Алматыда полицейлер бес ер адамнан 8,5 келі есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласының тәртіп сақшылары марихуана сатумен айналысқан топты ұстады. Қылмыстық топ 35 пен 52 жас аралығындағы бес адамнан құралған. Бәрі Алматы облысының тұрғыны. Негізгі тұлға – 1983 жылы туған Д. есімді азамат.
«Жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде күдіктілердің қылмыстық әрекеті дәлелденді. Анықталғандай, есірткі заттары – марихуана және аса ірі мөлшердегі гашишты Д.есімді азамат Жамбыл облысынан жеткізеді. Күдікті мінген «Мерседес» көлігін арнайы жасақ бөлімінің қызметкерлері «Дарабоз» ықшамауданында тоқтатты. Көлікті және күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 8,5 келіден астам есірткі табылды және тәркіленді. Атап айтқанда, «гашиш» – 4 келі 216,13 гр. және «марихуана» – 4 келі 361,01 гр», деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Сонымен қатар спикер, қылмыстық кәсіпті ұйымдастырушыға тиесілі үйде үш қару табылғанын мәлім етті.
«Қарудың екеуі Жамбыл облысында ұрланғаны белгілі болды. Тағы бір қарудың кімге тиесілі екендігін тергеу тағайындаған сот-баллистика сараптамасы анықтайды. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне есірткіні заңсыз сату және атыс қаруын заңсыз сақтау фактісі бойынша бірден екі қылмыстық іс тіркелді», деді полиция өкілі. Күдіктілер ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.