Солтүстік Қазақстан облысында 3 бала қар астында қалып, бақилық болды. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Оқыс оқиға Ғ. Мүсірепов ауданында орын алды. Демалыс күні түс ауа Есіл өзенінің жағасына сырғанауға кеткен 16 және 12 жасар мектеп оқушылары үйіне қайтып оралмады. Қараңғы түсе ата-аналары көршілерімен бірге балаларын іздеуге шықты. Елді мекеннен 2 шақырымдай жердегі жар түбінен жасөспірімдердің мүрделері табылды. Алдын ала болжам бойынша, жар үстіндегі қар балалардың үстіне құлаған көрінеді.
«Жоғалып кеткен балалардың ауыл маңында қаза болғаны мәлім болды. Олардың ата-аналары жасөспірімдерді таба алмағанын бізге кеш хабарлады. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері төтенше жағдайдың салдарынан 5 бала қайтыс болды», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлёв.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Астана» телеарнасы.
Фото: Realt.onliner.by.