Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында халықаралық білім бәйгелерінен жүлде алған озат оқушыларға бір реттік ақшалай сыйақы беруді, гранттар тағайындауды тапсырған еді. Мәселе қалай шешімін таппақ? Ақшалай сыйақының көлемі қанша? Грант қандай оқу орнынан беріледі?
Мәселе оқушыда ғана ма?
Қоғам арасында, әсіресе әлеуметтік желілерде ғылым мен білім әлемінде әлемдік додаларда дараланған дарабоздарды жазбайды деп журналистерді жиі жазғырады. Биылғы халықаралық олимпиададан алтын медаль алған баланың жетістігін жариялағымыз келді. Сөзден нәтиже шығару үшін ғана емес, өзіміз де шоу мен тойдан гөрі ғылым, білімді насихаттауға мүдделі болғандықтан жазуға құлық таныттық. Директоры орынбасарына, ол мұғалімге, мұғалім келесі мұғалімге, онысы оқушыға сілтеп, әзер дегенде жетіп хабарлассақ: «Сөзімді жазып алып, шығарғаныңыз үшін маған қаламақы төлейсіздер ме?», дейді. Ол туралы материал шықса, филантроптар мен ректорлардың көзіне түсуі мүмкін екенін, одан әрі қолдауға жол ашылатынын айттық. Сөзімізді соңына дейін жеткізе тыңдамастан тұтқаны тастай салды.
Жас буынның бағыты басқа, ойлау жүйесі бөлек қой. Мүмкін бір білмейтініміз, біз түсінбей тұрған тұсы бар шығар, талқылау керек-ақ. Міне, осындай мақсатта әлеуметтік желідегі парақшамызға: «Көбі журналистерді шоудан өзгені жазбайды деп жазғырады. Жариялайық десек, жағдай мынадай», деп жаздық.
Сонда желі қолданушылар арасында: «Баланікі дұрыс. Еңбек пен сөзге ақы төленуі керек. Капитализм заңы. Шетелде әр сұхбат сатылады» немесе «Сақалын сатқан кәріден, ақылын сатқан жас артық», деп бұрмаланған қанатты сөзбен баланы жақтағандар болды. Екінші жағынан жүлдегер-жасөспірімді «жұлдыз дертіне шалдықты», деп даттағандар да болды.
Желінің «желі» гуілдеп тұрған заман ғой. Артынша әлгі олимпиада жеңімпазының мұғалімі (қайдан тапқанын білмейміз) нөмірімізді тауып алып, қоңыраулатып тұр. Оқу ошағын, оқушының аты-жөнін, қайдан екенін көрсетпесек те жазбамызды өшіруді сұрады. Өтінішін орындадық. Бірақ баланың мұндай әрекетке не себептен барғанын бүкпесіз баяндағанда ғана өтінішінің орындалатынын жеткіздік. Себебі бұл өзге жеңімпаз балалардың көкейіндегі мәселе болуы әбден мүмкін ғой деген ойда болдық. Болжамымыз теріс шықпапты.
«Біз балаларды олимпиадаға өз еркімізбен, ешкімнен қандай да бір қаржылық қолдау күтпестен даярлаймыз. Балалар да түрлі білім бәйгелеріне ата-анасының қалтасын «қағып» барады. Мысалы, сіз хабарласқан оқушы мемлекеттен ешқандай көмек алмастан әке-шешесінің қаржысымен олимпиадаға қатысып келді. Негізі мұндай жағдайда облыстық «Дарын» орталығы төлеуі тиіс-тін. Бірақ біздің өңірде орталық былтыр ғана ашылғандықтан алтын медаль алған халықаралық олимпиадаға дейінгі 2018 және 2019 жылғы олимпиадаларда (республикалық, халықаралық) бала ата-анасының ақшасымен барды. Кейбір жарыстардың шығынын мектеп директоры атсалысып, оқу ошағы атынан төлеп тұрды. Дегенмен әке-шешесі баланың жатын жеріне, жүріп-тұруына төледі ғой. Оның үстіне сіздер хабарласқанда жолда да сол олимпиадаға қатысу кезінде біраз қиыншылыққа кезіктік. Карантинде «қамалып», екі апта уақыт өткізіп келгенде журналистер толассыз хабарласты. Ол мұндай ашықтыққа үйренбеген ғой. Оған қоса бір нәрсені қайталап айта бергеннен де мазасы қашқан болар», деп бір тоқтады жеңімпаздың мұғалімі.
