Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» бір оқығаннан-ақ жаттап алып, оған жанынан мақам шығарып, әйгілі поэманы күні бүгінге дейін елге насихаттап келеді. Қарияның жыршылық өнеріне кезінде белгілі ілиястанушылар – Мырзабек Дүйсенов пен Тұрсынхан Әбдірахманова да лайықты баға берген.
Таңғаларлығы, кез келген жырды бір тыңдағаннан-ақ, иә, бір оқығаннан-ақ үтір-нүктесіне дейін жадына сақтап алып, іле көпшілік алдында қайта жырлап беретін құймақұлақ жыршы «Құлагерге» дейін ешбір қисса-дастан айтып көрмепті. Қария:
Тасқында, тау суындай,
көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы-қыры.
Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,
Бастырмай шөпке-шарға
тоқтап құры.
Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын,
артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны, –
деп көсіле жөнелгенде, сары қымыз аңқыған Сарыарқа төсінде серілік құрған Ақан әлеміне құлаштай бойлап, Көкше болып күңіреніп, Бурабайша буырқанасың, Ақан болып түңіліп, тұлпар тұяғында жарқ ете қалған жалқын ғұмырдың опасыздығына налисың.
Бүгінде жетпіс жетіге аяқ басқан Нағашыбай ақсақал Жангелдин ауданындағы Албарбөгет ауылында туып өсті. Кейін тоқсаныншы жылдары Тобыл өңіріне қоныс аударып, Алтынсарин ауданының Селантьев ауылына тұрақтап қалды. Әкесі – Алпыс Байдалы өңірге белгілі жыршы, Нұрқанның, Иманқұлдың Әбдірахманының өлеңдерін бастан-аяқ түгел жырлайтын кісі болған. Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалын» үй ішінде сыбырлап айтып отырады екен.
Нағашыбай қарияның өзі бала кезінде бұйығы, тұйық болып өсті. Мектеп бітіргенше өлең немесе жыр айтқан адам емес.
– 17 жасымда күзге қарай қыстаққа қоныс аудардық. Күн сайын үйге тал шабам, мал суарам. Бір күні түскі астан соң төргі бөлмеде демалып жатыр ем, үстелдің үстінде жатқан кітапқа көзім түсіп кетті. Қолыма алып, ашып қалып ем, «Құлагер» поэмасы деген жазуды оқыдым. Бұған дейін үлкен кісілерден «Арқада Ақан деген сері болыпты, аузымен құс тістеген жүйрік ұстапты. Үлкен бір аста бәйгені бастап келе жатқан Құлагерді қара ниетті біреулер балтамен шауып өлтіріпті» деп естігем. Әлгі поэманы бір жарым-екі сағаттың ішінде оқып бітірдім. Содан кітапты жауып, ауылдың сыртында 500 метрдей жерде құдық бар, соған барып мал суардым. Одан кейін тал шаптым. Тал шауып отырып, манағы поэма есіме түсіп кетті. Басымда өз-өзінен оқылып жатыр. Мен оны жаттап алам деп ойламап ем, бірақ сол жерде жатқа айтып шықтым, – деді қария.
Нағашыбай атай қанмен келген құймақұлақтық өнерді бұл жолы да ерен санамады. Екі жыл ауылдық практикада болып, оқуға түсті. Одан 3 жыл Забайкальеде әскери борышын өтеп келіп, оқуын қайта жалғастырды. Осылайша, арада 7-8 жыл уақыт өтіп кетеді. Оқуын бітіріп туған жерге оралады. Ол кезде ауыл жастары бас қосып неше түрлі кештер, концерттер ұйымдастырады екен. Нағашыбай ата өмірінің ең қызықты шақтарының бірі болған сол бір кезеңді аса қимастықпен еске алды:
– Болат Қонысбаев деген ағамыз болды, Нұрқан Ахметбековтің өлеңдерін айтатын. Ол кісінің айтқан өлеңдері менің құлағымда қалып қоя беретін болды. Сөйтіп жүріп Бөкең айтқан Нұрқан өлеңдерінің бәрін жаттап алдым. Оған дейін қыз-жігіттер салған әнге қосылып, оңашада шамалап терме орындап жүргенім болмаса, домбыра ұстап көпшілік алдында өлең-жыр айтып көрмегем. Бір күні Жұман деген інім: «Аға, осы сіздің әкеңіз үлкен жыр-қисса айтқан адам. Әкейден қалған өнер ұшқыны сізде де бар сияқты» деді. «Қой, інім, мен бұған дейін дауыс шығарып өлең айтып көрген адам емеспін, көп алдына шықсам қысылып, ұялып қалам. Бірақ 17 жасымда «Құлагерді» бір оқығаннан бастан-аяқ жаттап алғам. Сол әлі басымда бар. Бірақ айтуға ұялам. Нұрқанның «Есім серісін», Мұхаметжан Сералиннің «Жауыр торы» поэмасын жатқа білем. Бірақ көп алдында айтып көрген жоқпын», дедім. «Құлагердің» шығуына себеп сол інім болды. Жұман әрі балуан әрі жас та болса көпті көрген есті жігіт еді. «Аға, «Есім Серіні» Торғайда Сардан Әбікеев деген кісі айтады. Ол кісі енді нағыз жыршы, Нұрқанның бүкіл жырын қатырып тұрып айтады. Ал мына «Жауыр торыны» Қызыләскер кеңшарында Бегалы Көрпебаев деген үлкен кісі айтады. Енді ол кісілерді сіз қайталамай-ақ қойыңыз. Одан да сіз «Құлагерді» шығарыңыз. «Құлагерді» ешкім білмейді», деді. Әй қайдам, деп мен қалдым...
