Соңғы кезде микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) әлеуеті туралы жиі сөз бола бастады. Нарықтың бұл сегментіндегі ойыншылар белсенділігінің артуы да осыған себеп сияқты. Әрі мемлекет те бұдан былай микроқаржы нарығымен санасуға ниетті екенін байқатты.
Банктер бармайтын бастама...
Президент биылғы Жолдауында бизнесті несиелеу бойынша микроқаржы ұйымдарының әлеуетін пайдалану керегін айтты. Бұл бастама аталған ұйымдар үшін де әлеуетін байытатын, өзін көрсететін жақсы мүмкіндік.
«Жалпы сомасы 6,3 трлн теңге жұмсалған дағдарысқа қарсы шаралар жүзеге асырылғаннан кейін экономикамызда артық ақша пайда болды. Алайда бүгінгі таңда бөлінген қаржы әлі бармай жатқан салалар бар. Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі» деген еді Қ.Тоқаев.
Қаржыгер Расул Рысмамбетов екінші деңгейлі банктердің ауылдық жерлердегі жобаларға қаржы салмауына түсіністікпен қарау керек деп санайды.
– Қаржылық қадағалаушының банктерге қоятын шектеулері бар. Бұл бойынша қаржы институттары тәуекелі жоғары жобаларға ақша сала алмайды. Сондықтан банктердің шағын ауыл жобаларына бара қоюы екіталай. Өйткені ауылдық аймақтарда несие кооперативтері жұмыс істейді. «Даму» және «Бәйтерек» ұйымдарына арнайы функция берілген. Меніңше, банктер шағын жобаларды қаржыландыруы үшін төмен резервті талаптар әзірлеу керек. Ал бізде ондай талаптар онсыз да төмен, сондықтан қаржылық қадағалаушы мұндай қадамға бара қоймас, – дейді Р.Рысмамбетов.
Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаевтың айтуынша, микроқаржы ұйымдарына басымдықтың берілуі – олардың ел аумағында филиалдар санының көбеюіне, жұмыс сапасының артуына айрықша әсер етпек.
– Банктердің ауыл-аймақтағы жобаларға көңіл бөлмейтіні рас. Тіпті филиалдар желісі бүкіл Қазақстанды қамтып жатқан Halyk Bank-тің өзі негізінен тұтынушылық мақсаттағы несиелерді ғана берумен шектеледі. Сондықтан Президент Жолдауда бұл бағыттағы басымдықты МҚҰ-лар алуы тиіс деп атады. Бұл орынды да. Енді олар қызмет көрсету спектрін кеңейте түсу үшін аудан орталықтарында өз өкілдіктерінің санын, тиісінше қызмет сапасын да арттыра түсуі керек. МҚҰ-лар жеке қосалқы шаруашылықтарды өздерінің маңызды бағытына айналдыра алады және нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, – дейді сарапшы.
Банкке айналуы мүмкін бе?
Осыған дейін кейбір микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы туралы айтылып қалған еді. Мәселен, KMF пен Solva басшылары өздерінің үлкен банкке айналу мүмкіндігі бар екенін және жақын уақытта бұл процесті жүзеге асырулары мүмкін екенін мәлімдеген.
– KMF-тың мақсатты нарығы – шағын және орта бизнес. Алайда компания бөлшек сегментте, атап айтсақ, авто және тауар несиесі бойынша да қадамдар жасап жатыр. Біз бұған эволюциялық даму жолымен келдік. Жалпы, 20 жылда қазақстандық микроқаржы ұйымдары едәуір прогресс көрсетті: қарыз алушылар саны, несиелеу көлемі бойынша өсті, халықаралық серіктестер, инвесторлар мойындады, әсіресе микрокәсіпкерлерді белсенді несиелеу арқылы клиенттік база кеңейе түсті. МҚҰ бойынша Қазақстанда заңдық және қадағалау базасы бар. Нарық дамуын бақылап отыратын қауымдастық та жұмыс істейді. Сектордың әрі қарай дами түсуі үшін заңнан басқа шектеу жоқ. Меніңше, МҚҰ клиенттеріне шот ашып, аударым жасап, валюта айырбастап, несие карталарын пайдалану бойынша кейбір заңнамалық шектеулер алынып тасталуы керек, – дейді KMF микроқаржы ұйымының басқарушы директоры Далида Давлятшина.