Тапсырма мен талаптан туған шешім
Иә, баланың жайын түрлі тарапқа тартып талқылай беруге болады. Мұғалімі айтқан медиаға үйренбеуі де мәселе емес, алдын ала көп қайталанатын сұрақтарға жауабын дайындап қойып уақытты да, жүйкені де құртпайтын жол таба аласыз. Бізді ойлантқаны – мұғалімнің сонау жерге оқушының ата-анасы берген ақшамен барғанын айтқанында. Және осы сөйлемінде дауысындағы қынжылысты анық байқадық. Қынжылысы орынды ма? Біздіңше, орынды. Өйткені бір баланың басындағы жағдай Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаға қатысып жүрген басқа да оқушыларда кездесуі мүмкін.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы түйткілдің түйінін дөп басқандай, халыққа Жолдауында: «Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз», деді.
Осыдан соң «Сыйақының мөлшері қандай болады?» деген сұрақ көптің көкейінде тұрды. Жолдау жарияланғаннан кейін көп ұзамай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында:
«Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ біржолғы ақшалай сыйақылар көзделеді: алтын медаль үшін кемінде 1 500 АЕК, күміс медальға – 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК ұсынылады», деп жазды. Биылғы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге. Сонда алтын медаль алған оқушы бір рет 4 млн 375 мың 500 теңгелік ақшалай сыйақы алады. Ал күміс медаль иегері 2 млн 917 мың теңге, қола медаль иесі 1 млн 458 мың 500 теңгеге қол жеткізеді.
Шыны керек, бұл – өте үлкен жетістік. Себебі бұған дейін олимпиададан оқ бойы озық шығып, елдің намысын шетелде қорғаған өрендерімізге мемлекеттің атынан мұндай ынталандыру болған жоқ. Десек те Мемлекет басшысы оқушыларды ғана емес, оларды даярлаған мұғалімдерін де қалыс қалдырмауды, моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыруды тапсырған-тын. Бұған қатысты министр А.Аймағамбетов: «Халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған педагогтерді қолдау шаралары көзделеді», деп қысқа қайырды. Осы орайда «Нақты қандай қолдау шаралары көзделген? Ақшалай сыйақы ма, болса қандай мөлшерде? Әлде шипажайға жолдама ма, болса қайда?» деген сұрақ туатыны заңды. Сауалымызды тиісті ведомствоға жолдадық. Білім және ғылым министрлігінен: «Қазіргі уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заңына өзгерістер енгізілуде. Халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтерді біржолғы ақшалай сыйақымен қамтамасыз ету бөлігінде түзету қарастырылды», деген жауап алдық. Анығырақ айтар болсақ, «Педагог мәртебесі туралы» заңның 9-бабы 3-тармағында: «Жергілікті атқарушы органдар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынталандырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы», делінген.
Бірақ мұнда, біріншіден, «сыйақы тағайындауға міндетті» делінбеген. Сол себепті бір әкімдік мұғалімге көлік мінгізіп жатса, бір елдегі екінші әкімдік алғыс хатпен марапаттап қоя салуы мүмкін. Екіншіден, «олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге» деп нақты көрсетілмеген. Содан да бір өңірде педагог жай ғана қоғамдық белсенділігі үшін, келесі бір облыста төрт жылдап оқушыны олимпиадаға дайындаған мұғалім сыйақы алады. Сондықтан заңға түзету осы бағытта енгізілсе, құба-құп.
Таразыға тартқанда...
Таразылап көрейікші. Таразының екі жағында халықаралық олимпиададан жүлде алған спортшы мен оқушы тұр делік. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Сейітқазыұлы халықаралық пән олимпиадасына қатысушылардың жолына, тамағына, тұратын жеріне мемлекет тарапынан, яғни осы орталық арқылы төленетінін жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәселе шешімін тауып жатыр ғой. Енді халықаралық пән олимпиадасының жеңімпаздарына жоғарыда аталып өткен бір реттік ақшалай сыйақыға қоса тағы еліміздегі кез келген жоғары оқу орнына грант тағайындалады. Ал Қазақстан атынан білім бәйгесіне баратын оқушыларға жасалатын жағдайға келсек, біршама нәрсе жолға қойылған. Мәселен, республикалық пән олимпиадасының жүлдегерлерін жинап, әуелі оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Сол оқу-жаттығудан жақсы нәтиже көрсеткендерді іріктеп, шетелде еліміздің намысын қорғайтын Қазақстан командасын жасақтаймыз. Оқу-жаттықтыру жиынына қатысатын республикалық деңгейде іріктеуден өткен оқушыларға тұратын жері мен тамағына төлейміз. Ал олардың жол шығынына жергілікті атқарушы органнан, яғни білім басқармаларынан ақша бөлінеді», деді Т.Сейітқазыұлы.
