды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтты. Мәселен, қала көркін арттыру мақсатында көшелеріне заманауи LED экрандар орнатылып, жаңа үлгідегі аялдамалар салынған. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сергек» құрылғылары мен аялдама бағытын көрсетіп тұратын электронды таблолар орнатылған. Сондай-ақ әртүрлі композициядағы МАФ-тар, түн мезгілінде жарықтандырылатын заманауи бағдаршамдар, түнгі мезгіл мен бұлтты, жаңбырлы күндері жаяу жүргіншіні анық көрсететін проекциялық жаяу жүргіншілер жолақтары, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында салынған заманауи ойын алаңдары да шаһардың шырайын ашқан бастамалар деуге болады. Ал қаланың түнгі безендірілуі «Дизайн кодқа» сәйкес жаңартылған. Ал Тараз қаласының тарихи орталығын қалпына келтіру жұмыстары 2013 жылы басталған еді. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, бүгінде қаланың тарихи орталығын қалыптастыру жұмыстарының басым бөлігі жүзеге асырылған. Бүгінгі «Көне Тараз» кешенінің археологиялық қазба жұмыстары аумағында орналасқан «Орталық базар» бұзылған. Сонымен қатар «Kөне Тараз» археологиялық кешені, «Туризм орталығы», «Қала мұражайы», «Көрме залы», Art Gallery, «Тарихи-танымдық орталығы» және «Тектұрмас» тарихи кешені пайдалануға берілді. «Арбат-1», «Арбат-2», «Арбат-3» тақырыптық жаяу жүргіншілер аллеялары ұйымдастырылған. Биыл Tәуке хан көшесінің бойындағы «Көркем гимнастика және үстел теннисі орталығы» мен Қазыбек би көшесіндегі «Анаға тағзым» орталығының және 14-шағын аудан аумағынан салынған онкологиялық аурухананың құрылысы аяқталып отыр. Ал «Зербұлақ» су қоймасының іргелес аумағында демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Бұл әлеуметтік жобаны іске асырып жатқан South Holiday ЖШС жаңа да жайлы демалыс аймағын қалыптастыруға 1,5 млрд теңге инвестиция құяды.
Тараз қаласын дамыту туралы жоспар жетерлік. Келесі жылы Tәуке хан көшесінің бойында Мұз сарайы, Жеңіл атлетика манежі, Бокс орталығы және 14-шағын ауданда 250 орындық көпсалалы аурухана сияқты нысандардың құрылысы басталады. Алдағы уақытта «Тектұрмас» тарихи кешенінің «Көне қорған» кезеңін ортағасырлық үлгіде салу жоспарлануда. Қорған іші Х-ХІ ғасырларды бейнелейтін жәдігерлермен жабдықталып, мұнда шайхана, қолөнер бұйымдарын сататын дүкендер де ашылады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. «Бұл игі істің барлығы да тікелей аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының бастамасымен, қолдауымен іске асуда. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана облысымызға іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тараздың алдағы даму жоспары таныстырылды.
Жоспарға сәйкес, Таразды туризм орталығына айналдырудың кешенді жоспары ұсынылды. Президент бұл жоба тікелей өзінің назарында болатынын айтты. Демек, Тараздың тоғыз жолдың торабындағы туризм орталығына айналатын күні алыс емес», дейді Е.Жылқыбаев.
Қала әкімі шаһардағы күрделі мәселелердің де шешімін тауып келе жатқанын айтты. Мәселен, Тараз қаласындағы 28 саяжай мен Құмшағал, Шөлдала, Көлтоған, Қызыл-Абад және Казарма тұрғын алаптарын электр желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 млард теңге бөлінген. Аталған нысандардың құрылыс жұмыстарын келісімшартқа сәйкес, жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонда Құмшағал тұрғын алабындағы 226 тұрғын үй, Шөлдала тұрғын алабындағы 169 тұрғын үй электр жарығымен қамтамасыз етіледі. Мәселен, 28 саяжай мен қаланың шет аумағындағы Құмшағал, Көлтоған, Қызыл-Абад, Барысхан, Қайнар сияқты елді мекендерінде қарапайым ғана азық-түлік дүкендері мен шаштараз, монша, дәріхана сияқты қызмет көрсететін бизнес нысандарының жоқтығы да айтылып келеді. Бұл ретте қала әкімі «100 бизнес жоба» арнайы жобасын бекіткенін айтты. Енді қалалық әкімдік кәсіпкерлерге аталған аумақтардан жер беріп, жеңілдетілген несие алуларына көмектесіп, бірқатар кәсіпкерлік нысандарын ашуға жәрдем беруде. Сондай-ақ инфрақұрылымды дамытудың 3 жылдық жоспарына сәйкес, биыл «Қайнар», «Барысхан» алқаптарына шағал жол төселді. Келесі жылы қаражат бөлінсе, асфальт төсеу жоспарда бар екен. Сонымен қатар спорт алаңдары мен жаңа мектептер бой көтереді.
Тараз қаласын түрлендіру мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Таразға тарту» жобасы өз жемісін беруде. «Облыс басшысының бастамасымен қолға алынған осы бір жоба шаһарымыздың шырайын кіргізіп, тұрғындарды да қуанышқа кенелтті. Жоба аясында қаладағы скверлер, саябақтар және ойын алаңшалары демеушілік есебінен абаттандырылып, жаңа сипатқа ие болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аталған жоба аясында қаланың аумағында 42 саябақтың құрылысы жоспарланып, бүгінде 39 саябақтың құрылыс жұмыстары аяқталды. Жоба аясында «Денсаулық саябағы» салынды. Ал «Қант зауыты» аумағындағы 1967 жылы салынған «Ана мен бала» саябағын биыл жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. «Сәби» қайырымдылық қоры «Жайлау» шағын ауданындағы тұрғын үйдің ауласында балалар алаңының, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы «Арай-2» шағын ауданындағы тұрғын үйдің ауласында балалар және спорт алаңдарын тарту етті. Қазіргі кезде «Ұшбұлақ», «Қарасу» каналдарының бойында көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде», дейді қала әкімі.
Қазіргі кезде көне шаһар тұрғындарына жайлы өмір қалыптастыру мақсатында өзге де жобалар қолға алынуда. Сол сияқты, халықтың әлеуметтік жағдайы да ескерілуде. Мәселен, қала аумағында 6 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, облыс әкімінің 15 әлеуметтік павильон ашу туралы тапсырмасына сәйкес, 100 шаршы метрді құрайтын тоғыз және 200 шаршы метр болатын бір павильон қолданысқа берілген. Мұнда азық-түлік бағасы арзан. Сондай-ақ биыл қалалық бюджеттен түнгі жарыққа 200 млн теңге қарастырылып, 35 көше мен бұрылыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Бүгінгі таңда мердігер компаниялар анықталып, жұмыстар басталды. Аталған көшелердің түнгі жарығының құрылысы биыл қараша айында аяқталады. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда әлеуметтік желіге түскен арыз бойынша қаладағы 5 көше мен бұрылысқа демеушілер есебінен көше жарығы орнатылған. Сонымен қатар өткен жылы Тараз қаласында түнгі жарықпен қамтамасыз етілмеген 205 нысанға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, үш жылдық жоспар бекітілген. Биыл енді мемлекет-жеке серіктестік бағдарламасы аясында қосымша 260 көшеге түнгі жарық орналастыруға ақау актілері әзірленіп, есептеу жұмыстары жүргізілуде. Ал көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген 100 ауланың тізімі жасалған. Бұл жұмыстар келесі жылы басталатын болады. Сондай-ақ қоғамдық көлік мәселесі де шешімін табуда.