Соңғы жылдары экологтар Қазақстанда және оның шекарасында орналасқан өзен-көлдердегі судың таяздануы, ластануы немесе тұз деңгейінің көтеріліп жатқаны жайлы жиі дабыл қағып жүр. Осы мәселені ескерген Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ басылымның 25 қазанда жарық көрген санында «Балқаштан тұз көтерілу қаупі бар» мақаласын жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Табиға су көздеріндегі проблема Жайық, Сырдария, Ертіс, Іле және өзгеде өзен-көлдерден қатар байқалып отыр. Ал трансшекаралық өзен суының кеміп кетуінен зардап шегіп отырған табиғи байлық көзінің көш басында Балқаш көлі тұр.
«Өкінішке қарай Балқаш көлінің экологиялық қаупін анықтап, Үкімет назарына ұсынып отырған мекемелердің жұмысында бірізділік жоқ. Оның үстіне соңғы 14 жыл көлемінде көлге қатысты кешенді зерттеу жұмысы жүргізілмеген көрінеді. Яғни көл суының жыл сайын қаншалықты азайғанын тап басып айту қиын. Ал ашық дерек көздеріне жүгінсек, Балқаш көлінің су көлемі теңіз деңгейімен салыстырғанда 342,8 метрге дейін төмендеген. Бұл – 2012 жылғы дерек. Жалпы, соңғы 2 мың жыл бойы теңіз деңгейінен 346 метрдей жоғары қалпынан айнымаған көлдің тереңдігі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап төмендеуге бет алыпты. Қазір судың деңгейі бұрынғы ернеуінен 3-4 метрге дейін құлдилағаны айтылады», дейді тілші.
Су арналарындағы экологиялық мәселелер уақытылы шешімін таппаса 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар» атты Жолдауында да айтылды.Мемлекет басшысы су тапшылығын жоюдың жалғыз жолы ретінде жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеу екенін баса айтты. Сондай-ақ, табиғи су көздеріне өнеркәсіп пен адами фактордың кері әсерінен туатын қауіпті жою да басты қағида екені ұмытылмауы тиіс.
Тақырыпқа қатысты ұсынылған тың деректер мен дәлелдемелерді Қалмаханбет Мұқаметқалидың «Балқаштан тұз көтерілу қаупі бар» мақаласынан оқи аласыз.