Біресе бәсеңдеп, біресе қатаңдаған жаман індет соңғы кезде Солтүстік Қазақстанда қайтадан күшейіп кетті. Қазір облыс – «қызыл аймақта».
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, қазір барлық тіркелген науқастың саны 27 279 адамға жеткен. Соның 1 999-ы – 8 қазан мен 21 қазан аралығындағы екі аптада тіркелгендер. Оның алдындағы екі аптада, яғни 24 қыркүйек пен 7 қазан аралығында 1 167 науқас тіркелген. Демек науқастар саны бір айдың аралығында 1,7 есеге артқан. Осы аралықта науқастар санының күрт өсімі әсіресе, Аққайың (2,5 есе), Айыртау (2 есе), М.Жұмабаев пен Мамлютте (2 есе) байқалған. Тайынша, Қызылжар, Ақжар, Жамбыл, Есіл аудандарындағы өсім де екі есеге жақындап қалған. Шал ақын ауданы мен Қызылжар қаласындағы өсім 1,5 еседен болып отыр.
Соңғы 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 189,8-ді құрайды, бұл – Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты өңірлік комиссия карантиндік шараларды қатаңдату жөнінде шешім қабылдап, 25 қазаннан бастап шектеулер енгізілетінін мәлімдеді.
Облыс аумағына 2020 жылдың 6 қазанынан 2021 жылдың 20 қазанына дейін шекаралық бақылау пункттері арқылы автомобиль жолдарымен 281 392 адам өткен. Соның ішінде ПТР анықтамаларымен 146 558 жолаушы келген. Ал ПТР анықтамасынсыз келген 5 623 адам COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарларға орналастырылды. Олардың арасынан жаман індеті бар 315 адам анықталып, оның 41-і инфекциялық стационарға орналастырылған, қалған 274 адам амбулаторлық емделуге жіберілген. Қолында мерзімі 72 сағаттан ерте емес зерттелген анықтама болмаған 1 525 шетел азаматына Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
Биыл қазан айының басынан бүгінге дейін 23 мониторингтік топ 680 нысанды қамтыған 120 рейд жүргізді. Нәтижесінде, 15 тұлға 948 мың теңгеге жауапкершілікке тартылды. Ashyq жобасын бұзушыларға 3 млн теңгеден аса сомаға 93 айыппұл салынды. Бұқаралық ақпарат құралдарында әкімшілік айыппұлдарды төлеген 88 шектеу іс-шарасын бұзушылар жарияланды.
Облыста вакцинаның бірінші компонентімен 248 299 адам егілді, бұл – тәулігіне 330 адам деген сөз. Оның ішінде QazVac – 7 880, HayatVax – 25 674, Спутник-V – 193 236, CoronaVac – 7 895, Vero Cell 13 589 адамға егілген. Егілуге тиісті барлық тұрғынның 66,9%-ы бірінші компонентпен қамтылды. Вакцинаның екінші компонентімен 230 928 егілді, бұл – тәулігіне 469 адам деген сөз. Тұрғындардың 62,3%-ы екінші компонентпен қамтылды.
Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі солтүстікқазақстандықтарға үндеу жариялап, вакцинаны толық алуға шақырды. Үндеуде: «Қорқынышты ауру мыңдаған отандасымыздың өмірін қиды және денсаулығына айтарлықтай зиян келтірді. Қабылданған шектеулер бізге бүгін толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Біздің елімізде 2021 жылдың ақпан айында азаматтарды жаппай, ерікті вакциналау басталды. Оның тегін өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Алайда біздің аймақта вакциналау қарқыны өте төмен болып қалуда. Бүгінде өңірдегі инфекциялық стационарларда 787 науқас жатыр. Оның 65%-ы – 61 жастан асқан адамдар. Пандемия басталғаннан бері біздің облыста 266 адам қайтыс болды. Осы санның ішінде 61 жастан асқан адамдар 78%-ды құрайды. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі бүгінгі таңда бұлтартпас фактілермен дәлелденген: инфекциялық стационарларда емделіп жатқан пациенттердің 99%-ы – вакцина алмағандар. Вакциналанған адамдар ауруды жеңіл түрде өткізеді және басқаларға қарағанда жұқтыру қаупі аз. Әлбетте, бәріміз қалыпты өмірге тезірек оралғымыз келеді. Аға буын өкілдері ретінде біз сіздерді ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің пікіріне құлақ асуға, вакцина алуды кешіктірмеу арқылы өзіңізді және жақындарыңызды ауыр қауіптен аман алып қалуға шақырамыз» делінген.
Солтүстік Қазақстан облысы