Ел Тәуелсіздігі зұлмат замандарда алыс-жақын шетелге тарыдай шашылған қандастардың оралуына жол ашып, көк тудың астына жинады. Бастарына баспана, екі қолға күрек тауып беруге көмек жасалды. Өскеменнің іргесінде қандас ағайындарға арналған Нұрлы көш ауылы бой көтерді. Ұмыт болған салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, санамыз серпілді.
Десе де «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны бар». Оны да ұмытпауымыз керек шығар. Соның өзінде ономастика саласында аз жұмыс атқарылған жоқ. Жарма ауданының орталығы Георгиевка ауылы – Қалбатау, Ұлан ауданының орталығы Молодежное – Қасым Қайсенов, Зырян ауданы – Алтай болып өзгертілді. Одан басқа қаншама ауылдардың тарихи атауы қайтарылды?! Жүздеген көшелер қазақшаланды. Осының бәрі Тәуелсіздіктің тартуы еді.
Қай салада болсын, отыз жыл ішінде жеткен жетістік, бағындырған белес аз емес. Айта кетсек, Тәуелсіздік жылдары өңірде 170-тен астам мектеп пен колледж, 107 аурухана, емхана мен амбулатория, 27 балабақша, 453 спорт нысандары салынған екен. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі
Тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағы – білімді жастар. Білімі толысқан, ойы салмақты маман қалыптастыру үшін тәрбие жұмыстары балабақша қабырғасынан бастау алған. Ал мектептердің көбінде роботтехника және IT сыныптары ашылып, оқушылардың ой-өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосып келеді. Кейбір ауылдың оқушылары жаратылыстану ғылымдарын Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттары бойынша жабдықталған кабинеттерде оқуға мүмкіндік алып отыр. Яғни белгілі пәндерді тереңдетіп оқыған оқушылар мемлекет тарапынан бөлінген грантқа түсуге бір табан жақындаған. Экономика бағыттары бойынша жергілікті жерде соңғы төрт жылда ғана 1 446 грант бөлініпті. Олар тегін оқып ғана қоймайды, оқуға түскен түлектердің көбі жатақханаға орналасады, қабілеттеріне қарай түрлі секцияларға қатысады.
Облыстағы қай университетті алып қарасақ та, білікті маман қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Атап айтсақ, 1991 жылы университет мәртебесін алған С.Аманжолов атындағы жоғары оқу орнының облыста алар орны айрықша. Ал Қазақстан-Америка оқу орнының салтанатты түрде ашылуына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, алғашқы түлектеріне диплом табыстаған.
Елдің экономикасын дамытудың бір саласы өндіріс болса, өндірісті өрге сүйрейтін техниканың тілін білетін мамандар. Аймағымызда білікті де білімді құрылысшыларды, сәулетшілерді, металлургтерді, ІТ мамандарын Д.Серікбаев атындағы техникалық университетте дайындайды. Аталған оқу орнынан жылына 2 мыңдай түлек дипломды маман болып шығады. Сонымен қатар Семей мемлекеттік медициналық университеті – Қазақстан Республикасының ірі медициналық жоғарғы оқу орындарының бірі. Оның жеке клиникалық базасы, әскери кафедрасы бар. Университеттің инфрақұрылымдық даму динамикасының жоғары болуы білім, ғылым және инновациялық әлеуетінің қарқынды дамуына ықпал етті. Оқу орнының түлектері АҚШ, Израиль, Германия, Пәкістан, Үндістан, Жапония сияқты елдерде де қызмет етіп жүр. Иә, денсаулық сақтау саласында серпіліс бар. Қалалардың ғана емес, шалғай аудандардың тұрғындары үшін де медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артты.
Медицина саласы заман көшінен қалған емес
Бұрынғыдай емес, заманмен бірге медицина ғылымдары да дамыды. Білімдерін Англия, Израиль сынды елдерде шыңдап келіп, жұмысқа шындап кірісіп жүрген ақ желеңді дәрігерлер көп. Соңғы бес жылда олар шетелдің жетекші клиникаларында оқытыла бастады. Оқу курстары мен шеберлік сабақтарынан 5,5 мың маман өтті. Бұл үшін бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, өңірде жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалана отырып, емдеудің көптеген заманауи әдістерін енгізуге мүмкіндік туды.
