Театр сүйер қауым үшін көптен күткен өнер майрамы! Алдағы демалыс күндері бас қала төрінде Алматының Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұжымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында гастрольдік сапарын өткізеді. Талантты труппа елорда көрермендеріне үш күн бойы қызықты қойылымдарын тарту етеді.
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында өтетін өнер шеруінде 15 қазан күні І.Жансүгіровтің «Құлагер» саунд-драмасы, 16 қазанда С.Мұратбековтің «Жусан иісі» және қазанның 17-сі күні Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымдары көрермен назарына ұсынылады. «Құлагер» мен «Махаббат, қызық мол жылдар» спектакльдері театрдың көркемдік жетекшісі, жас та болса театр әлеміне тыңнан түрен салып жүрген талантты режиссер, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Фархат Молдағалидің режиссерлік қолтаңбасына тиесілі болса, қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің 85 жылдығына тамаша тарту болғалы тұрған «Жусан иісі» драмасын соңғы уақытта театр кеңістігінде есімі жиі аталып жүрген еліміздегі жаңашыл режиссерлердің бірі Жұлдызбек Жұманбай сахналады.
Ұлтымыздың үш бірдей ұлы қаламгерінің әдеби шығармасын сахна тілінде сөйлетіп гастрольдік бағдарлама бәсін биіктеткен ұжым жұмысы шын мәнінде қызығушылық тудырады. Әсіресе, талай додада топ жарып, театр мамандарының жоғары бағасын алып үлгерген «Құлагер» саунд-драмасының сахналану сыны мен сыры бөлек. Ал кішкентай көрермендер үшін 16 қазан күні ойналатын орыстың әйгілі «Жеті лақ» ертегісінің желісінде жазылған Ш.Үмбетқалиевтің «Туған күн» қойылымы да 75 жылдық тарихы бар театр гастролінің ажарын аша түсері сөзсіз.