Алматыда екі алаяқ бөтен адамның құжаты бойынша 4 миллион теңгеден астам несие алған. Екі жыл ішінде күдіктілер 41 адамның төлқұжат деректері бойынша шағын несие рәсімдеген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 26 жастағы ер адам мен 27 жастағы әйелдің алаяқтық әрекетті әшкереленді. Ерлі-зайыптылар Алматыда тіркелген микроқаржы ұйымына қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
«2019 жылдан бастап ұсталғандар тауар сатып алу үшін ақша қаражатын аудару сылтауымен интернет-дүкен сатушыларынан олардың ЖСН мен банк картасының деректемелерін алғандығы анықталды. Сатушылардың төлқұжат мәліметтерін пайдалана отырып, олар МҚҰ сайтында онлайн режимде микрокредит алуға өтінім берді. Ақшаны алғаннан кейін сатушылармен қайтадан байланысқа шығып, оларға абайсызда ақша қаражатын аударғанын хабарлады және оларды басқа банк картасына қайтаруды сұрады», деп түсіндірді Алматы ПД бастығының орынбасары полиция подполковнигі Рустам Әбдірахманов.
Тергеу жұмыстары барысында ерлі-зайыпты алаяқтар 41 адамды алдағаны анықталды. Барлық «қарыз алушыларды» тапқаннан кейін полиция олардың қарыз алуға мүлде қатыспағандығын анықтады.
Күдіктілерге қатысты қылмыстық істі тергеу іс жүргізумен аяқталды. Оның материалдары үкім шығару үшін сотқа берілді. Күдіктілер қамауда.