Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында білім мен ғылым саласы әрдайым қоғамның алдында жүруі керек екенін айтты. Барлық салаға маман даярлайтын білім беру жүйесі өзгеден көш ілгері болуы үшін әрдайым болашақты алдын ала болжап, алда қандай маманның тапшы немесе сұраныста болатынын бағамдай білуі тиіс. Жақында Білім және ғылым министрлігі отандық жоғары оқу орындарында 300-ден аса жаңа білім беру бағдарламасы енгізілгенін хабарлады. Демек осыншама жаңа мамандыққа жол ашылды деген сөз. Бұл қандай мамандықтар? Шынында да елдің ертеңіне керек кадрлар даярлана ма?
Грант арқылы оқуға болады
Еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс берушілердің заманауи талаптары мамандардың жыл сайын жаңа дағдыларды игеруіне ықпал етеді. Жауапты ведомство жаңа мамандықтардың тізімі әзірленгенде осы бір заңдылық ескерілгенін жазды. Ең маңыздысы – осы мамандықтардың негізінен тегін, мемлекеттік грант есебінен, стипендия алып оқуға болатынында. Мәселен, жаңадан енгізілген оқу бағдарламаларының ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласына қатысты мамандарды даярлауға көптеп грант бөлінген. 2021 жылы АКТ саласындағы мамандарды даярлауға 10 мыңға жуық грант бөлінді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Тиісті министрліктің жанындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев: «Соңғы жылдары Қазақстанның еңбек нарығында IT мамандарға сұраныстың күрт өсуі байқалады. Бүгінде ақпараттық технологиялар өмірдің барлық саласына енгізілген. Жоғары оқу орындары мамандарға қойылатын қазіргі талаптарға сәйкес келетін білім беру бағдарламаларын әзірледі. Білім беру бағдарламаларын енгізу барысында жоғары оқу орындары жұмыс берушілердің пікірі мен сұранысын ескерді. Мысалы, жұмыс берушілер ақпараттық жүйелерді қорғау бойынша кадрлар даярлау қажеттігі туралы хабарлады. Жаңа бағдарламалардың басты артықшылығы – еңбек нарығында қажет практикалық білім алуға бағытталған. IT бағыты бойынша көп жаңа бағдарлама бар. Мәселен, IT құқық, IT медицина», деді.
Осы сұранысқа байланысты жаңа оқу жылынан бастап университеттер Big Data Analysis (ауқымды деректерді талдау), «Жасанды интеллект технологиясы», «Криптология», «IT құқық», Digital Engineering, «Роботтехникалық жүйелер», Data Science, «Киберфизикалық жүйелер», «Роботтандырылған ұшқышсыз ұшу аппараттары», «IT менеджмент», «Цифрлы экономика» сияқты бағдарламалар бойынша мыңдаған болашақ бағдарламашыны оқытады.
Дегенмен сұраныс тек ІТ саласында ғана емес. Өзге өндірістегі кадр тапшылығын жоюды бүгіннен бастау керек екені белгілі. Сондықтан отандық университеттер жаңа оқу бағдарламалары бойынша болашақ инженерлерді, құрылысшылар мен педагогтерді, менеджерлерді, экономистер мен заңгерлерді және басқа да мамандарды оқытуды бастап кетті. Мәселен, «Ядролық медицина», «Smart City технологиялары», «Математикалық экономика, статистика және деректерді талдау», «Білім берудегі физика», «Ғылыми тарих», New media, «Тау-кен ісіндегі 3D модельдеу инженері», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» сынды мамандықтар ашылған.
Мамандықтардың бәрі жаңа емес
Жаңа заманға сай жаңа мамандықтарды енгізіп, оның бірқатары бойынша студенттерді қабылдап, оқытуды бастап кеткен жоғары оқу орнының бірі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті. Аталған оқу ордасының оқу ісі жөніндегі проректоры Бақыт Ахатұлы осы бір ғана университетте 19 мамандық ашылғанын айтты.
«Жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуде «Жаңа мамандықтар атласына» сүйендік. Бұл – өндіріс пен нарықтың сұранысын зерттеп жасалған тізім. Өзіміз де қажеттілікке қарай кадр даярлауға мүдделі болдық. Сөйтіп біз «Инженерлік геология», «Су ресурстары», «Биомедициналық инженерия», «Өндірістік гигиена және бақылау» секілді мамандықтарды аштық. Бұл үшін әлемдік университеттердің жоспарларын, қай мамандық бойынша қандай кәсіби пәндердің оқытылатыны зерделенді. Биыл бірінші жыл жаңа мамандықтарға студенттерді қабылдадық. Бірақ әлі де көп талапкер жаңа жағдайдан, жаңалықтардан, жаңа мамандықтардың ашылғанынан хабарсыз. Сол себепті осы оқу жылында бірден көп студентті жинаған жоқпыз. Соның өзінде БАҚ пен әлеуметтік желідегі хабарландырулардың нәтижесінде әр мамандыққа 15-тен 40 адамға дейін жиналды. Биыл барлығы 2 356 талапкер оқу орнымыздың студенті атанса, соның 12-15 пайызы жаңа мамандықтарға оқуға түсті», дейді.
Сәтбаев университеті өкілінің айтуынша, ашылған 19 мамандықтың бәрі бірдей бұрын ешқашан оқытылмаған деуге келмейді. Өйткені кейбір білім беру бағдарламалары кезіндегі нарық талабы бойынша тізімнен алынып тасталып, соған сәйкес кадр даярлау ісі тоқтатылған. Өндірістің сұранысы мен талабы арқылы жойылып кеткен сондай мамандықтарды қайта жаңғыртуды жөн көріпті.
«Десек те бұрын мүлдем оқытылмаған бағдарламалар да бар. Айталық, «Биомедициналық инженерия» мамандығы қазіргі заманға, бүгінгі нарыққа аса қажет. Өздеріңіз білетіндей, елімізге көптеген медициналық құрылғы шетелден әкелінеді. Ал оның бір жері істен шықса, жөндейтін адам жоқ. Міне, «Биомедициналық инженерия» мамандығын бітіруші түлектер адам өмірін сақтауға қажетті құралдарды жасаушы, жобалаушы, жөндеуші маман болып шығады. Әрине, осы тұста «Жаңа мамандыққа түскен студенттерді кімдер даярлайды?» деген сұрақтың туатыны заңды. Жаңа мамандыққа лицензия алмай тұрып оқытушыларды қайта даярлаудан, шетелдерге жіберіп курстардан өткізіп аламыз. Мемлекеттік грант бөлінгендіктен мемлекеттік тапсырыс негізінде оқу құралдарын сатып аламыз. Бұл оқытушыларға жақсы көмекші болады», дейді Бақыт Ахатұлы.
Өндіріспен байланыс – келешекке кепіл
Расымен де, өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқанда ғана ертеңгі күні түлектер жұмыссыздар қатарын көбейтпейді. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жаңа мамандықтар тізімін жасақтағанда осы қағиданы ұстанатынын жеткізді. Аталған оқу орнында білім беру бағдарламасы мазмұнының өзі өндіріс өкілдерімен бірлесе әзірленген көрінеді. Бұл туралы жоғары оқу орнының академиялық қызмет жөніндегі проректоры Жадыра Қоңырбаева: «Инновациялық және жаңа білім беру бағдарламалары «Қазцинк» ЖШС, BI Group, «Топаз» ЖШС, «Багратион» ЖШС, «Майлы дақылдардың тәжірибелік алаңы» ЖШС, Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы, Травматология және ортопедия ҒЗИ, «Шығыс-ақпарат» ЖШС, «Алтай» телеарнасы және т.б. серіктес кәсіпорындармен келісілген. Жұмыс берушілермен байланыс үнемі сақталады, оқу қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру теориялық дайындықтың өндірістік практикамен (дуалды оқыту жүйесі) ұштасуы негізінде жүзеге асады. Мысалы, Әлеуметтік медиа-маркетинг (SMM) оқу бағдарламасы «Шығыс-ақпарат» ЖШС-мен бірлесіп әзірленді», деп түсіндіреді.
Университетте биылғы оқу жылында 4 түрлі жаңа мамандық ашылған. Жаңа білім беру бағдарламасының кейбірі тіпті жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша енгізілген екен. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстың жетекші оқу орындары медицина инженерлерін даярлайтын «Медициналық технология» бағдарламасының тапсырыс берушісі болды. Ал «Роботтандырылған ұшқышсыз аппараттар» инновациялық бағдарламасы адамдарды өнеркәсіптік секторда автоматтандырылған жүйемен алмастыру қажеттігіне жауап болмақ. Өйткені енді бізге роботтық көлік желілері мен жүйелерін басқара алатын мамандар қажет. Бағдарлама Новосібір мемлекеттік техникалық университетімен және Будапешттегі Обуда университетімен бірге жүргізіледі. Жобаға «Kaзцинк» ЖШС, NormalWork ЖШС кәсіпорындары серіктес болып отыр.