Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен әкімдік жиыны өтті. Жиында биылғы жылғы 9 айдың қорытындысы сараланды.
Алғаш баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев жыл басынан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталып отырғанын, қысқамерзімді экономикалық индикатор 104,6 пайызды құрағанын атап өтті. «Атап айтқанда өнеркәсіп, тұрғын үй, инвестиция, көлік, байланыс, көлік салалары және өзіндік кірістер мен бюджеттің игерілуі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары қалыптасты. Инфляция деңгейі 106,5 пайызды, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп құрылымындағы 74,3 пайыз негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, мұндағы өсім 5,6 пайызды құрап отыр. Есепті кезеңде өңдеуші өнеркәсіптің негізгі капиталына инвестициялар 2,5 есеге, яғни 44,1 млрд теңгеге, өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттың көлемі 1,2 есеге, 99 млн долларға өсті. Бұдан басқа, саладағы өсімге кен өндіру өнеркәсібінің 4,5 пайызға, электрмен жабдықтау 5,9 пайызға, сумен жабдықтау 14,8 пайызға артты. Өңірлер бөлінісіне тоқталып өтсем, өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсімі барлық аудандармен қамтамасыз етіліп, ең жоғары қарқын Тараз қаласында байқалады», деді Т.Мамаев.
Ал ауыл шаруашылығы өнімі 0,2 пайызға, яғни 309,1 млрд теңгеге өскен. Сондай-ақ 132,6 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 6,2 пайызға артқан. Құрылыс жұмыстары құрылымындағы 92,9 пайыздың негізгі үлесі жекеменшік қаражат болса, қалған 7,0 пайызы шетелдік меншік қаражаты болып табылады. Есепті кезеңде мемлекеттік меншік қаражаты 73,9 пайызға төмендеген. Т.Мамаев барлық аудандарда өсім оң қалыптасқанын айтты. Сонымен қатар, есепті кезеңде 480,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан.
Жиында кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалар бойынша облыс әкімінің орынбасарлары Алмас Мәдиев, Рүстем Дәулет, Нұржан Нұржігітов, Дәулет Кәрібек баяндама жасады. Олар өңір бойынша өздері жетекшілік ететін салалардағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәселен, жыл басынан бері негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі тұрақты өсуде. Бұл биылғы 9 айда 11 пайызға артып, 266,9 млрд теңгені құраған. Ал есепті кезеңде сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға, яғни 461,6 млрд теңгеге артқан. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 249,3 млрд теңгеге өскен. Өңірлер бөлінісінде Қордай ауданынан басқа барлық аудандар өсімге қол жеткізген. Ең жоғарғы өсімнің Талас, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында байқалатыны айтылды. Сонымен қатар көлік қызметі 6,0 пайызға артып, 394,0 млрд теңгені құраған.
Бүгінде Тараз қаласы мен барлық аудандарда 9 айда көрсеткіштердің оң динамикасы байқалған. Дегенмен де өндеу өнеркәсібі – Мойынқұм ауданында, ауыл шаруашылығы – Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Талас аудандарында, инвестиция – Жамбыл, Меркі, Шу аудандарында және бөлшек сауда Қордай ауданында төмен деңгейде қалыптасып отыр. Енді биылғы жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 103,2 пайыз деңгейінде жоспарлануда. Болжамға сәйкес, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі – 104, ауыл шаруашылығы – 104,3, құрылыс – 109, сауда – 104,8 және көлік 101,3 пайыз деңгейде қалыптасады деп күтілуде. Сол сияқты, биылғы 1 қазанда облыс бюджетінің кірістері 334,1 млрд теңгеге немесе 104,0 пайызға орындалған. Меншікті кірістер 70,7 млрд теңгеге орындалып, 122,5 пайызға жетсе, 13,0 млрд теңге жоспардан артық түскен. Былтырғымен салыстырғанда өзіндік кірістердің өсімі 16,6 млрд теңгені құраған. Алайда жылдық жоспарды орындау бойынша салыстырмалы түрде Қордай ауданы – 71,8, Шу ауданы – 71,9 және Мойынқұм ауданы 72,7 пайызбен артта қалып келеді.
Жалпы, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 341,1 млрд теңгеге немесе 99,8 пайызға игерілген десек, 632,4 млн теңге әлі игерілмеген. Осы орайда, облыс әкімі Б.Сапарбаев бөлінген қаражатты игере алмай отырған тиісті басшыларға жылдың соңы таяп келе жатқанын, сондықтан да жұмыс істеу керектігін айтты. Мәселен, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Қордай аудандары қаражаттарды 100 пайызға игерген болса, Сарысу ауданы бойынша 99,8 пайызға, Байзақ, Меркі аудандары бойынша 99,7 пайызға, Талас ауданы бойынша 99,5 пайызға игеріліп отыр.
Облыс бойынша жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 50 492 адам немесе бекітілген жоспардың 100,5 пайызы қамтылған. Олардың ішінде 38 874 адамы жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 25 239 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 29 674 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 55,6 пайызы тұрақты. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға облыс бойынша биылға 574 адамды жұмысқа орналастыруға квота бекітілген. Бүгінге бекітілген квота аясында 559 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек есебінде 11 265 отбасындағы 56 724 адамға 2 578,1 млн теңге төленген. Былтырғы 9 аймен салыстырғанда АӘК алушылар саны 5 108 адамға азайған. Ал 1 жастан 6 жасқа дейінгі 14 732 бала кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіліп, оған 354,6 млн теңге жұмсалған. Есепті мерзімде 9,1 мың мүмкіндігі шектеулі жандар 17,5 мың техникалық оңалту құралдарымен және 6,4 мың мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту қызметтерімен қамтылып, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 966,7 млн теңге жұмсалған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы бүгінде 78,1 пайызды құрап отыр.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында облыстың 67 ауылдық елді мекенінде 119 жобаны іске асыруға 8,8 млрд теңге бағытталған. Ал оның ішінде еліміздің Ұлттық қоры есебінен 7,1 млрд теңге бөлінген болса, жергілікті бюджет 1,7 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар жыл соңына дейін 3 мектепке жапсарлас ғимарат, 2 дәрігерлік амбулатория, 3 мәдениет үйі, 8 спорт кешені сияқты 16 нысан пайдалануға берілсе, 4 су құбыры желілерін қайта жаңғырту, 7 мектептің қазандығын көгілдір отынға ауыстыру және 2 ауылішілік газ құбырларының құрылысы салынады. Бұған қоса, 20 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 146 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал биылға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 247 маман үшін 1 071,2 млн теңге бюджеттік несие қарастырылып, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша 231 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 004,1 млн теңге несие берілген. Жергілікті бюджет есебінен 515 маманға біржолғы көтерме жәрдемақысын төлеуге 150,9 млн теңге қарастырылып, есепті кезеңде 376 маманға 109,8 млн теңге көтерме жәрдемақы берілген.
Жиын соңында облыс әкімі Б.Сапарбаев барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларына көрсетілген кемшіліктерді жою үшін жұмыс істеу керектігін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасында көрсетілген міндеттерді орындау маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар аудан әкімдеріне халықпен және ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс атқаруды тапсырды. Өңірдегі барлық сала бойынша жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Жамбыл облысы