• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Қазан, 2021

Бәріміз бір аспанның астындамыз

934 рет
көрсетілді

Аспан ғана Құдайды ойға салады. Ал шынында, бәріміз бір әлемнің кішкентай бөлшегіміз. Ұшқан құс та, жүгірген аң да, теңіз де, тұмса табиғат та – Тәңірдің қолтаңбасы. Әйтсе де, қолмен ұстап көре алмайтын, бірақ жан сезінетін, іштей түйсінетін құбылыстар қаншама? Мұны тек қана өлеңмен не болмаса бояумен бейнелеуге болатындай. Жалпы, адамның өре биігі ол құпияны да әшкерелеп қойды. Сенбесеңіз, әйгілі суретші һәм кескіндемеші Шаймардан Сариевтің «Әлем» атты картинасына назар салыңызшы. Дулы дүниенің дәл өзіндей шым-шытырық.

Шаймардан Сариев – қазақ өнерінде жарқын да бірегей із қалдырған тұлға. Оның өмірді қабылдауы мен әлемге ғашықтығы туралы сөз қаузағанда ерекше картиналары еске түседі. Қан­ша жерден сыни көзбен қарасаңыз да қайталанбас қолтаңбасы өз мазмұнын жоғалтпайды.

Ол өзінің шығармашылық жолын, яки кескіндемелік ізденістерін батыс және шы­­ғыс дәстүрлерін бірік­ті­руге бағыттады. Бұл қатар­да С.Айтбаев, Т.Тоғыз­баев, Т.Табиев, О.Нұр­жұ­маев, А.Сыдыханов, М.Қиса­мет­ди­нов сынды сурет­шілер тобымен бірге ұлы көшке қосылғанын айтуға болады. Олар ұлттық өнердің де­коративті және пост-им­прессонистердің көркем­су­рет­тік жүйесіне сүйеніп, жанр­лық көріністерді қол­дан­ды. Сол жылдары шығар­маларына ұлттың өзін өзі тану идеясы негіз болды. Осы үрдісте Шаймардан Са­риев­тің туындылары елеулі рөл атқарды десек артық айт­па­ғанымыз болар.

Мәселен, қылқалам ше­бе­рінің «Әлем» картинасын алып қараңызшы. Бұл атаудан бірнеше мағына өрбітуге болады. Әлем – бұл адамдар кеңістігі. Әлем – мәдениет пен дәстүрдің алуан түрлілігі. Әлем – неше түрлі таным мен көзқарас. Осыған байланысты картинада әдеттегідей сю­жет­тік орталық жоқ. Мұн­да бәрі тең әрі бір-біріне ұқса­майды.

Тыныш күйде жатқан адам­ның арқа тұсында ер мен әйелдің, тіршіліктің пайда болу белгілері және оның ше­гі, сондай-ақ құстар мен өсім­діктердің шартты сыз­бала­ры бейнеленген. Таудың қарлы шың­дары жарқыраған екі күн­мен жасыл түсті аспанға ті­реледі. Ал жер беті қанық көк пен қызыл түсте көрініс тапқан. Бәрі қызық... бәрі тартымды...

Ішкі дүниетанымы терең суретші «Әлем» картинасы арқылы дүниенің дисгар­мониясын махаббат пен араз­дық деп алып, олардан мозаика құрастырған. Дүр­мек өмірдің дидарына қонған бояулар адамды әлем­нің бастауы екенін жет­кізіп тұрғандай.