Банкке айналудан үмітті ұйымның бірі – Solva. Бұл ұйым халықаралық IDF Eurasia қаржылық тобының құрамына кіреді. Аталған топтың негізін салушы Борис Батин отандық микроқаржы ұйымдары жүйелі жұмыс пен кәсібилік, несиелеу әдістері мен портфель сапасы бойынша банктерден қалыспайтынын жеткізді.
– Тіпті кейбірінің рейтингі кей банктерден тәуір. Мән берсек, МҚҰ-лар банкке қарағанда тиімді шарттар ұсынады. Егер үш-бес жылдық несие көрсеткішін алар болсақ, біздікі банктерден арзан. Көптеген клиенттер бізге келіп банктегі несиесін қайта қаржыландырып жатады. Сенімділік тұрғысынан банктерден кем түспейтінімізді несие рейтингіміз де растайды. Сондықтан ірі МҚҰ-лар банкке айналуға дайын. Бізде де ондай жоспар бар. Қызметтер спектрін кеңейте түскіміз келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін. Есептеу шотын ашып, бухгалтерия жүргізіп, сондай-ақ карта шығарып, төлем процесін жүзеге асырып, айналым қаржысымен несие берсек дейміз. Бұл үшін банктік лицензия қажет. Қазір осы мәселе бойынша қаржылық қадағалаушымен келісіп жатырмыз. Бұл жоспар 12 айда іске асады деген үміт бар. Бірақ бәрі трансформацияның формасына байланысты, – дейді Б.Батин.
Сарапшылар пікірі қандай?
Расул Рысмамбетов микроқаржы ұйымдарының банкке айналу бастамасын қолдайды. «Менің ойымша, микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы жақсы үрдіс. Өйткені ондай банктердің тәжірибесі мол және жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнеске қызмет көрсету бойынша әбден жұмыс істеп шыңдалған процедуралар болады. Микроқаржы ұйымдары шығынды азайтумен тұрақты түрде жұмыс істейтіндіктен мини-банк бола алады, тиісінше, өңірлерде кішігірім жобалармен тиімді түрде айналысады. Сондықтан бұл ретте микроқаржы ұйымдарының тәжірибесі біз үшін аса қажет» дейді ол.
Биыл Жолдауда Президент «мемлекет бұдан былай банктерге көмектеспейді» деген еді. Шыны керек, бұл көпшілік күткен сөз болды. Өйткені осыған дейін мемлекеттің қанша банкті аяғынан тұрғызғанынан бұрын, құйылған қаражатты санау қиынға соғары сөзсіз.
– Егер мемлекет банктерге шынымен көмектеспейтін болса, онда алдағы үш жылда 5-6 банк жабылады деп күтуге болады. Олардың 2-3-еуі шынымен де жұмыстарын тоқтатады, қалғандары микроқаржы ұйымдарына айналады. Ал қазір мемлекеттік бағдарламалар қаржысы банктер арқылы таратылып отырғандықтан мемлекеттің банктерге белсенді түрде көмектесіп отырғаны белгілі, – дейді Р.Рысмамбетов.
Сарапшының банктердің микроқаржы ұйымы дәрежесіне төмендеуіне қатысты ойын микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов та қостайды. Ол қазір бірқатар МҚҰ меншік капиталы және активтері бойынша кей банктермен теңескенін жеткізді. Оның айтуынша, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен микроқаржы ұйымдарына конвертация жолымен банк атануға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр.
– Біздің ойымызша, МҚҰ-лардың банкке айналуы банктердің де МҚҰ-ға айналу мүмкіндігін білдіруі тиіс. Яғни бұл кері қозғалысы бар процесс. Сондықтан банк секторындағы кей ойыншылар МҚҰ мәртебесіне көшіп жатса, бұған тек қуанамыз, – деді Е.Омарханов.
Телеграмдағы RiskTakersKZ каналының жазуынша, ШОБ-ты несиелеу бойынша МҚҰ-лар банкке қарағанда сапалы экспертиза жасай алады.
«Біз микроқаржы ұйымдарын дамыту және олардың әлеуетін пайдалану идеясын қолдаймыз. Шетелдік банктердің Қазақстаннан кетуіне қарамастан Solva сияқты халықаралық компанияның келгені қуантады. Шын мәнінде МҚҰ-ларға назар аудару арқылы қаржылық қадағалаушы дұрыс қадам жасады, аталған идеяны Президент те қолдап отыр. Шенеуніктер мен банк лоббилері бұл бастаманы аяқтан шалмайды деп сенеміз» деп жазады канал авторлары.