• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қазан, 2021

Ерболат Досаев инфляцияның негізгі себептерін айтты

251 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев еліміздегі инфляцияның негізгі себептерін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қазақстанда инфляция тұтынушылық белсенділіктің тез қалпына келуі, экономиканы фискалдық ынталандырудың жалғасуы және жекелеген тауар нарықтарындағы теңгерімсіздіктері нәтижесінде өсті», деді Е. Досаев.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі негізгі инфляцияға қарсы фактор болды, ол жалпы инфляцияға жартысынан көп үлес қосады. Азық-түлік инфляциясы биылғы қыркүйекте уақытша және орнықты факторлардың әсерінен 11,5%-ға дейін жылдамдады.

«Осы жылғы шілде-тамызда жаз айларына тән емес және ұзақ сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша) бағасының соңғы жылдардағы рекорд өсуі тіркелді. Ет, өсімдік майы және қант бағасының өсуі инфляцияны жылдамдатудың тұрақты факторы болып қалуда, бұл өсу деңгейін әлемдік үрдістермен салыстыруға болады. ФАО деректеріне сәйкес, бір жылда еттің әлемдік бағасы орта есеппен 26,3%-ға, өсімдік майының бағасы – 61,2%-ға, қанттың бағасы – 53,5%-ға өсті», деді ҰБ басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бірінші кезекте тұтынушылық белсенділіктің қалпына келуі аясында жанар-жағар май және ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының өсуі нәтижесінде Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-ға дейін жылдамдады.

«Ақылы қызметтер инфляциясы негізінен электр энергиясы, тұрғын үйді жалдау және көлік қызметтері бағасының өсуі есебінен 6,8%-ға дейін жылдамдады», деді Е. Досаев.