• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қазан, 2021

Қазақстанда еңбек инспекторлары халықаралық стандарттан 3 есе аз

581 рет
көрсетілді

Қазақстандағы мемлекеттік еңбек инспекторларының саны халықаралық стандарттан 3 есе аз, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев айтты.

«Мемлекеттік еңбек инспекторларының жетіспетйіні туралы проблеманы талайдан бері көтеріп жүрміз. Бүгінде елімізде 246 инспектор жұмыс істейді. Салыстыратын болсақ, 2001 жылы Еңбек инспекциясы құрылған кезде 412 еңбек инспекторы жұмысқа алынған. Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік қызметкер болғандықтан қысқарту болып тұрады. Ал 2013 жылы еңбек инспекциясының құзыретін жергілікті әкімдіктерге берген болатынбыз. Содан бері мемлекеттік инспекторлардың саны азайып, 246-ға дейін түсті», деді Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ, ол елдегі еңбек инспекторларының саны халықаралық стандарттарға сай емес екенін атады. Алайда заңнамада ол тапшылықтың орнын кәсіпорындардың өздеріне бағынышты техникалық инспекторлармен толтыру көзделген.

«Халықаралық еңбек қауымдастығының ұсыныстары бар. 10 мың жұмысшыға бір мемлекеттік инспектор келуі керек. Бұл стандартқа сай болуы үшін бізге қазіргі инспекторлардың санын 3 есеге көбейту керек.

Бірақ біздің Еңбек кодексінде өндірістік кеңестер құру туралы нормалар бар. Көптеген кәсіпорында 15 мыңнан астам осындай кеңес жұмыс істейді. Осы кеңестің құрамында техникалық инспекторлар бар. Олардың да міндеті мемлекеттік еңбек инспекторларының міндетімен ұқсас», деді комитет төрағасы.