БРЮССЕЛЬ. Арктика тез өзгеріп барады. Әсіресе жаһандық жылыну күшейіп, қазба байлықтарға таласу артып, геосаяси бақталастық күшіне енген тұста оның әсері де орасан болмақ. Өңірдің келешегіне қатысты Еуропалық одақтың өзіндік мүддесі де, қосатын үлесі де бар. Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды, халықаралық ынтымақтастықты, тұрақты экономикалық даму және адамдарды бірінші орынға қою арқылы қарым-қатынасымызды күшейтпекпіз.
«Еуропалық жасыл келісім» 2050 жылға қарай Еуропаны ауаға парникті газдар шығаруды жойған алғашқы құрлыққа айналдырады. Ал 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарылымын 55 пайызға қысқарту жөніндегі құқықтық міндеттемеміз жаһанға үлгі десек артық айтқандық емес. «Жасыл келісім» мен Еуропалық одақтың Арктика стратегиясы мұхитты игеру саласында тұрақты экономиканы дамытудың жаңа тәсілін негізге алады. Басты ұсыныстарымыздың бірі – мұнай, газ және көмір өндіруді тоқтату, соның ішінде Арктикалық аймақтарда оны игермеу және Гренландия мәселесіне Еуропалық одақтың тұрақты қатысуын қамтамасыз ету.
Мұндай міндетті шұғыл орындайтын сәт келіп жетті. Климаттың өзгеруін бәріміз білеміз, бірақ бұл үрдіс басқа аймақтарға қарағанда Арктикада екі есе тез жүреді. Аймақтағы кейбір учаскелерде көп ұзамай жаздың кезінде мұз қалмайды. Келе-келе қыста да мұз қатпайды. Жыл сайын қататын мұздың еруі мен мәңгілік ақ жабындардың мүжілуі көп мөлшерде метан бөліп шығарады. Бұл жаһандық жылынуды одан әрі тездетеді. Теңіз деңгейінің көтерілуі бүкіл әлемдегі жағалауда орналасқан елді мекендерге қатер төндіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық тобының 2021 жылғы тамыздағы баяндамасында бұл оқиғаларға адамзаттың әрекеті әсер ететіні көрсетілген.
Қазірдің өзінде Арктикадағы мұздың еруі кеме тасымалдау саласында жаңа маршруттар ашуға мүмдіндік беріп отыр. Сондай-ақ мұнайға, газға және минералдарға қол жеткізуді жеңілдетеді. Солардың кейбірі әлемнің жылдан-жылға артып келе жатқан инновациялық технологиялық өнімдерге сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Таңғалудың қажеті жоқ, Арктиканы мекендеген адамдар саны көбейіп барады. Өңірдегі ахуалға әсер ететін негізгі ойыншылардың саны артып отыр. Әлемнің кез келген жерінде кең тараған стратегиялық бәсекелестік түрі қазір Арктиканы игеруде барған сайын күшейіп, аймақтағы ландшафтқа әсер етеді.
Мысалы, Қытай өзін «Арктика маңындағы мемлекет» деп сипаттайды. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» трансұлттық бастамасына «Полярлық Жібек жолы» жобасын енгізді. Ел билігі ресейлік сұйытылған табиғи газ кен орындарына қомақты қаржы құйып, тасымалдаудың қысқа жолдарын қарастырып жатыр. Ресей ауыр салмақты мұзжарғыштар құрастырып, ішкі және халықаралық тасымалдарды ұлғайту үшін Солтүстік теңіз жолын қалыптастырмақ. Сондай-ақ «қырғи қабақ соғыс» аяқталғаннан кейін аймақта әлсіреген әскери қуатын қалпына келтіруді көздейді.
Осындай оқиғалардың бәрі Еуропа Арктикадағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және бейбіт ынтымақтастықты қолдау мақсатында өзінің геосаяси мүдделерін кең көлемде белгілеу керек екенін көрсетеді. Әрине, мұнда Арктикамен шектесетін сегіз мемлекет негізгі жауапкершілікке ие. Бірақ аймаққа қатысты көптеген мәселені тек өңірлік немесе көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуге мүмкіндік бар. Еуропалық одақ барлық мүдделі тараптармен, әсіресе АҚШ, Канада, Норвегия, Исландия секілді одақтастармен және серіктестермен осындай мәселелер бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді.