Көп ұзамай Жұман тағы келеді. – Аға, «Құлагерге» жаңа мақам шығаруымыз керек! – Ойбай-ау, оны қалай шығарамыз? – Сіз шығарасыз, сізде бар! – деген інісі ертең бір айналып соғатынын ескертіп кетеді. Содан келесі күні кешке тағы келіп, ағасына «Құлагерді» бастан-аяқ айтқызып шығады.
– Таңға дейін жыр тыңдап, таңертең әрқайсымыз өз жұмысымызға кеттік. Келесі күні түнге қарай тағы келді. Осылай үш-төрт күн жүріп, жырдың мақамын шығардық. Мен ыңылдап айтып отырам, ол алдымда дирижер болып отырады. Ой бәрекелді! Әй, жаса! – деп қолын алай-бұлай сермеп, мақамның әуеніне арқаланып кететін. Содан қазір өзім айтып жүрген мақам шықты. Жұман: «Аға, осы мақамды ұмытпа, енді осы әуенмен айтасыз «Құлагерді» деді. Ол кезде мен құрылыс шебері болып жұмыс істеймін. Кешке жұмыстан келе салып екеуміз тағы отырдық, әлгі мақамға кәдімгідей үйреніп алдым, – деді жыршы.
Осыдан бір-екі күннен соң ауылда той болып, Жұман жұртқа танылып үлгермеген өнерпаз ағасын сол думанға алып барады. Тойдың бір қызған тұсында орнынан тұрып, үлкен ақсақалдарға: «Сіздер талай жырды тыңдап жүрсіздер, бірақ «Құлагерді» естіген жоқсыздар. Қазір сол жырды тыңдаңыздар, қасымда өздеріңіздің балаларыңыз отыр. Осы жігіт орындап береді» дейді. Сол кештен кейін-ақ Нағашыбай атайдың жыршылық өнері туралы хабар ауылдан-ауылға тарап кетті.
Бір күні не түрлі ескі қисса-дастандар мен поэмаларды таңды таңға ұрып жырлайтын жерлесін белгілі айтыскер-ақын Қонысбай Әбілов те естиді. «Аға, мына жырларды қайдан жаттап жүрсің? Әсіресе, «Құлагер» деген керемет дүние ғой. Мұны Қазақстанда сізден басқа ешкім айтпайды» деп ризашылық білдіреді. Кейін Нағашыбай жыршының өнері туралы газетке көлдей мақала жарияланады.
– Одан кейін Алматыға шақыртып, телевидениеге жазып алды. Бірінші ретінде дұрыс жазылмай қалған соң, Ілияс Жансүгіровтің Үміт есімді қызы Алматыға қайта шақыртып, «Құлагерді» қайтадан бастан-аяқ телевидениеге түсіртті. Маған хат жазып, Қазақстанда әкемнің поэмасын сізден өзге орындаушы жоқ деп рахметін айтты. Алматыдағы үйінің, Талдықорғандағы музей-үйінің мекенжайын айтып, қонаққа шақырды, – деді ақсақал.
Бүгінде Нағашыбай Алпысовтың жыршылық өнерін Абзал, Серік есімді ұлдары жалғастырып жүр. Екеуі де өңірге танымал дәстүрлі жыршы-термешілер. Сексен жасқа таяп қалса да қара домбырасын қолынан түсірмеген қария Алтынсарин ауданындағы мәдени шараларға белсенді атсалысып, кейінгі буынға ақылшы болып келеді.
Қостанай облысы