Соңғы төрт жылда Шығыс Қазақстан облысының медицинасына 48 млрд теңге инвестиция құйылған. Халық денсаулығына ең қажетті деген 3 мыңнан астам жоғары технологиялық жабдық сатып алынды. Аягөз бен Алтай қалаларында 2 инсульт орталығы ашылды. Бұл орталық қазіргі таңда халық үшін ауадай қажет еді. Яғни тұрғындар алысқа, облыс орталығына немесе Семейге сабылуды қойған. Өз аудандарында-ақ білікті дәрігерлерден қажетті көмектерін алып, ем-домдарын жасайды. Айта кетерлігі, шекара шебіндегі бес ауданның (Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Үржар) медицина саласына 2025 жылға дейін 7 млрд теңге салу жоспарланып отыр.
Ал Өскемен қаласында онкология және хирургия орталығы, облыстық пульмонология орталығы, Ана мен бала орталығы, облыстық мамандандырылған медициналық орталығы ашылды. Мұның бәрі өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздік жылдары қолданысқа берілген медициналық нысандардың қатарында облыс халқына қызмет көрсететін Қан орталығымен. Оңалту орталығы және бар. Коронавирус пандемиясы басталғалы Қан орталығында алынған қан плазмасы қаншама адамның өмірін құтқарды?! 2022 жылы Қазақстанда теңдесі жоқ гематологиялық орталық қолданысқа беріледі. Жаңа орталықта жасушалық және гендік-инженерлік технологияларды пайдалана отырып, ең жаңа бірегей жабдықтар орнату жоспарланған. Айтқандай, биыл Семейде көптен күткен ядролық медицина орталық өз жұмысын бастады.
Өндірісі өркендеген өңір
Шығыс Қазақстан өндірісті өңірлердің бірі екені белгілі. 1991 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі облыста 27,9 млн теңге болса, бүгінде көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге жетіп отыр. Жалпы отандық инновациялық өнімнің 7%-ға жуығы облыстың кәсіпорындарына тиесілі.
Өңір экономикасының негізгі саласы – түсті металлургия және тау-кен ісі. «Казцинк» ЖШС, KAZ Minerals АҚ және басқа да тау-кен металлургия компаниялары халықтың бір бөлігін жұмыспен қамтып, салық төлеп отыр. Оның үстіне, өндіріс орындары автоматтандырылған негізде жұмыс істейді.
Рас, өндірісі көп елдің өрісі кең болып, өркениет көшінің алдыңғы қатарына шығады. Жоғарыда айтқандай, еліміздегі бағалы металдардың өндіріс ошағы – «Казцинк» компаниясы. Алтын, күміс, мырыш, мыс, қорғасын қатарлы бағалы металдарды өндіріп, ел игілігіне жаратып келеді. Өндіріс ошағы өзіндік технологиясы бойынша бағалы металдар шығарып, зауытта тазартылған алтын құйма кесектерін дайындайды. 2010 жылы «Казцинк» ЖШС-не қарасты мыс балқыту және элетролиз зауытының құрылысы аяқталып, 2011 жылы толықтай іске қосылған. Сонымен қатар титан балқытып, құймаларын жасауға арналған «Посук-Титаниум» ЖШС зауыты жұмысын бастады.