Мәселен, теңізде іздестіру мен құтқаруға қатысты ұлттық жағалау күзеті арасындағы аймақтық немесе полярмаңы ынтымақтастық құру қажет. Сондай-ақ теңіздегі тәуекелдерді азайту үшін спутниктік жүйелерімізді көбірек пайдаланған жөн. Сол секілді Еуропалық одақ Солтүстік мұзды мұхиттың орталық бөлігінде заңсыз балық аулауға жол бермеу жөніндегі келісімді табысты жүргізуге тырысады. Тағы бір аймақтық басымдық – әлеуметтік қамтуды құрайды. Бұғы өсіретін жергілікті тұрғындардың басына түскен қиындық ұлттық шекарамен тоқтамайды. Парникті газдар шығарылымын төмендету стандарттары, телемедицинадағы үздік тәжірибелер, жаңартылатын энергия көздері немесе пластикалық ластануды төмендету мәселесінде бірге жұмыс істегенде ғана тиімді әрекет етеміз.
Аймақтық ынтымақтастықты дамытуда ондаған жылдық тәжірибеге ие. Еуропалық одақтың көпжақты ынтымақтастыққа қосатын өз үлесі бар. Біз көпжақтылықтың негізгі жақтаушысы саналамыз. Өзімізге тиісті көпжақты міндеттемелерімізге, әсіресе климаттың өзгеруімен күресуге байыпты қараймыз. Еуропалық одақ, әрине, Арктиканың бір бөлігі. Ұйымға мүше үш мемлекеттің аумағы Арктикаға кіреді. Арктикадағы бес елде қолданылатын заңдар шығарамыз. Ресеймен, Норвегиямен және Исландиямен бірлесіп жұмыс істейтін Арктикалық кеңес, Баренцевтикалық Еуроарктикалық кеңес және «Солтүстік өлшем» секілді бірнеше аймақтық органдарда белсенді әрекет етеміз. Әсіресе қоршаған ортаны тазарту бойынша атқарар шаруамыз жетерлік.
Еуропалық одақ саясатының бір бағыты Арктикадағы ахуалға ықпал етеді. Мұның қатарында жергілікті жерді жақсы білетін, бәрімізге тікелей қауіп төндіретін өзгерістердің тікелей куәгерлері саналатын жастар мен байырғы халықтардың мүдделері мен көзқарастарына ерекше назар аудару мәселелері бар.
Әрине, бізге кешенді тәсіл қажет. Мұндай қадам климаттық және экологиялық мақсаттарымызды экономикалық мүмкіндіктермен біріктіреді. Климаттық дағдарыс кезінде туындайтын ортақ қауіпке қарсы бірлесе әрекет етуіміз керек. Мысалы, жасыл энергияға түбегейлі көшсек, арктикалық аймақтарда көміртегіден бейтарап энергия секілді секторларда жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ байланыс, туризм, балық шаруашылығы мен инновация саласында тұрақты тәсілдерді дамытуға жол ашылады.
Еуропа климаттың өзгеруінің салдарын жақсырақ түсініп, оған қарсы тұру үшін ғылыми-зерттеулерін, жерге қатысты білімін қолданады. Жасыл энергияға ауысуға қажетті маңызды минералдарды өндіруде Еуропалық одақтың стратегиялық дербестігін арттыруға тырысамыз. Бұл бағыттағы жұмыс барысында жоғары экологиялық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етеміз.
Арктиканы өте күрделі сынақ күтіп тұр. Еуропалық одақ бәріне зиян келтіретін стратегиялық бәсекелестіктен гөрі, оларды шешуге мүмкіндік беретін бірлескен келісімді қолдайды.
Жозеп БОРРЕЛЛ,
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның әлемдегі күшті Еуропа жөніндегі комитетінің вице-президенті,
Вирджинийус СИНКЕВИЧЮС,
Литваның бұрынғы Экономика және инновация министрі, Еуропалық комиссияның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссары
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org