Біз «Спорттық олимпиадаларға Қазақстан атынан қатысатын спортшыларға төрт жыл бойына дайындалуына, жаттығуына мемлекеттен қаржы қарастырылады. Жаттықтырушыларына да жағдай жасалады. Пәндік олимпиадаға дайындайтын мұғалімдер де бір баланы жаттықтыруға кемі 3-4 жыл кететінін айтады. Сондай жағдай мұғалімдерге де қарастырылған ба?» деп сұрадық. Сауалымызға «Дарын» орталығының директоры: «Мұғалімдерге оқушыларды олимпиадаға дайындаған кезде қосымша сағат беріледі. Мектептегі сағаттар инвариантты компонент, яғни міндетті сабақтарға және вариативті компонент, яғни қосымша жұмыстарға деп бөлінеді. Сол қосымша жұмысқа бөлінген сағат, жалақысына үстемеақы ретінде қосылады. Өзім бұған дейін мектепте де жұмыс істедім, директорлық қызметімде олимпиадаға оқушылар дайындаймын деп келген мұғалімдерге қосымша сағат қарастырдым. Нәтижесі жоғары болып жатса, көбейтуге тырыстым. Бұл – енді мектеп басшылығына да байланысты», деп жауап берді.
Орталық өкілінің айтуынша, халықаралық олимпиадаға баратын оқушылардың ми қызметін жақсартуға шоколад пен сусынға ақша бөлінеді екен. Бұған шамамен әр балаға 1000 теңге жұмсалады десек, 31 мың теңге (жыл сайын олимпиадаға 31 бала барады) кетеді. Осы соманы 4-ке көбейтсек, 124 мың теңге шығады, бұл – төрт жылға бөлінетін қаражат. Ал Ұлттық олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек бір айдай бұрын Бас Ассамблеяның отырысында: «Ұлттық құрама командаларының мүшелеріне спорттық тағам сатып алуға 110 млн теңге жұмсалды», деді. Бұл бір жылға бөлінген ақша ма, әлде бір циклге, яғни олимпиада дайындығы мен өткізілетін төрт жылдық кезеңге қарастырылған қаражат па, оны білмедік. Комитет өкіліне хабарласып та анықтай алмадық. Әйтеуір спортшы мен оқушыға бөлінген қаражаттың ара қашықтығы жер мен көктей екені көрініп тұр.
Иә, таразылау үшін ақпарат алғымыз келгенін білген комитет өкілінің айтқанындай, салыстыруға да келмейтін дүние шығар. Алайда біз оқушы мен спортшы деп емес, білім-ғылым, өнертабыс пен спорт деп қарайықшы. Әлемді, тіпті адамзатты білім мен ғылым игергендер басқарып, онымен қоймай елін дамытып, экономикасын қарыштатып отырғанын ескерсек, біз үшін таразының қай жағы басым болуға тиіс еді? «Спорт – денсаулық кепілі» деп уәж айтатындар болар, бірақ бұл – бұқаралық спорт емес. Одан қалды, «кәсіпқой спорттың жетістігімен халықаралық беделімізді көтеріп отырмыз» деген аргументті алға тартатындар табылады. Солай десек, ғылым мен технологияны, сапалы білімді бірінші орынға қойған аралдың ортасындағы Жапония мен жоқтан бар жасаған Израиль қазір қай деңгейде? Осындай сұрақ туғанда қайтадан таразылай бастайсың. Содан әлемдік оқушылардан оқ бойы озып, алтын медаль алған білім бәйгесінің жеңімпазы мен дүниежүзілік спорт додадасынан дараланған алтын медаль иегеріне жасалатын жағдай теңеспесе де шамаланса екен дейсің...