Елге пайдасын тигізіп, Үкіметке үлесін қосып келе жатқан Үлбі металлургия зауытының алар орны да ерекше. 2020 жылы жылу беру құрылғыларын шығаруға арналған «Үлбі ТВС» ЖШС зауытының құрылысы аяқталды. Зауыттың жобалық қуаты жылына – 200 тонна. Аталған кәсіпорын уран отынын өндіретін әлемдегі ірі кешендердің бірі һәм бірегейі. Ядролық салада да сүбелі жұмыстар атқарған өндіріс ошақтарының бірі. Сауда-саттықтың дәнекеріне айналған «Қазақстан Теңге сарайы да» ҮМЗ аумағында орналасқан. Теңге сарайында 1-ден 100 теңгелікке дейінгі металл монеталар өндіріледі. Бұдан өзге мемлекеттік наградалар, ордендер, медальдар, зергерлік бұйымдар, кәдесый өнімдері жасалады.
Баса айта кетерлігі, облыста металл шығару көлемі ұлғайғанымен, Өскемен атмосферасына күкірт диоксидінің шығарындылары 15 мың тоннаға азайған.
Дамыған 4.0 индустриясына көшудегі көшбасшылардың тағы бірі – KAZ Minerals өндіріс орнына қарасты Ақтоғай тау-кен байыту кешені. Естеріңізде болса, 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында кәсіпорын алғашқы катодты мыс шығарған. Биыл 1 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кен байыту комбинатының екінші өндірістік кезегін іске қосты. Егер бірінші кезектің жылдық қуаты 25 млн тонна кенді және 100 мың тоннаға жуық металды құраса, екінші кезектің іске қосылуымен өндіру көлемі екі есеге, ал дайын өнім 190 мың тоннаға дейін жетуі тиіс. Өнім көлемі көбейгенімен, сұраныс көлемі де артады. Қытайдың өзіне ғана 2019 жылы ай сайын 700 мың тоннадан астам мыс экспортталды.
Тау кен ісі мамандарының айтуынша, «Ақтоғайдың» қоры 1,7 млрд тоннадан асады екен. Кен орны 50 жылға есептелген. Кәсіпорында жалпы саны 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ақтоғайдың» екінші кезегі іске қосылуы – 700 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 80 млн доллар салық түсетін болады. Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы үлкен жетістіктердің бірі.
Өндіріс саласы мұнымен тоқтамайды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Тарбағатай ауданында бентонит ұнтақтарының өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, жылына 24 мың тоннаға дейін өнім шығарылады. Сонымен қатар Күршім, Қарашығанақ мыс кен орындарында тау-кен байыту кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жақын жылдары Үржар ауданында Айско-Қарауыл кен орны базасында катодты мыс өндірісі құрылады. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік туғызады. Тек соңғы 10 жылдың ішінде ғана индустрияландыру картасы аясында өңірде 55 жоба жүзеге асырылып, 9 мың жұмыс орны ашылған.
Бұл жоба әлбетте, жалғасын таба бермек. Зайсан ауданындағы Қараөткел және Сәтпаев кен орындарында сирек кездесетін металдардың ірі қорлары барланған. Көкпекті, Аягөз және Күршім аудандарында да кен өндіру ошақтары анықталған. Қазірдің өзінде шекара шебіндегі аудандарды дамыту үшін Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір құрылысы жүргізілуде. Президенттің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл көпірдің ұзындығы –1 316 метр, ені – 12 метр. Көпірді 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Туризм тасы өрге домалаған
Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір құрылысы, Өскемен – Талдықорған тас жолы және Осинов асуындағы төте жол аяқталса, туризм саласының тасы өрге домалай түседі. Дегенмен Тәуелсіздік жылдары туризм саласы жүйелі түрде жолға қойылды.
Иә, Шығыс – турист тартуға әбден лайықты өңір. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі, Үржар ауданындағы суы шипалы Алакөл, Күршім ауданындағы Марқакөл, Катонқарағайдың Рахманқайнары бар. Сондай-ақ Берел қорғандарымен, асқарын мәңгі мұз басқан Мұзтауымен әйгілі. Есепке көз жүгіртсек, Алтайдың қорықтары мен ұлттық парктерінде ғана 20 туристік маршрут пен соқпақ бар екен. Бұл да туристердің тартылуына үлкен сеп.
