Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында Ұлттық жобаларды енгізу, оны жүзеге асыру мәселесін тіліне тиек етен болатын. Президент тапсырмасы енді іс жүзінде көрініс таппақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, Ұлттық жобалар тек бір ғана министрліктің немесе жергілікті атқарушы органның жұмысымен ерекшеленбейді. Барлық мәселелерде министрліктердің және әкімдіктердің бірлескен жұмысының нәтижесі назарға алынбақ.
«Білім беру саласында республика бойынша сапалы білім берумен қамтамасыз ету маңызды. Қалада болсын, ауылда болсын, сапалы білім берілуі керек. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасын бірдей ету керек. Осы мақсатта мың шақты мектеп салынады. 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылады. Ауыл мектептері 100% жаңартылады. Бұл өте үлкен міндет, бірақ үкімет алдағы уақытта мұны орындауға қаражат жеткілікті деп санайды. Үш ауысымды мектептер біржола жойылып, ары кетсе екі ауысым ғана болады. Әрине, мектеп салумен білім сапасы жақсарып кетпейді. Сол үшін Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді дайындауға, бағдарлама жазуға да жұмыс істейді», деді ол.