Алакөл курорттық аймағы кезең-кезеңімен заманауи өркениетті деңгейге жақындап келеді. Мұнда Арбат, дәмхана, сауда орталықтары жаз маусымында дамылсыз жұмыс істейді. Биыл үлкен көрермендер алаңы бар Alazone Arena ашық аспан астындағы сахна ашылды. Орташа алғанда, туристік аймаққа 600 мыңнан астам демалушы келеді. Демалушыларға ғана жергілікті шаруа қожалықтары 4 млрд теңгенің өнімін өткізіп отыр. Биыл Үржар ауданының әкімшілік орталығындағы әуежайды қайта жөндеу жұмыстары аяқталса, туристер легі тағы артады.
Шаруалар шаруасын шалқытып отыр
Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін кез келген дақылды өсірумен ғана емес, оны өңдеумен де айналысу керектігін шаруагерлер де, жергілікті билік те кәміл түйсінді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін табысы жоғары дақылдарға көшу керектігін бірнеше рет айтқан-тұғын. Аймақта осы бағытта оң қадамдар жасалды. Егістік жерлерін әртараптандыру, қажеттіліктер мен мүмкіндіктерді жіті талдау, күтілетін экспорттық өнімнің сараптамалық бағасы, осының бәрі бізге күнбағыс тұқымын өндіруде республикада бірінші орын алуға мүмкіндік берді. Бірақ өндіріс – бұл тек алғашқы қадам. Екіншісі – Семей қаласы мен Глубокое ауданында май экстрациялайтын 2 ірі зауыттың құрылысы болып отыр. Олардың қуаттылықтары, сондай-ақ майлы дақылдар үшін алқаптардың ұлғаюы өңірдегі өсімдік майларының сан алуан түрлерін өндіруде мемлекет бойынша көшбасшы атануына жол ашады.
– Жас шаруалардың осындай бірегей жұмыстармен айналысуы нағыз шығармашылық іс. Осы ретте біз арнайы бағдарлама әзірлейміз. Ал келесі жылы егістік алқаптарының құрылымын түбегейлі өзгертуіміз керек. Биыл қайта өңдеу зауыты іске қосылып, оның тәуліктік қуаты мың тоннаны құрады. Сондай-ақ 2022 жылы майлы дақылдарды өңдейтін тағы бір зауытты іске қосамыз. Демек, өңір шаруалары өз өнімдерін қайда сатамын деп табан тоздырмайтын болады, – дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Әлбетте, мұндай өндіріс көлемімен зауыттар пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы жылына 1,1 млн тоннаға жетеді. Аймақ жоғары сапалы өсімдік майымен қамтамасыз етіліп қана қоймай, оны экспортқа шығаруға да болады. Әсіресе жақын көршілеріміз Қытай мен Ресей Федерациясы ынтымақтастыққа қызығушылық білдіріп отыр.
Сондай-ақ облыс шаруалары рапс пен соя егуге ерекше назар аударған. Себебі жоғары тиімділікті көрсететін дәл осы дақылдар аграрлық нарықта сұранысқа ие. Қазіргі заманда фермер – егін шаруашылығымен ғана айналыспайды, заман көшінен қалыспайтын кәсіпкер.
Мысалы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Олар жүйелі түрде майлы, бұршақты және дәнді дақылдардың жаңа сұрыптарын іріктеумен, жоғары санатты тұқымдарды көбейтумен айналысады. Компания мамандары көп жылдан бері алыс-жақын шетелдердің селекционерлерімен бірге белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жыл сайын компанияның бір бөлімінде 600-ден астам күнбағыс будандарына сынақтар өткізіледі. Жаңа будандардың экологиялық сынақтары тек Қазақстан аймақтарында ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де жүргізіліп жатыр.
Міне, ордалы отыз жыл ішінде қай салада болсын, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Ең бастысы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алғаш болып, ядролық қарудан бас тартып, елдің тыныштығын алдыңғы орынға қойды. Бұл шешім Қазақстанды ғана емес, жаһанды бейбіт әрі қауіпсіз өмірге бастады.
Шығыс Қазақстан облысы